Санаулы күннен кейін 2019 жыл халықаралық саясатта резонанс туғызған оқиғалар мен бұрылыс-бұралаңы көп жыл ретінде тарих қойнауына енбек. Биыл әлемнің кейбір аймақтарындағы шиеленістер шешім тапса, кейбір өңірдің қайшылығы ушығып, тұтас әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатерлерді де күшейте түсті. Саяси аренада жаңа тұлғалар мен көшбасшылар пайда болды. Ендігі кезекте осы жылды қорытындылай отырып, ескі жылда есте қалар оқиғаларды назарларыңызға ұсынамыз.

Биыл АҚШ саяси аренадағы тізгінді қолдан берген жоқ. Жыл басынан бері Ресей, Түркия, Венесуэлаға санкция енгізсе, Украинаға әскери-қаржылық көмек көрсетті. Келер жылы өтетін президенттік сайлауға үміткерлердің сайлауалды науқанға дайындығы қыза түсті. Дегенмен, жыл соңына қарай АҚШ Конгресі Өкілдер палатасы ел президенті Трампқа қарсы импичмент жариялауды жақтап, дауыс берді. Президентке екі бап бойынша айып тағылған: өз билігін асыра пайдалану және Конгреске кедергі келтіру. Трамптың импичменті Сенаттың үштен екі өкілі қолдағанда ғана жүзеге аспақ. Сенатта қазіргі кезде республикашылдардың үстемдік құрып отырғанын ескерсек, Ақ үй басшысына тағылған айыптың жүзеге асуы екіталай.

Демокартиялық құндылықтары жоғары мемлекеттердің көшін бастап тұрған Канадада 43-ші парламенттік сайлау өткізілді. Нәтижесінде, ел премьер-министрі Джастин Трюдо бастаған либералды партия парламенттік сайлауда жеңіске жетті, бірақ елдің заңнамалық органының төменгі палатасында яғни қауымдастықтар палатасында көп дауыс иеленген жоқ.

Германия биыл экономикалық қуатты, дипломатиялық қарым-қатынаста ынтымақтастық диалог орнатуға қауқарлы екендігін кезекті мәрте дәлелдеді. Ел үкіметінің 2022 жылға қарай атом электр станциясын (АЭС) жабу туралы мәлімдемесі шетелдік БАҚ-тарда жиі талқыға түсті. Қаңтардан бастап ең төменгі еңбекақы көлемі сағатына 9,19 еуроға жетсе, зейнетақы және отбасыларға бөлінетін айлық жәрдемақы 3,5%-ға артты. Соған қарамастан, Берлинде жаһандық жылынуға және миграциялық мәселелерге қарсы бірнеше акциялар ұйымдастырылды.

Ұлыбритания кезекті мәрте Еуроодақ құрамынан кету туралы шешімге нүкте қоя алмады. Британ Парламенті Қауымдар палатасының депутаттары Брюссель мен бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй үкіметі арасында қол жеткізілген Brexit шарттары туралы келісімнің жобасын үш рет кері қайтарды. Артынша Мэй үкіметі отставкаға кетіп, «антиресейлік бағыттағы саясаткер» Борис Джонсон үкімет басына келді. Еуроодақ пен Ұлыбритания арасындағы мәселе дауға айналғандықтан, 13 желтоқсанда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізілді. Енді жаңа премьер Джонсон 31 қаңтарда қалай да одақ құрамынан кетеміз деп уәде беріп отыр. Дегенмен, Солтүстік Ирландияның ЕО-ға қарасты бірыңғай кедендік аймағында қалуы Джонсон ұсынған Brexit бойынша жаңа жоспарға толығымен қайшы келетіндігін ескерсек, Біріккен Корольдік келер жылы да саяси мәселені реттеудің оңтайлы жолын табу қиынға соқпақ.

Соңғы жылдары Францияда халық наразылығы жиі орын алып келеді. Биыл ел президенті Эммануэль Макрон ұсынған зейнетақы реформасына қарсы соңғы он жылда болмаған жалпыұлттық ірі ереуіл орын алып, салдарынан бірнеше тұрғын жапа шекті. Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде респонденттердің 70%-ы президент шешіміне қарсы екендігін айтты. Негізінен Францияда ондаған зейнетақы бағдарламалары бар. Бұл бағдарламалар мемлекетке орасан шығын әкелетінін айтқан Макрон, бірыңғай зейнетақы реформасын ұсынып отыр.  Ал бұл ұсынысты халықтың қалай қабылдайтыны әзірге белгісіз.

Фото: ВВС

Италия коалициясы биыл саяси дағдарысқа ұшырады. Бюджет жобасының нақтыланбауы кезек күттірмейтін мәселеге айналса, билік партиялары арасындағы кикілжің-келіспеушілік ел экономикасын бір бүйірінен қысты. Осы мәселелер Италия парламентін қауқарсыздыққа алып келіп, соңында ұзақ жылға созылған саяси дағдарыстар мен экономикалық қиыншылықтарға ұшыратты. Салдарынан Еуроаймақтың үшінші үлкен экономикалық аймағы ауқымды саяси тұрақсыздыққа тап болды.

Саяси шешімдері арқылы сын астында қалған мемлекеттің бірі – Түркия. 9 қазанда Түркия Сүрияның солтүстігінде «Бейбітшілік қайнары» аталатын арнайы операция бастаған. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу. Түркияның бұл қадамын әлем елдері әртүрлі бағалап, плюрализм туындаған. Осы әрекеті үшін Уашингтон Анкараға санкция енгізсе, Мәскеу Түркияны қолдайтынын айтты. Ел президенті Ердоған Сүрияның солтүстігінде қауіпсіздік аймағын қалыптастыру үшін Түркияға халықаралық қолдау көрсетілмесе, миллиондаған босқындар үшін Еуропаға шекара айқара ашылатынын айтып, ескерту жасады.  Алайда, Еурокомиссия бекіткен жаңа бюджетті бекіту кезінде Еуропа елдерінің басшысылары Түркияға қолдау көрсету туралы жақ ашпады.

Украина үшін биылғы жыл жаңалыққа толы болды. Петр Порошенко биліктен кетіп, орнына жас саясаткер, актер Владимир Зеленский келді. Экс-президенттің үстінен 13 қылмыстық іс қозғалды. Екеуара дебат кезінде өз мықтылығын көрсеткен Зеленский сайлауалды уәделерінің бірі – үкіметті жаңартуды қолға алып, Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізді. Еуропа елдерімен, АҚШ-пен ынтымақтастық байланыс орнатып, НАТО-ға мүше болуға талпыныс жасады. Тағы бір атап өтер жайт, Зеленский Путинмен келіссөз жасауға мүдделі еместігін ашық айтып, шетелдік БАҚ назарын аударды.

«Ресейдің агрессорлық саясаты» бұл жолы да қайталанды. Жапониямен арадағы арал дауына қатысты қайшылықтар туындап, Ресей бұл мәселені талқылаудан бірнеше мәрте бойын аулақ ұстауға тырысып бақты. Кейіннен Токио Мәскеуге қарсылық нотасын жібергенмен, Ресей өз позициясынан тайған жоқ. Ұзақ жылдарға созылған дауға қашан нүкте қойылары әлі де белгісіз.

Ұлыбританиядағы ереуілдердің бірі. Фото: ВВС

Әлем көз тiккен Азия елдерінің саясат сахнасы да бiр тыншымады. 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00-де Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететіндігін жария етті. Тосыннан мұндай шешімнің қабылдануына сарапшылар әр түрлі пікірлер мен реакциялар білдірді. 9 маусымда сайлау өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланды. Дегенмен, Қазақстан саясатында билік транзитінің жүзеге асуы қиын екендігі және тұңғыш президент Назарбаевтың «өзі кетсе де, сөзі кеткен жоқ» деген пікірлер айтылып та, жазылып та жүр.

Өзбекстан биыл «The Economist» басылымы жыл сайын тағайындайтын «Жыл мемлекеті» номинациясында топ жарып, «тың реформалар арқылы үлкен серпіліс жасаған мемлекет» деп бағаланды. Бұл ретте 2016 жылы президенттік лауазымына кіріскен Шавкат Мирзиеевтің еңбегі елеулі дейді басылым. Ал көрші Қырғызстанда «экс-президентті ұстау» операция басталып, бірнеше мәрте сотқа барудан бас тартқан Алмазбек Атамбаев құқық қорғау органдарына өз еркімен берілді. Қазіргі уақытта Атамбаевқа жемқорлыққа жол берді, қызметін асыра пайдаланды сынды пункттер бойынша бес айып тағылған.

ТҮЙІН: Ереуілдер мен қайшылықтар жылы

Доңыз жылы әлем үшін ереуілдерге толы күйзелісті жыл ретінде есте қалмақ. Қазанда Испания, Ливан, Чили, Эквадорда ірі наразылық акциялары бірінен соң бірі ұйымдастырылды. Жазда Чехия, Алжир, Судан халқы билікке қарсы пикетке шықты. Қаңтарда Лондон, Париж, Берлин, Амстердам, Сидней және әлемнің өзге де 54 қаласында экоактивистердің наразылықтары өтті. Ал көктемде басталып бірнеше айға жалғасқан Гонконгтағы минтингтер әлем тарихындағы ең ірі ереуілдердің бірі ретінде тарихта қалып отыр.

Латын Америкасы елдері де биыл ереуілден көз ашқан жоқ. Чили үкіметі қоғамдық көлік пен метроға жол ақысы көтерілетіндігін жариялаған соң мыңдаған тұрғын Сантьяго көшелеріне шығып, билікке қарсы ұрандатты. Ал Венесуэла алтыншы жыл қатарынан экономикалық құлдырауды бастан кешіріп отыр. Шетелдік сарапшылардың есептуінде 1 миллион пайыздан астам ннфляциялық құлдырауға ұшыраған Венесуэла өткен жылы 1920 жылдардағы Веймар Республикасының және 2000 жылғы Зимбабве тарихындағы деградациямен сай келді.

Дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі халық толқуларының барлығы дерлік теңсіздік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және саяси еркіндікке ұмтылыс мақсатында орын алып отырғаны рас. Тарих парақтарын кері ақтарсақ, 2019 жылы әлем жұрты өткен 1968 жылды қайта бастан өткергендей. Дәл сол жылы да әр мемлекетте түрлі жағдайларға байланысты ірі ереуілдер өтті: Францияда студенттер буржуазиялық ой-пікірлер, ескі заңдар (истеблишментке) және билікке қарсы наразылық танытты. Капиталистік және демократиялық құндылықтарды алға тартқан Чехияда «Прага көктемі» орын алды. Тағысын тағы.

Қорыта айтқанда, биылғы жылы әлем бойынша шамадан тыс ұлтшылдық саяси трендке айналғандай. Мәселен, Үндістан билігі мұсылмандарға азаматтық беруден түбегейлі бас тартса, Қытай этникалық ұлттарды лагерьлерге қамады. Ал Америка жаһандық ұлттық институттарға қарсы шықты. Жаңа Зеландияда, Францияда мешітте мұсылмандарға мақсатты түрде шабуыл жасалды. Салдарынан ұлтараздық, діни қақтығыстар бұрынғыдан да өрши түсті. Жаһандық мәселелердің қатарында миграция мәселесі: босқындар санының артуы және халықтың өзге мемлекеттерге үдере көшуі де бар. Осының бәрі 2019 жылдың елеулі оқиғалары есебінде тарих уақыты қысқарған дәуірдің маңызды өзгерістері болып қалды.

 

"The Qazaq Times"