Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай соңғы күндері күрт өзгеріп, Иран әлемдік саясаттың басты назарындағы мемлекетке айналды. АҚШ пен Израильдің Тегеранға жасаған әуе соққылары кезінде Иранның рухани көсемі, жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің қаза тапқаны туралы ақпарат аймақтағы күш тепе-теңдігін күрт өзгертті. Қазір халықаралық сарапшыларды толғандырып отырған басты сұрақ – Хаменеиден кейін Иранды кім басқарады және бұл елдің саяси бағыты қалай өзгереді?
Бірқатар халықаралық ақпарат құралдары мен сарапшылардың мәліметіне қарағанда, Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болуы мүмкін тұлғалардың бірі – Хаменеидің ұлы, 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи. Кей деректерде бұл шешімге Ислам революциясы сақшылар корпусы ықпал еткен болуы мүмкін деген болжам айтылады. Сонымен бірге жоғарғы көшбасшыны таңдау мәселесіне ислам құқығы мамандарынан тұратын 88 мүшелі Сарапшылар кеңесі қатысқан деген ақпарат тарады. Алайда әзірге бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ.
Хаменеидің қазасынан кейін Иран билігі уақытша ұжымдық басқару жүйесіне көшкені байқалады. Қазіргі таңда елді президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің жетекшісі Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және конституция сақшылары кеңесінің мүшесі Әлиреза Арафи кіретін уақытша кеңес басқарып отыр. Бұған дейін жоғарғы көшбасшының міндетін уақытша атқару ықпалды шиит дінтанушысы Әлиреза Арафиге жүктелгені айтылған.
Саясаттанушылардың пікірінше, егер Мұжтаба Хаменеи шынымен билікке келсе, бұл Ирандағы саяси жүйенің түбегейлі өзгермейтінін көрсетеді. Керісінше, билік бұрынғыдай теократиялық құрылым шеңберінде сақталып, елдің саяси бағыты қатал консервативтік бағытта жалғасуы мүмкін. Кей сарапшылар мұны Ирандағы «династиялық сипаттағы» билік транзитінің басталуы деп бағалап отыр.
Алайда қазіргі жағдай тек билік мәселесімен шектелмейді. Иран төңірегіндегі әскери шиеленіс аймақтық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіріп отыр. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бастаған әскери операциясы әлі жалғасып жатыр. Вашингтон Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол берілмейтінін мәлімдесе, Иран билігі уран байыту бағдарламасы тек бейбіт мақсатта жүргізіліп жатқанын айтады. Дегенмен көптеген халықаралық сарапшылар уран байыту деңгейінің өсуі Иранға қысқа мерзім ішінде ядролық қару жасауға мүмкіндік беруі мүмкін екенін ескертеді.
Әскери қақтығыстың тағы бір қауіпті қыры – оның аймақтық сипат алуы. Иран АҚШ-тың Парсы шығанағындағы әскери базалары орналасқан елдерге қарсы зымыран және дрон шабуылдарын жасап жатыр деген ақпарат тарады. Кувейт, Қатар, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы сияқты елдердің аты аталып отыр. Егер бұл қақтығыс кеңейе түссе, Таяу Шығыс толыққанды аймақтық соғыс алаңына айналуы мүмкін деген қауіп бар.
Алдағы уақытта Ирандағы билік кімнің қолына өтетіні, әскери қақтығыстың қаншалықты кеңейетіні және халықаралық қауымдастықтың қандай қадамдарға баратыны бүкіл аймақтың тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан Иран төңірегіндегі жағдай тек аймақтық емес, жаһандық геосаяси мәселе ретінде қарастырылып отыр.


















Ирандағы соғыс өрті: геосаяси дағдарыстың жаңа кезеңі
Республикашылдар иммиграциялық операцияны сынға алды, бірақ Трампты ашық айыптаудан тартынды
Үкім өзгермеді. Мемлекеттік тілдің құны — төрт жыл түрме ме?
Ирандағы қантөгіс пен сыртқы қысым: Трамптың екіұшты сигналы
Конституция тағы өзгермек: реформа ма, әлде билікті қайта құрастыру ма?
АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс