Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде кездесті. Қос тарап Курил аралдарына қатысты мәселені талқылаған.
Жапондық «Asahi Shimbun» басылымының жазуынша, шара басталмас бұрын Мәскеудегі Жапония елшілігі алдында ондаған адам ереуілге шыққан. Полиция наразылықтарын білдірген 11 адамды қамауға алды. Сол себепті екі басшының келесі кездесуі ақпан айына қайта жоспарланды. Ал екі ел арасындағы «арал дауы» тағы да жалғасын тапты.
Дау хронологиясы
Негізінен Жапония «үлкен жетілік» елдерінің ішінде Қырым аннексиясынан кейін Путинмен кездесу ұйымдастырған екінші мемлекет. Соған қарамастан, Жапония мен Ресей арасындағы ынтымақтастық келісімге 70 жылдан бері қол қойылмай келеді. Яғни екі ел Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін арнайы келісімшарт жасасқан жоқ.
Жапония және Ресей 1855 жылдың 7 ақпанында Итуруп және Уруп аралдарының арасындағы шекараны анықтайтын бірінші орыс-жапон келісімшартына (Симод трактаты) қол қойды. Сол уақыттан бастап Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аталған шартқа сәйкес Жапонияға тиесілі. Бұл күн Жапонияда «Солтүстік аумақтар күні» ретінде атап өтіледі.
Ресей 1875 жылы барлық Курил аралдарын Сахалин аралының жапон бөлігімен айырбастау үшін Жапонияға берген. Бірақ, 1905 жылы орын алған орыс-жапон соғысынан кейін Ресей жеңіліс тауып, Оңтүстік Сахалинді Жапонияға тиесілі деп санайтын «Портсмут» бейбіт келісімшарты жасалды.
1945 жылы Кеңес Одағы Ялта келісімі бойынша Ұлыбритания, АҚШ-пен байланыса отырып, Жапониямен соғыс жүргізді. Сол кезде КСРО Оңтүстік Сахалин мен Курил аралдарының Кеңес бақылауына беру туралы шарт қойды. Осылайша, Кеңес Одағы Жапония капитуляциясынан кейін барлық Сахалин мен Курил архипелагын өз құрамына қосты.
Алайда, КСРО 1951 жылы Сан-Францискода Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мемлекеттер енгізген бейбіт шартқа қол қоюдан бас тартты. Себебі, шартта Курил мен Сахалиннің Ресейге тиесілілігін бекітетін ережелер айқындалмаған.
Араға бес жыл салып, 1956 жылы қос ел бейбітшілік декларациясын қабылдады. Соған сәйкес Мәскеу бейбіт келісімшарт жасасқаннан кейін Хабомаи және Шикотанды Жапонияға беру мүмкіндігін қарастыруға келісті. Құжатта Кунашир мен Итуруттың «тағдыры» қозғалмаған. Сонымен қатар, келісім бойынша КСРО бейбітшілік орнағаннан соң екі аралды Жапонияға қайтарып беру мәселесін қарастыруы тиіс еді. Бірақ, КСРО Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша бүкіл Курил архипелагын өз құрамына қосты.
Екі ел басшысы осы мәселеге қатысты 2012 жылдан бері бірнеше рет кездесу ұйымдастырған. Бірақ, кездесулердің ешқайсысы оң нәтиже берген жоқ.
Жапония тарапы не дейді?
Токио тарапы аталған аралдар 1855 жылғы сауда және шекаралар туралы орыс-жапон трактатының негізінде Хоккайдо префектурасына жатқызылуы тиіс деп есептейді. Жапония Ялтада қол қойылған декларацияның заңды күші жоқ, ал соғыс нәтижесінде аумақтық сатып алулар бейбіт келісімді бекітуі тиіс екендігін айтты.
Курил архипелагы КСРО құрамына енгізілгеннен кейін, аралдардағы жапон халқы депортацияланды. Токио жер аударылған тұрғындар меншігінен айырылып, балық кәсіпшілігімен айналысу мүмкіндігін жоғалтты. Жапонияда 6 мыңға жуық бұрынғы арал тұрғындары мен олардың тікелей мұрагерлері бар. Демек, олар теориялық тұрғыдан жоғалған мүлік үшін өтемақы алуға құқылы. Жапондық «Емиури» басылымы жазғандай, ел үкіметі Ресеймен өзара өтемақы талаптары туралы шешімнен бас тартуға ниетті. Бұл жағдайда жапон билігі өз азаматтарына өтемақы төлеуі тиіс.
Жапонияда аралдар деп аталатын «солтүстік аумақтардың қайтарылуы» – ұлттық идея болып саналады. Осы мәселеге қатысты кей сарапшылар: «Егер жапон қоғамы Ресеймен аумақтық межелеу туралы мәселе бойынша консенсусқа қол жеткізсе, онда Жапонияның бақылауына барлық Оңтүстік Курил аралдары өтуі тиіс», – дейді.
Ресейдің ұстанымы қандай?
Аталған мәселеге қатысты Мәскеу тарапы Курил аралдары заңды түрде Кеңес Одағына тиесілі деп санайды. 2016 жылы мамырда жергілікті БАҚ жүргізген сауалнамада Жапонияға аралдарды беруді құптайтын ресейліктер саны 7% ғана болған. Ал 2018 жылдың қарашасында қолдаушылардың саны 17%-ға дейін өскен.
Оңтүстік Курил аралдарына тиесілі мәселе Ресей-Жапон қатынастарын толық реттеуге және екі ел арасындағы бейбіт келісімге қол қоюға кедергі болып отыр.
2018 жылдың қыркүйегінде Ресей президенті Владимир Путин осы жылдың соңына дейін қандай да бір алдын-ала шарттарсыз Жапониямен бейбіт келісімшарт жасауды ұсынған. Путин мәлімдемеде: «Енді осы бейбіт келісімшарт негізінде дипломатиялық тұрғыда дос есебінде барлық даулы мәселелерді шешуді жалғастырамыз», – деді. Ал қарашада Сингапурдегі Шығыс Азия саммитінде Владимир Путин мен Синдзо Абэ бірлескен 1956 жылғы декларация негізінде ондаған жылдар бойы табысты жүріп келе жатқан келіссөздер процесін жеделдетуге келісті. Бірақ, Ресей өз экономикасы мен шаруашылығы үшін үлкен үлес қосып отырған Курил аралдарынан айырылып қалғысы келмейтінін сезген Токио бірнеше бейбіт шартқа қол қоюдан бас тартқан.
Табиғи ресурс – экономикалық пайда
Аралдар – теңіздегі құрлықтың фрагменттері ғана емес. Олар теңіз акваториясындағы жағдайды да өзгертеді: кеме қатынасына, балық кәсібіне және басқа да табиғи ресурстарды өндіруге ықпал етеді. Жапон СІМ сайтында айтылғандай, аралдар аумағындағы Куросио мен Оясио ағысы балық аулау мен теңіз шаруашылығы кәсібіне ерекше жағдай жасайды. Сайтта: «бұл аудандар көптеген жылдар бойы әлемдегі ең ірі балық аулайтын үш ауданның бірі болып саналды» – делінген. Кіші Курил шоқысы мен Кунашир аралы арасындағы аудандар балық ресурстарын дамыту үшін ерекше қолайлы гидробиологиялық жағдайларға ие. Оңтүстік Курил аралдары негізінен балық аулау және балық өңдеуге қолайлы. Мәселен, 2015 жылы Оңтүстік Курил аралдарының аумағында балық және консервіленген балық өнімдерін өндіру ресейлік өндірістің 1%-ын құраған. Балық аулаудан басқа, Курил аралдары пайдалы қазбаларға бай. Мәліметтер бойынша, аралдарда, атап айтқанда, Итурупта титан-магнетит, мұнай мен газ қоры бар. Курил аралдары акваториясының жалпы ауданы 200 миль (370,4 км) экономикалық аймақты есепке алғанда 296 мың шаршы шақырымды құрайды. Демек, аталған аралдар Ресей экономикасы үшін көп көлемде пайда әкеліп отыр. Жергілікті тұрғындардың өзі Курил аралдары Жапония иелігіне қайтарылса, Ресейді шельфте мұнай мен газ шоғырын игеру мүмкіндігінен және балық шаруашылығы кәсібінен айырылады дейді.
ТҮЙІН: Стратегиялық ереже
Абэ мен Путин Курил аралдарына қатысты дауды шешу үшін осымен 25-ші рет жүздесіп отыр. Алайда, осы жолы да бір мәмілеге келе алмай, бейбіт келісімге қол қойылмады. Жапония оңтүстікте орналасқан төрт аралды өзіне тиесілі деп санайды. Ал Ресей Кеңес Одағы бұл аумақты екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапонияның ахуалынан кейін заңды түрде алды деп есептейді. Егер Ресей Курил аралдарын бақылаудан айырылса, біріншіден, кемелердің Тынық мұхитына шығу мүмкіндігінен, екіншіден, шетелдік кемелердің Охот теңізіне кіруін бақылау мүмкіндігінен де айырылады. Ақыр соңында, тарихи аралдардың өз жеріне қайтарылуы жапондар үшін американдық әскери жасақпен байланысуға үлкен мүмкіндік ашады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жапондар аралдарда бекіністердің, аэродромдардың және әскери-теңіз базаларының қуатты жүйесін орналастырды. Қазіргі уақытта Курил аралдарында 18-ші пулемет-артиллериялық дивизия (Ресей армиясындағы жалғыз ұқсас құрам) бар. Сонымен қатар, аралдарда «Бал», «Бастион» жағалаулық зымыран кешендері және «Бук» зениттік кешендері орналасқан. 2017 жылдың 19 желтоқсанында Жапония ел аумағында екі американдық «Aegis Ashor» ракетаға қарсы қорғаныс кешенін орналастыратынын жариялады. Егер болашақта Америка мен Жапония әскери байланысты нығайтса, ресейлік құрлықаралық зымырандарды ұстап алуға қабілетті және анағұрлым жетілдірілген ракеталарды орналастырады.
Былтыр қарашада Сингапурдегі Шығыс Азия саммитінде Курил аралдары мәселесін талқылаған болатын. Синдзо Абэнің Ресей президентіне аталған аралдарда америкалық базаларды орналастырмауға уәде бергенін жазды. Демек, Мәскеу шарт бойынша келісім жүргізбесе, Жапония аралдардың бір бөлігін алып қана қоймай, АҚШ-пен қауіпсіздік туралы шартқа өзгеріс енгізе алады.
Ресейдегі Курил аралдарына қатынасты анықтайтын тағы бір басты факторлардың бірі – олардың стратегиялық жағдайы. Курил аралдары Ресей Қиыр шығысының оңтүстік жағалауы арқылы Охот теңізін бөледі.
Сонымен, Жапония мен Ресей арасындағы «арал дауы» әлі күнге дейін оң шешімін тапқан жоқ. Кеңес Одағы кезінде «алтын балыққа» оңтайлы жолмен қол жеткізген Ресей тарапы енді одан айырылып қалғысы келмейді. Украина Керштегі жағдайды «аумақтық еркіндікті қорлау» дегеніне мән бермеген Мәскеу бұл жолы «Курил аралдарын Жапонияға қайтарып беру – Ресейдің аумақтық тұтастығына қол салу» деп мәлімдеді. Парадокс. Жергілікті халық та осындай ұранмен ереуілдер ұйымдастырды. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ «жаңа тәсіл» қолдану арқылы Итуруп, Кунашир және Шикотан аралдарын, сондай-ақ кіші Курилдегі Хабомаи шағын аралдарын қайтарып алатынын айтты. Алайда, қос тараптың бұл дауға қашан нүкте қоятыны әлі күнге дейін беймәлім.