Күздің басында Талғарда болған атышулы қоғамдық резонанстық іске қатысты сұрау хатқа жауапты Ішкі істер минситрлігі қысқа қайырды. Баспасөз қызметі берген жауапқа қарағанда, кісі өліміне қатысты іске қосымша 7 іс ашылған. Ведомство аудан деңгейінде «қызметтік тергеу жүргізіп, нәтижесінде бірқатар қызметкер, басшыларды қоса алғанда, қатаң жауаптылыққа тартылды» дейді. Ресми ақпарат бойынша, күдіктілерге «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылған.

Редакция ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолданған алты сұрақтан тұратын сұрау хатқа толымды жауап ала алмады. Жоғарыда аталған ақпараттан өзгесі Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін жазған.

Қыркүйек айының алғашқы сенбісінде Алматы облысының Талғар ауданы Қызылқайрат ауылында болған кісі өлтіру, азаматтарды қарумен қорқыту, бала ұрлау қылмыстары полицияның салғырттығы туралы ақпарат қоғамдық резонанс тудырды. 30 жастағы Ернар Тұрғанбековтің қазасы мен бүлдіршіннің кепілге алынуы азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, қоғам мүддесіне қатысты өткір мәселелерді күн тәртібіне шығарды.

Трагедияның алғышарты мен салдарына куә, жәбірленушілердің өкілі адвокат Гаухар Сариева Талғар ауданындағы полиция саласына реформа қажеттігін көтерді. Жәбірленуші тарап күдіктіні күні бұрын полицейлердің қолына ұстап бергенімен, кейіннен «негізсіз босатуы» себепті аяғы ауыр оқиғаға әкеп соққанына наразы. Бұл көпшіліктің сынын тудырды.

Прокуратура осы оқиғадан кейін полицияға қатысты қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі (лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі) бойынша іс қозғағаны хабарланды.

Адвокат Гаухар Сариева Instagram желісіндегі парағында күдіктінің көлігі апатқа ұшырауынан жарақат алған екі жасар балаға шұғыл ота жасалып, тіліне 8 тігіс салынғанын айтқан.

Жәбірленушінің үйіне күдіктімен еріп барған екі азаматты полиция жауапқа тартып, үшеуі изоляторға қамағаны туралы ақпарат тарады. Бірақ министрлік бұл жөніндегі сұрақты жауапсыз қалдырды.

Былтыр күзде Талғар ауданында Шерзат Полаттың қазасы халықаралық көлемде қоғамның назарын аударған.

The Qazaq Times