2017 жылдың желтоқсан айында міндетті медициналық сақтандыру қорына аударылған қаражат көлемі 7,4 млрд теңгені құрады. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды LS. 

Хабарланғандай, 2017 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсан аралығында жұмысшылар мен жеке кәсіпкерлерден аударылған аударымдар мен жарналар көлемі 32,1 млрд теңге болған.

"Аударымдардың 26,4 млрд теңгесі (82,2%) жұмыс берушілердікі, 5,7 миллиарды (17,8%) азаматтық-құқықтық келісім бойынша жұмыс істеп жатқан жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердікі", - деп түсіндірген баспасөз қызметі.

Ал өңірлерге келер болсақ, аударымдардың көп мөлшері Алматы және Астанадан, сондай-ақ, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарынан болған.

Ведомствоның мәліметінше, 2017 жылдың есебі бойынша жиналған қаражат көлемі қордың болжамынан (30 млрд теңге көлемінде жиналады деп болжанған) көп болған.

Айта кетейік, 2017 жылдың 4 қыркүйегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктерге назар аударып, аталған жүйені енгізуге асықпау керегі туралы айтқан. Шын мәнінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап сақтандыру қорына ақша аудару басталып кеткен. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы сақтандыру қорындағы қаражат арқылы медициналық қызмет көрсету басталу керек еді. Алайда енді бұл қызметті пайдалану да мүмкін болмайтын сияқты.

“The Qazaq Times”