The Economist басылымы жыл сайын тағайындайтын «Жыл мемлекеті» номинациясында Өзбекстан топ жарып, «тың реформалар арқылы үлкен серпіліс жасаған мемлекет» деп бағаланды. Бұл ретте 2016 жылы президенттік лауазымына кіріскен Шавкат Мирзиеевтің еңбегі елеулі дейді басылым.
Номинация авторларының мәлімдемесінде: «Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев былтырдан бастап жеделдетілген реформалар жүргізе бастады. Күштеп жұмыс істеуге нүкте қойды», – делінген.
Өзбекстандағы басты жетістіктер қатарында «Жаслык» жазаларды өтеу жөніндегі мамандандырылған колонияның жойылуы, елге шетелдік журналистердің баруына рұқсат етілуі және парақорлықтың азаюы бар. Сонымен қатар, Өзбекстанның өзге елдерден оқ бойы озық болуына шетелдік туристердің көптеп ағылуы және экономиканы дамыту үшін іске қосылған бағдарламалары ықпал еткен.
The Economist редакциясының пікірінше, Өзбекстан әлі де талай еңбек етуі тиіс. Бірақ бірде-бір мемлекет өзбек билігі сынды 2019 жылы айтарлықтай нәтиже мен оң өзгерістерге қол жеткізбеген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша басылым рейтингінде «Жыл мемлекеті» атанған елдер қатарында Жаңа Зеландия, Солтүстік Македония және Судан болды.
Шетелдік сарапшылар 2016 жылы Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін, билік басына келген Шавкат Мирзиеев елде бірқатар елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Президент әлеуметтік саладағы жобаларды дамытуға және ел экономикасын жандандыруға баса назар аударып отыр. Осы ретте жеке секторды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және жекешелендіруді жандандыруға бағытталған шаралар қабылданған. Сонымен қатар, инновациялық жаңалық ашып, заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінбек.
2018 жылы Азия журналистер ассоциациясының тұжырымымен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев «Үздік саясаткер» номинациясында «Жыл адамы» атағын жеңіп алған болатын. «Жыл адамын» таңдауға қатысқан адамдардың басым көпшілігі Мирзиеевты «Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасын жақсарту арқылы бейбітшілік пен тұрақтылыққа теңдесі жоқ үлес қосуда» деп баға берді.