Осы аптада Украина президентінің тапсырмасымен Жоғарғы рада Конституцияға өзгерістер енгізу туралы шешімді мақұлдады. Парламенттің 373 мүшесі қолдап дауыс берген сегіз өзгерістің бірі – депутатқа тиіспеушілік құқығын шектеу.
Владимир Зеленскийдің Конституцияға қарасты жаңа заң жобаларын ұсынуы – президент пен Жоғарғы рада депутаттары арасында қызу дискуссияға ұласты. Әсіресе, талқылау барысында регламент бұзылды деп «сыныққа сылтау» іздеген ресейшіл бағыттағы «Оппозициялық партия – өмір үшін» партиясының депутаттары жаңа өзгерістерді мақұлдаудан бас тартты. Осыған қатысты Зеленский: «Украина депутаттары бүгінгі күнге дейін ғажайып жаңалық енгізді: олар саясатта күшін жоймайтындай «құрылғы» ойлап тапты. Оның қызметі өте оңай: алдымен, кандидаттар халық алдында уәдесін үйіп-төгеді, жобасын таныстырады, бірақ кейіннен уәде орындалмайды. Мұнымен қоса, олар тиіспеушілік құқығын иеленеді. Халық ұмытқаннан кейін, қайтадан сайлауға түседі. Енді бұл құрылғыны тарих қоқыстарының қатарына қосар кез келді», – деп мәлімдеді.
Сонымен, Украина Жоғарғы радасы мақұлдаған өзгерістер бойынша, біріншіден, Конституцияда жазылған «парламент депутатын тұтқындауға немесе Раданың келісімінсіз қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды» деген мәтін маңызын жойды;
Екіншіден, «саннан сапаға» ұсынысына сәйкес, рада депутаттарының саны 450-ден 300-ге азайды. Сонымен қатар, әр депутат мемлекеттік тілді жетік меңгеруге міндетті;
Үшіншіден, Парламентке қоғам өмірінің түрлі салаларында заңдар мен Конституцияның сақталуын қадағалайтын уәкілдерді тағайындау құқығы берілді;
Төртіншіден, рада шенділері талаптарды бұзып, қызметіне селқос қараған жағдайда, депутаттық мандатынан айырылады;
Бесіншіден, билік жүргізу кезінде халықтың рөлін бір сатыға жоғарылату. Зеленский бұл жөнінде: «Халықтың мемлекет саясатына араласуы, айтарлықтай дәрежеге ие болуы, пікіріне құлақ асу – менің сайлауалды жобамның негізгі кілті болатын. Мұндай өзгерістер демократиясы мығым батыстық елдерге тән. Түптің түбінде, дәл осы халық Конституцияның негізгі қайнар көзі саналады», – деді.
Алтыншыдан, президент тәуелсіз, еркін ұйымдар құрып, Ұлттық антикоррупция және Мемлекеттік зерттеу бюросының басшысын сайлау, отставкаға жіберу құқығына ие болды;
Жетіншіден, Конституция халық депутатына дауыс беру нәтижесі немесе Жоғарғы рада мен оның органдарында айтқан сөзі үшін заң алдында жауапқа тартылмайтындығына (ар-намысқа тию немесе жала жабуды қоспағанда) кепіл береді;
Сегізіншіден, Жоғарғы радаға жеке кеңесшілік органдарын құруға мүмкіндік берілді.
Сөз соңында, Украинаның демократиялы, батыстық дамыған үлгідегі мемлекет екенін тілге тиек еткен Владимир Зеленский жоғарыда аталған өзгерістердің халық, мемлекет үшін маңызына тоқталды.