Заңда бар да, амалда жоқ. Бұл рақымшылық заңы айналасында туындаған «айран ішкен құтылар, түбін жалаған тұтылар» мәтелін еске салатын қайшылығы күшті құқықтық саңылау немесе құлақсыз саңырау құбылыс. Мемлекет пен халық ақысын тонаған-жымқырғандар сот пен прокурордың рақымына қалай бөленді? Қоғамды толғандырған сұраққа биліктің үш бұтағындағы ақжағалылар (депутат, сот, прокурор) көзқарасы қалай? Атазаң құрметіне арналған атаулы амнистия заңға қарсы шешімдерге жол ашпай ма?..

Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық заңының шеңберінде биыл күзде Жомарт Ертаевтың ондаған миллиард теңге залалды өтеместен босатылуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ізін ала осыған жол берген заң практикасындағы қосстандарт фактілер күн тәртібіне шығып, ондағы прокуратура мен соттардың рөлі туралы өзекті мәселе көтерілді.

Прокурорлар мен судьялардың кейде заңдағы бірізділікті сақтамайтыны туралы БАҚ беттерінде айтылды-жазылды. Тіпті Парламент қабырғасында қозғалды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Абзал Құспан 24 қыркүйекте бір топ мәжілісменнің атынан бас прокурор Берік Асыловқа қарата жолдаған ресми депутаттық сауалында (тіркелген нөмірі №ДС-351) келтірілген мәліметтер, қоғам мүддесіне қатысты өткір сұрақтар құқық кеңістігінде үлкен резонанс туғызды. Амнистия аясында қалыптасқан сот практикасына қатысты сын арқалаған депутаттар сауалына бастамашы Құспан болғанымен, сұраушылар қатарында Амантай Жарқынбек және Шапақ Үнзила бар.

Мәжілістегі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі көтерген жүйелі мәселенің мән-жайын білмекке QT редакциясы депутаттық сауалмен жарыса Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа сұрау жөнелтті. Екі жоғары мекемеден де шикі әрі атүсті жауап алдық.

Бас прокуратура бір саусағын бүгіп қалғаны...

Прокуратура депутаттық сауал негізінде заңның қолданылу заңдылығын тексеріп жатқанын хабарлады.   Бас прокуратураның Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметі, яғни екінші қызметтің бастығы Мұрат Ахметов жауабында:

«Қазір қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері бойынша қылмыстық жазаларды орындау тәртібімен соттар рақымшылық жасау туралы 4 803 жадығатты қарады, оның ішінде – 4 014 қанағаттандырылды (574 адам босатылды және 3 440 адамға жаза мерзімі қысқартылды), 789 бас тартылды.

Сондай-ақ, соттар пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға рақымшылық жасау туралы 8 494 жадығатты қарап, оның 8 462 қанағаттандырды (2 645 адам босатылды, 5 817 адамға мерзімі қысқартылды) және 32 бас тартылды», – деді.

Дегенмен осы көрсеткіштердің өңірлік және қылмыс түрлері (сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, талан-тараж және т.б.) бөлінісі бойынша мәлімет беру жөніндегі сұрағымыз жауапсыз қалды.

Бас прокуратура құрамындағы дербес құрылымдық бөлімше бастығының сөзінше, заң қолданысына жатпайтын сотталғандарға рақымшылық жасауды қасақана заңсыз қолдану фактілері анықталмаған. «Прокурорлар Заңды дұрыс қолданбаған барлық фактілер бойынша апелляциялық сатыларға тиісті өтінішхаттар келтірді» дейді Мұрат Жамбылұлы.

ҚАЖК-ның және жергілікті прокурорлардың заңға қайшы, көрінеу заңсыз ұсыныстар берген-бермегені туралы фактілері жайында толымды ақпарат берілмеді.

Небәрі сегіз баптан тұратын «Рақымшылық жасау туралы» заңның бар болғаны үш бабында (3, 4, 5-баптар) ғана сот шешімін реттейтін нормалар қамтылған. Шағын ғана заңның өзінде құқық қолдану бірізділігі сақталмайтынына наразы депутаттар «бірқатар жағдайда прокурорлардың өздері заңды бұрмалауға араласуда» деп сынады.

«Кей жағдайларда прокурорлардың өздері де заңды бұрмалауға араласуда. Мәселен, Атырау қаласының прокуроры сотталған алаяқ келтірген залалды өтемегеніне қарамастан босатуды талап етіп, судья Ишахатованың заңды қаулысына наразылық білдірген», – деген депутаттарға қоса, редакцияның аталған мысалдағы прокурордың әрекетін орталық аппарат қалай бағалағаны туралы сұраққа жауап болмады.

Амнистия заңы жыл ақырына дейін күшінде екенін ескерсек, депутаттар «заңсыздықтарға тосқауыл қойылмаса, әлі талай сыбайлас жемқорлар мен алаяқтар бостандыққа шығуы мүмкін» деп алаңдайды.

Заңның арнайы және жалпы нормалары қайшылық сипатта орындалуы қадағалаушы органға сын. Заңсыз босатулардың алдын алу және мониторинг жүргізу үшін Бас прокуратура қандай қадағалау шарасын жүзеге асырары және ашықтық үшін қоғамға қалай есеп берері анық емес. Бұл сұрақтар да жауапсыз қалды.

Жоғарғы соттың шалажансар жауабы

Сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірмелер беруге міндетті Жоғарғы сот жауабы да толық емес, тым таяз. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы хатшылығының меңгерушісі Жансая Мырзабаевадан келген қысқа хат.

Қыркүйектің басында Ертаевтың атышулы ісін қарап, босатқан соттың әрекеті туралы «апелляциялық сот алқасы Ж.Ертаевқа қатысты материалды қарау барысында заңның өрескел бұзылғанын анықтамаған» деген. Демек жоғары сот органындағы басшылық аудан деңгейіндегі әріптесінің тұтас қоғамның сот билігіне күмәнін тудырған қате шешімінен айып көрмейді, тәртіпке тартқаны да белгісіз. Құқық қорғаушылар мұндай шешімнің астар-себебін зерттеп-тексеріп, қоғамға жария ету керектігін алға тартады.

Жоғарғы сот төрағасы, Судьялардың әдебін сақтау жөніндегі комиссияға немесе Жоғары сот кеңесі бұл жағдайға, Алатау сотының судьясының әрекетіне ешқандай баға бермеді.

«Заң бойынша мүлікті талан-таражға салу, сыбайлас жемқорлық және алаяқтық қылмыстарынан келтірілген залал толық өтелмейінше, рақымшылық қолданылмайды деген арнайы норманы түсіну үшін аса терең заңгерлік білімнің қажеті жоқ» деген Абзал Құспан кей «судьялар көрінеу заңсыз ұсыныстарды қанағаттандырған сот актілер» барын айтады. Көпшілік көкейінде ең маңызды шарт Ертаевты босатқан бірінші қаулыда қалай ескерілмеді деген сұрақ төрелік институтына селкеу түсірді. Осы тәрізді тасыр шешімдердің бірқатарына прокурорлар наразылық берген көрінеді. Заң күшіне енгелі осыған ұқсас неше сот қаулысы шығарылғаны, аудит жүрген-жүрмегені жөнінде Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевке жолданған сауал жауапсыз қайтты.

Рақымшылық заңын қолдануда жұмысты бір ізге салу үшін Жоғарғы сот және жалпы соттар қандай әдістемелік нұсқаулықтар, түсіндірмелер немесе реттеуші актілер әзірледі немесе әзірлеуді жоспарлап отырғаны белгісіз.

Жалпы контекст...

2025 жылғы 2 қыркүйекте Алматы облысы Алатау қаласы соты (144 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған) Жомарт Ертаевтың өтінішін қанағаттандырып, оған рақымшылық қолданып, босатқаны жаппай қарсылыққа ұшырады. Бірақ қоғам наразылығы мен депутат Құспанның қарсылығынан кейін, прокуратура өтініші негізінде қайта қамауға алынды. Алматы облыстық соты Алатау қалалық сотының қаулысында есеп қателігі болған деп ақтап, шешімнің күшін жойған.

1991 жылдан бері Қазақстан тарихында көбіне Тәуелсіздік және Конституцияның мерейтойына орайласып, барлығы 12 мәрте рақымшылық жарияланды. Нәтижесінде мыңдаған адам қамаудан мерзімінен бұрын босатылды. Олардың қайта әлеуметтеніп, қоғамға сіңгені немесе қайта қылмысқа барғаны туралы қоғамдық зерттеулер жоқ.

* Материал жарияланарда депутаттар сауалы жолданғанына күнтізбелік есеппен бір ай өтсе де Бас прокуратураның ресми жауабы Мәжіліс сайтына ілінбеді.

The Qazaq Times