Күні кеше Біріккен Королдікте мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтіп, exit poll бағалауымен басқарушы билікке қарасты Консерваторлық партия жеңіске жетті. Енді премьер-министр Борис Джонсон ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған Brexit мәселесіне нүкте қоймақ.
The Guardian басылымының мәліметінше, Британия 31 қаңтарда Еуроодақ құрамынан кетуге дайын. Сайлаудан кейін Борис Джонсон: «Үкімет қуаты күшті жаңа мандатқа ие болды. Енді брекситті еркін түрде жүзеге асыра алатын боламыз. Елді біріктіріп, британиялық халықтың мүддесі үшін жұмыс істейміз. Ең бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесін дамытамыз», — деп білек сыбанып отыр.
Ал екінші орынға тұрақтаған Лейбористер партиясының басшысы Джереми Корбин: «Алдағы уақытта өтетін жалпы сайлау компанияларында партияға басшылық етпейтіндігімді ашып айтқым келеді. Бүгінгі нәтижелерді ұғынуға және одан қорытынды шығаруға партияластарыммен бірге әрекет ететін боламын», — дейді.
Бұл тұста тағы бір мәселені айта кету керек. Солтүстік Ирландияның ЕО-ға қарасты бірыңғай кедендік аймағында қалуы Джонсон ұсынған Brexit бойынша жаңа жоспарға толығымен қайшы келеді. Британдық премьердің ұсынысы «бэкстоп» режиміне балама саналады. Яғни аталған жоспар ЕО мен бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй Үкіметі арасында қол жеткізілген келісімнің бөлігі саналады. Бірккен Корольдіктің премьері Борис Джонсонның ұсынысына сәйкес, Солтүстік Ирландия өтпелі кезең өткеннен кейін Кеден Одағы құрамынан біржолата шығады және осы аумақтағы тауарлардың барлық санатына жаңадан кедендік режим енгізілетін болады.
Ұлыбритания ЕО-дан биыл 29 наурызда, яғни қауымдастықтан шығу туралы жазбаша хабарлама берілгеннен кейін екі жыл өткен соң кетуі керек еді. Алайда британ Парламенті Қауымдар палатасының депутаттары Брюссель мен бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй үкіметі арасында қол жеткізілген Brexit шарттары туралы келісімнің жобасын үш рет кері қайтарған. Нәтижесінде Еуропалық одақ Brexit-ті алдымен сәуір немесе мамырға, содан кейін 31 қазанға бекітуге келісті. Бұл қадам да сәтсіз аяқталып, мемлекеттің одақтан шығатын мерзімі 31 қаңтарға шегерілді.