Қазақстандағы тәуелсіз театрлар тарихында жаңа кезең басталғалы тұр. 2022 жылы «ŞAM» жеке театры қойған «№37» спектаклі толықметражды фильмге айналып, биыл 20 қарашадан бастап ел кинотеатрларында көрсетілмек. Театр сахнасында туған отбасылық драма енді кинозалға жол тартпақ.

Сюжеті де, актерлік құрамы да жаңа медиа табиғатына сай қайта түзілген. Бұл – Қазақстанда қойылымды толыққанды көркем фильм ретінде экранизациялау тәжірибесінің кезекті жарқын мысалы. Олай дейтініміз – бұған дейін қаламгер Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» хикаяты да 2023 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында тұсауын кесіп, биыл кинотеатр төрінде көрермен көзайымына айналған.

«№37»: сахнадан басталған драма

«№37» – әзербайжан драматургы Исмаил Иманның «Астара бақтары» пьесасы негізінде қойылған, тұтасымен бір отбасының трагедиясына құрылған драма.

Спектакльде Балқаш маңындағы шахтада жарылыстан кейін «қаза тапты» делінген Расул он бес жыл өткен соң үйіне оралады. Жарылыс кезінде сүйегі табылмаған Расул сол кезде «37-ші нөмірлі» белгімен жерленген, ал шын мәнінде құқық қорғау органдарынан қорқып, үйінен безіп кеткені кейін белгілі болады. Оның бұл таңдауы отбасын батпан қайғыға ораған-ды.

Жесір қалған Зейнеп әмеңгерлік жолымен қайын ағасы Әнуарға қосылған. Анасы күйзелістен арбаға таңылған. Әкесі мен бауыры «марқұмның» қайта келуін қуаныштан гөрі тосын қыспаққа балайды. Бала кезінде әкеден ерте қалған ұлы ер жетіп, танымай қалады.

Қойылымнан көрініс. Дереккөз: ŞAM театры

Қойылымнан көрініс. Дереккөз: ŞAM театры

Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқанымен, персонаждардың әрқайсысы өз сынағымен жеке әуре. Шынайы диалогтан гөрі, өз-өзімен сөйлесу басым: бір-бірін тыңдағысы келмейтін, бірақ ақиқатқа ұмтылатын туыстардың ішкі монологтары спектакльдің негізгі драматургиялық өзегін құрайды.

Отбасы, кінә мен кешірім, әйелдің таңдаусыз қалған тағдыры, билік пен азаматтың арасындағы сенім дағдарысы – осының бәрі кейіпкер сөзі кейпінде тура айтылмай, астар арқылы сезіледі. Қойылымның Қазақстандағы қанды Қаңтар оқиғасынан бірнеше айдан кейін қойылуы да көрерменді апат, жойқын жарылыс, билік пен қарапайым адамның қарым-қатынасына қатысты заманалық ассоциацияларға жетелегені белгілі.

Тәуелсіз «ŞAM» театры және жаңа қадам

«ŞAM» – 2022 жылы режиссер Фархат Молдағали мен актерлер Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит негізін қалаған тәуелсіз қазақ театры. Екі-үш жылдың ішінде ұжым Алматы мен өзге қалаларда мыңдаған көрерменнің жүрегін жаулап, «№37»-ні ел бойынша гастроль деңгейіне дейін жеткізді.

Сахна нұсқасында басты рөлдерді Еркебұлан Дайыров (Расул), Асан Мәжит (Әнуар), Зарина Кармен (Зейнеп), Сағызбай Қарабалин, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Алмат Құрақ, Лиза Серікова орындайды. Бір жарым сағаттай болатын қойылым формасы классикалық реалистік драмаға жақын: үй-іші, небәрі бірнеше локация, естияр көрерменге арналған.

Театрдың басты ерекшелігі – мемлекеттік репертуардан тыс, тәуелсіз шығармашылық ұжым ретінде өз мәзірін өз алдына дербес түзе алуы.

«№37» шетелдік драматургияны жергілікті, қазақы аурада әлеуметтік-көркем контекспен қабыстыру арқылы, қазақ көрерменіне таныс моральдық және тұрмыстық қысымдарды сахнаға шығаруымен де айырықшаланды. Жеке театрлар индустриясына жаңа леп, жарық үміт бергендей.

Фильмнен көрініс. Дереккөз: ŞAM театры

Фильмнен көрініс. Дереккөз: ŞAM театры

Киноға қадам: масштаб пен жақын пландар арасындағы тепе-теңдік

Фильм нұсқасының режиссері – Жандос Айбасов. Ол бұған дейін кино мен сериалда актер және каскадер ретінде танылған, ал «№37» – оның толықметражды дебюті. Фильмде спектакльдегі актерлік құрам сақталған: Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Зарина Кармен, Сағызбай Қарабалин, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Лиза Серікова және басқалар.

Кино нұсқасының логикасы сахналық минимализмнен өзгеше. Продюсерлік топ метро станциясын ретро эстетикаға бейімдеп, жиыны 150-дей кәсіби актер қатысқан аласапырасқан көріністерді түсірген. Иммитативті жарылыс сахнасын қойған, халықаралық каскадерлер командасының (Nomad Stunts) қатысқан, жұртшылық бейнеленетін сахналардың арқасында оқиға масшатабы қала фонына иландырады.

Режиссердің өз сөзімен айтқанда, театр тіліне сыймайтын, тек камераның ірі планында ғана ашылатын «үнсіз шындықты» көрсету – фильмнің басты мақсаты. Кино тілі отбасы ішіндегі психологиялық шиеленісті басқа ракурстан беруге мүмкіндік береді. Мысалы, сахнада монолог пен диалогқа сүйенген эмоционалдық қысым болса, кинода әр кейіпкердің жалғыз қалған сәттері, қараңғы дәліздер, тар пәтер, кадрдан тыс дыбыстар арқылы жалғыздық атмосферасы күшейе алады.

Десе де киноның өз қиындығы да бар. Ауқымды трюктар мен эффекті күшті жарылыстар тұрмыстық драманы екінші планға ығыстырып жіберу қаупін тудырады. «№37» фильмі үшін басты сын – отбасылық қақтығыстың камерлік шындығын сақтап қалу және көрерменге тартымды визуалдық көріністер арасындағы тепе-теңдікті табу болмақ.

Фильмнен көрініс. Дереккөз: ŞAM театры

Фильмдегі аласапыран көрініс. Дереккөз: ŞAM театры

Соңғы он жыл: сахнадан экранға өткен әлемдік құбылыстар

«№37»-нің киноға айналуы – жай оқиға емес, осы ғасырдағы бірінші ширектікті шиырлап жатқан онжылдықта әлемде айқын байқалған үрдістің қазақстандық жалғасы. Кейінгі жылдары көптеген танымал спектакльдер мен монодрамалар экранға шығып, жаңа аудиторияны баурап алып жатыр.

Британдық автор Фиби Уоллер-Бридждің «Fleabag» атты бір актілі шоуы 2013 жылы Эдинбург Fringe фестивалінде көрсетілгеннен кейін, 2016 жылы BBC үшін түсірілген телехикаяға айналды.

Сахнада бұл – бір адамның монологына негізделген, тікелей залмен «сырласу» формасындағы қойылым болса, экранда да сол құрылым сақталады. Бірақ телехикая форматы қосымша персонаждарды, қала кеңістігін, уақыттың созылмалығын енгізіп, сол бір монологты кең әлеуметтік-психологиялық панорамаға айналдырды.

«Fleabag»-тың табысы сахна мен экран арасында шекараның шартты екенін, авторлық интонация дұрыс сақталса, материал түрлі медиада өзінше өмір сүре алатынын көрсетті.

Тағы бір сәтті мысал – француз драматургы Флориан Зеллердің «Le Père» пьесасы негізінде түсірілген «The Father» (2020) фильмі сахналық камерлік драманы кинематографиялық экспериментке айналдырды.

Кинотуындының шығармашалық ұжымы. Дереккөз: ŞAM театры

Кинотуындының шығармашалық ұжымы. Дереккөз: ŞAM театры

Артхаус бағытындағы фильмде пәтер кеңістігі біртіндеп өзгеріп, кейіпкерлер бір-бірін алмастырып, көрермен назарын басты кейіпкер – деменцияға шалдыққан адамның субъективті көзқарасына аударады. Театрдағы уақыт пен кеңістіктің шарттылығы монтаж, кадр композициясы, дыбыс арқылы күрделеніп, драманың бастапқы психологиялық өзегін сақтай отырып, жаңа форма табады.

Америкалық драматург Август Уилсонның «Ma Rainey’s Black Bottom» пьесасы да 2020 жылы Netflix үшін түсірілген фильмде жаңа тыныс алды. Бір студиядағы ансамбльдік сахналар сақталып, актерлік ойынға басымдық берілгенімен, кино тілі тарихи контексті мен әлеуметтік шиеленісті күшейтіп көрсетеді.

Мұндай құнарлы мысалдар ХХ ғасырдағы қазақ киносында маржан үлгілер кездеседі. Классика саналатын «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» өз алдына бір төбе, көп бойлай алмас асу.

«№37» фильмі немен ерекше?

«№37» туындысының елеулі ерекшеліктері кино-сарапшыларының лебізіне бөленіп үлгерді. Тәуелсіз театрдың өз спектаклін толықметражды фильмге айналдырғаны және ұлттық киноиндустрияда сирек кездесетін тақырыпты арқау еткенін атап өтеді. Отандық киномотаграфияда өнеркәсіп апаты, мемлекеттік құрылыммен арадағы сенімсіздік, отбасылық моральдық қысым тоғысқан трагедия осызаманғы кино саласында тың тақырып. Тағы бір қыры, жоба техникалық жағынан да экспериментке барғаны: метро бекетін қайта құру, массовка, трюктік эпизодтар, халықаралық каскадерлік топпен жұмыс – отандық авторлық драма үшін үйреншікті деңгей емес-тін.

Ол – постсоветтік кеңістіктегі тәуелсіз театрдың өзінің ең танымал спектаклін ұлттық экранға шығарған талпынысы.

Театр сахнасында үш жыл бойы бірге ойнаған актерлік құрам фильмде де сақталып отыр. Бұл – сахналық химияны экранға көшіру үшін айтарлықтай артықшылық, бірақ кино тілі актерден басқа ырғақ, басқа психологиялық дәлдік талап етеді.

Көрермен үшін режиссерлік көзқарастың қалай ауысарын аңдауға іш тартып тамашалайтын туынды. Сахнада – Фархат Молдағали, экранда – Жандос Айбасов... Дирижерлері бөлек, құрамы бір оркестрдің әуезі көпке қызық. Қойылым режиссері емес, басқа автордың киноға бейімдеуі шығармаға жаңа өң берер. Интриганың бір иіні – ойлы көрерменде фильм мен қойылымды салыстыратын, осыған ынтызар ететін ерекшелік бар.

Фильмнің көрнекі постері. Фото дереккөзі: ŞAM театры

Фильмнің көрнекі постері. Фото дереккөзі: ŞAM театры

Өнертанушылар мен мәдениет сыншыларының пікірінше, қазір әлемде сахна мен экран арасындағы шекара барған сайын жіңішкеріп келеді.

«№37» – осы үдерістің қазақстандық жалғасы. Ол театр мен киноның бір-біріне қаншалықты серіктес бола алатынын, тәуелсіз сахна шығармашылығының экранға шыққанда сапа жағынан қалай өзгерерін көрсететін тест болмақ.

Көпшіліктің қызығушылығы жоғары, бірақ күтері де әркелкі. Біреулер сахнадағы әсерін қайталағысы келеді, біреулер фильмнен мүлдем басқа ракурс күтеді. Қай нұсқасы сәттірек екені жайлы пікірталас әлі алда. Ал әзірге «№37» – Қазақстан мәдени кеңістігінде сахна мен экран арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтерген жоба.

(!) Мақала ақысыз ақпараттық қолдау ретінде жарық көрді

The Qazaq Times