Қонаев, The Qazaq Times. Агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесіне қатысты ең даулы қылмыстық істердің бірі саналатын агро-сарапшы әрі азаматтық белсенді Алмасбек Садырбай және өзге де айыпталушылардың сот процесі жаңа процессуалдық қайшылықтарды ашып жатыр. 2024 жылғы 5 қарашадан бері қамауда отырған Садырбайға қатысты істі қарау барысында 10 шілде күні өткен сот отырысында Жетісу және Алматы облыстарының Ауыл шаруашылығы басқармалары өкілдерінен жауап алынды. Алайда олардың айғақтары тек нақты эпизодтарға ғана емес, субсидиялау тәртібінің құқықтық негізіне, тергеу амалдарының сапасына, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмыс алгоритміне және бақылау тетіктерінің тиімділігіне қатысты жаңа сұрақтардың туындауына себеп болды.

Алматы облысы Қонаев қалалық сот залында камераны өшіріп, аудиожазбаға тыйым салғанмен, шындықты жасыру мүмкін емес. «The Qazaq Times» тілшісі сот залындағы ең маңызды аргументтер мен айыпталушы тараптың уәждеріне егжей-тегжейлі талдау ұсынады.

Жайылым критерийі және шикі нормалар: Шенеуніктің шатасуы

Сот отырысы Жетісу облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Азамат Арнайдан жауап алумен жалғасты. Айыптау тарапы миллиардтаған айып тағып отырғанымен, мемлекеттік орган өкілінің жауаптары сот залындағыларды таңғалдырды.

Қорғаушы тарап пен Алмасбек Садырбай жәбірленуші өкілінен «Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің (АӨК/СПК) жайылымдық жері болуы керек пе, жоқ па?» деген қарапайым сұраққа нақты жауап ала алмады. Бұл мәселе төңірегінде мынадай маңызды жайттар айқындалды:

Шағымдардың жоқтығы: Адвокат Анардың сұрағына жауап берген Азамат Арнай облыстағы 14 СПК басшысының ешқайсысы Алмасбек Садырбайдың үстінен алған субсидиялары бойынша шағым түсірмегенін ресми түрде «Жоқ, ондай жағдайлар болған жоқ» деп растады

Айыптау актісінің дәлелсіздігі: Басқарма өкілі мемлекет бөлген субсидиялардың сотталушы Алмасбек Садырбайға немесе басқа тұлғаларға қолма-қол немесе басқалай заңсыз берілгені туралы фактіні нақты растай алмайтынын мәлімдеді.

Заңнамалық шикілік: Ереже бойынша, жеке қосалқы шаруашылықтан құрылған кооперативтерге жайылымдық жердің болуы туралы талап жүрмейді. Адвокаттар бұл критерий тек республикалық маңызы бар қалалардың аумағындағы тауар өндірушілерге ғана қатысты екенін алға тартты. Бірақ жәбірленуші тарап өкілі заң нормасын растаудан бас тартып, «Біз уәкілетті орган емеспіз, тек қағиданы қолданушымыз, бұрынғы заңдарды білмейміз» деп жауаптан қашты.

3,5 ай ғана күшінде болған ереже: Жәбірленуші өкілінің мерзімдерден шатасқаны сондай, ол жер телімінің болуы туралы талаптың қашан енгізіліп, қашан жойылғанын нақты айта алмады. Ол бұл талаптың (8-форма бойынша) 2022 жылғы 23 желтоқсандағы және 2023 жылғы 18 қыркүйектегі ережелердің редакциясында болғанын айтты. Алайда, дәл осы даулы тармақ ережеден 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүлдем алып тасталған. Яғни, қорғаушылар бұл ереженің тек 3,5 ай ғана (18 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін) күшінде болғанын баса айтып, тергеу орындары Садырбайға негізгі «қылмыс критерийі» ретінде таңып отырған жер мәселесі заңдық тұрғыдан өте шикі норма екенін көрсетті. Қорғаугы тарап басқарма өкілінің ережелер тарихын білмеуін және сұрақтардан қашуын кәсібиліктен тыс әрекет деп сынап, наразылық білдірді.

27-томдағы жұмбақ: Тергеуден жасырылған куәгерлер кімдер?

Сюжеттің ең басты интригасы қылмыстық істің 27-томы, 126-бетінде жатыр. Сотталушылардың бірі Алмас Берлібатыров бұл томда субсидиялық өтінімдерді тікелей мақұлдап, қол қойған Алматы облыстық Ауыл шаруашылы басқармасының бұрынғы қызметкерлерінің жауаптары бар екеніне назар аудартты.

Олар мына тұлғалар:

Төкенұлы Данияр – Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы.

Сыдықов Димаш – Мал шаруашылығы бөлімінің бұрынғы бастығы.

Қалдыбаев Дамир – Ветеринария бөлімінің бұрынғы маманы (өтінімдерді қабылдауға қатысқан).

Іс материалдарынан ақпарат: Төкенұлының тергеудегі сөзіне қарағанда, өтінімді қабылдаған жауапты мамандар құжаттардың толықтығын да, мәліметтердің шынайылығын да тексеруге міндетті болған. 2021-2022 жылдары «Субсидия ПЛЕМ» (Subsidiyaplem.kz) ақпараттық жүйесі арқылы Алматы облысының СПК-лардан барлығы 169 өтінім түсіп, оның 140-ы қабылданып орындалған, 24-і қабылданбай, 5-еуі кері қайтарылған.

МСОГ тергеушісі осы орындалған 140 өтінімдегі жер телімдерінің актілері мен мерзімдерін «жалған/фиктивті» деп бекіткен. Алайда шенеуніктер тергеуде уақыттың тығыздығынан және өтінімдердің тым көптігінен физикалық тұрғыдан бәрін егжей-тегжейлі тексеруге үлгермегендерін, өтінімдерді тез-тез өткізгендерін мойындаған. Қорғау тарабы тергеуші бұл куәгерлерді адастыру немесе қысым жасау арқылы жауап алғанын, ал іс материалдарында нақты тексеру механизмі көрсетілмегенін айтты.

Қорғау тарапының мәлімдеген маңызды өтінішхаттары:

Адвокат Анар бұл қызметкерлердің айғақтары айыптау тарапына «өте ыңғайсыз» болғандықтан, прокуратура оларды сотқа шақырылатын куәгерлер тізіміне қоспай, әдейі жасырып қалғанын мәлімдеді. Осыған байланысты қорғаушылар ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 372-бабына сүйеніп, мынадай ресми өтініштер түсірді:

Басқарма қызметкерлерін сотқа мәжбүрлі түрде алдыру: Төкенұлы, Сыдықов және Қалдыбаевты сот залына шақырып, тікелей жауап алу.

IT-әзірлеушіні шақырту: «Субсидия ПЛЕМ» сайтының бағдарламалық әзірлеушісін сотқа тарту. Бұл жүйенің ішкі алгоритмін, мамандардың өтінімдерді тексерудегі техникалық мүмкіндіктері мен жауапкершілік шегін нақты ажыратып алу үшін қажет.

Прокурор бұл өтініштерге қарсы шықты. Судья бұл өтінішхаттардың басын әзірге ашық қалдырып айыптау тарапының негізгі куәгерлерінен жауап алып болғаннан кейін ғана бұл мәселеге қайта оралатынын шешті.

Көліктегі онлайн жауап, 967 миллион теңге шығын және соттағы төтенше жағдай

Түстен кейінгі сот отырысында Алматы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Әмірғазы Әмірсаниннен жауап алу басты процессуалдық дауға ұласты. Айта кету керек, бұл қызметкер осыған дейінгі ең алғашқы отырыстарда да жауап беруге мүлдем дайын болмағандықтан, сот одан жауап алуды ең соңына қалдыруға мәжбүр болған еді.

Содан бері Әмірғазы Әмірсанин сотқа онлайн режимде қатысқан келе жатқан. Бүгінгі сот отырысына да өзінің жеке автокөлігінің ішінде отырып қатысып, бейберекет жауап бергені қорғаушы тараптың үлкен наразылығын тудырды. Адвокат Анар Құсайынова жәбірленуші тарап өкілінің сотты сыйламаушылық танытқан бұл әрекетіне қарсылық білдіріп, судьядан шенеунікке ресми ескерту жасауды талап етті.

Қорғаушы тараптың бұл наразылығы заңды әрі негізді. Себебі бұл қылмыстық іс бойынша айыпталып отырған кооперативтерге қатысты мемлекетке 967 миллион теңге көлемінде орасан зор материалдық шығын келтірілді деп бекітілген. Адвокаттардың уәжінше, мұндай ірі көлемдегі қаржылық шығын мен іске қатысы бар барлық кооперативтердің тағдыры көлік ішінде отырып емес, ресми құжаттық негізде, мұқият қаралуы тиіс еді. Қорғаушылар келесі отырыста басқарма өкілінің көлікте емес, кабинетінде, барлық қажетті ресми құжаттарды алдына қойып, толық дайындалып отыруын талап етті.

Дәл осы материалдық детальдар мен қаржылық шығындар туралы, қорғаушы тарап пен басқарма өкілі арасындағы сұрақ-жауап ең жоғарғы шиеленіс шегіне жеткен сәтте, сот залында төтенше жағдай орын алды. Айыпталушы Алмасбек Садырбайдың денсаулығы күрт нашарлауына байланысты судья сот отырысын шұғыл тоқтатып, үзіліс жариялауға және процесті кейінге шегеруге мәжбүр болды.

Өз қолдарымен шешім қабылдап, субсидия бөлген ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері сотқа келіп, өз әрекеттеріне ашық түсініктеме бере ме? Әлде айыптау тарапы бұл істі барынша жариялылықтан тыс өткізіп, қоғам назарынан тыс аяқтауға мүдделі ме?

Біз қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл істің шынайы мән-жайы мен оның астарында не тұрғаны алдағы сот отырыстарында тұрақты бақылап, оқырманға объективті ақпарат таратуды жалғастырамыз.

The Qazaq Times