АҚШ Конгресі Өкілдер палатасы ел президенті Трампқа қарсы импичмент жариялауды жақтап, дауыс берді. Президентке екі бап бойынша айып тағылған: өз билігін асыра пайдалану және Конгреске кедергі келтіру. Бұл туралы Politico басылымы хабарлады.
Демократтар импичмент жариялауды қолдаса, республикалықтар қарсылық танытты. Бірінші айып, яғни өз билігін асыра пайдаланды деген уәжге 230 өкіл қолдап дауыс берген. Қарсы болғандар саны – 197. Соның екеуі демократ.
Ал Конгреске кедергі келтірді деген айыпты 229 депутат қолдап шықты, қарсылардың саны 198. Қазір бұл іс Сенатқа жіберілді. Сарапшылардың айтуынша, іс сот процесіне де жетпейді. Себебі жоғарғы палатадағы республикалықтар Трамп импичментіне түбегейлі қарсылық танытып отыр.
Күні кеше Ақ үй басшысы ресми мәлімдемесінде: «Демократиялық партия бастаған импичмент билікте төңкеріс ұйымдастырудың айласы деп білемін. Осы амалдары үшін алдағы саяси дода кезінде жауапқа тартылатын болады. Бұл әділетсіздік 3 жылдан бері жалғасып келеді. Есесіне республикашылдардың ынтымақтастығы арта түсті дегім келеді», – деді. Оның айтуынша, Пелоси америкалық демократияға соғыс жариялап, ел конституциясына нұқсан келтіріп отыр. Сонымен қатар 2020 жылы өтетін президенттік сайлауда жеңіске жетудің амалын ойластыруда.
Трамптың импичменті Сенаттың үштен екі өкілі қолдағанда ғана жүзеге аспақ. Бірақ, АҚШ тарихында бірде бір президент қызметінен қуылып көрген жоқ. 230 жыл ішінде тек екі президентке ғана импичмент жарияланған, бірақ олар айып астында өз қызметтерін жалғастырған. Кейбір сарапшылар осыларды алға тарта отырып, сондай-ақ, АҚШ Сенатында қазіргі кезде Республикашылдардың үстемдік құрып отырғанын ескере отырып, Трамптың қызметтен қуылуы мүмкін емес деген болжам айтады.
Бүгінге дейін АҚШ-та Эндрю Джонсон және Билл Клинтон импичмент процесіне ұшыраған. Екі президенттің лауазымын шектеу сенаттағы талқылаулардың қорытындысы бойынша ақталған. Ал Америка тарихында «сұсты адам» атанған Ричард Никсон Уотергейт жанжалына байланысты импичмент арқылы отставкаға кеткен болатын.