Киевтегі «Олимпийский» стадионында Украинадағы президенттік сайлаудың екінші турына қатысушылар – мемлекет басшысы Петр Порошенко мен актер Владимир Зеленский арасында дебат өтті.
Президенттікке кандидаттар арасындағы соңғы дебат 2004 жылы өткен. Сол кезде телестудияда Виктор Янукович пен Виктор Ющенко кездесті. Дегенмен, Петр Порошенко мен Владимир Зеленский арасындағы дебат бұрынғыдан өзгерек: билеттер екі сағатта сатылды және стадионға 22 мыңға жуық адам келген.
Стадион екіге бөлінді: жасыл сахнада Зеленскийді жақтаушылар, ал қарама-қарсы топ Порошенконы қолдаушылар. Әр сахнаның алдында «жанкүйерлік орын» ұйымдастырылған. Дегенмен, Порошенко кенеттен пікірталас басталар уақытта өз қолдау тобымен бірге Зеленский тұрған сахнаға бет алды. Осылайша кандидаттар сайлау алдындағы науқан кезінде бірінші рет қол алысты.
Владимир Зеленский өз сөзінде «президент олигарх емес, халықтан шыққан және 21 ғасырға сай жаңаша ойлай алатын адам» болуы тиіс деп атап өтті. Сондай-ақ, ол: «Мен қазір туған ұлы майданнан қайтпаған әр ананың алдында тізерлеп тұруға дайынмын. Мен қазір әкесін майданнан күткен әр баланың алдында тізерлеп тұруға дайынмын. Мен күйеуін сарғая күткен әр әйелдің алдында тізерлеп тұруға дайынмын және сізге де осындай ұсыныс білдіремін», – деді. Осы сөздерден кейін екі кандидат та халық алдында тағзым етті. Бұл тағзым – Украина шығысы Донбаста қаза болған азаматтардың рухына арналды.
Бір қызығы, Петр Порошенко Донбаста қаза тапқан сарбаздың жесір әйеліне қарама-қарсы тізерлей, қолынан алды.
Владимир Зеленский 2014 жылы Порошенко үшін дауыс бергенін, бірақ бұл қадамның қате екендігін айтты: «Біз сіз үшін дауыс бердік. Алайда, Порошенконың екі бейнесі бар еді. Біз қолдаған Порошенко «Путин, мен саған көрсетемін. Ресей – агрессор» – деді. Ал екінші бейнеңіз жасырын түрде Медведчук мырза арқылы Мәскеуге сәлемдеме жіберіп отырды. Мен сіздің қателіктер мен уәделеріңіздің нәтижесімін. Бұл шындық және сіз мұны жақсы түсінесіз.
Сіз 1998 жылдан бастап депутат немесе шенеунік болдыңыз, бірақ осы уақыт ішінде қалай олигархқа айналдыңыз? Иә, Порошенконың жетістіктері көп (ЕО-мен визасыз режим, Автокефалия туралы Томос, украин тілін жоғары деңгейге көтеру, НАТО-мен ортақ армия құру), бірақ сіз осы қадамға өзіңіздің атағыңыз үшін бардыңыз.
Неге мемлекетіміз кедей, ал оның басшысы асқан бай адам? Roshen магазині өртенгенде, оған қатысы бар қылмыскерлер төрт-ақ сағатта ұсталды. Ал әскери қоймадағы жарылыс және журналист Шереметтің өліміне жауапты адам әлі анықталған жоқ. Бес жыл өтсе де, Майдандағы кісі өліміне қатысты қылмыскерлер жауапқа тартылған жоқ. Украинадағы зейнетақы 1500 гривень ғана, осындай аз ақшаға өмір сүруге бола ма, айтыңызшы?»
Петр Порошенконың тезисі: «Біз, Украина халқы, мемлекетімізді сақтап қалдық. Әлемдік аренадағы Украинаның беделі артып келеді. Еуропалық одаққа бағытталған саясатымыз сәтті жүзеге асуда. Халықаралық қаржы құрылымдары, əлемдік лидерлер мен басқарған 5 жылдағы жетістікті құптайды. Ал сіз қайда қалдыңыз, қайда болдыңыз бұл кезде?
Егер сіз 2014 жылы менің елді ақшасыз, қарусыз ауыр жағдайда қабылдағанымды білсеңіз, басқаша сұрақ қояр едіңіз. Путиннің Украинаны басып алу туралы арманы бар. Егер біз дер кезінде Ресеймен қарым-қатынасымызды тоқтатпағанда, баяғыда соған жем болар едік. Ал Зеленский Ресейге қарсы тұра алмайды».
Осы сарындағы сөз сайысы 36 минутқа созылды. Дебат соңында Порошенко Əнұран шырқай бастады. Ал Зеленский жай ғана күліп, қолымен «жеңіс» белгісін көрсетті. Алпыс мың орындық стадионға жиналған халықтың жартысы «Порошенко алға!» десе, қалған жартысы «Зеленский жеңді!» деп ұрандады.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Петр Порошенко екінші турда жеңіске жетеді. Себебі, ол азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында айтарлықтай жақсы нәтижеге қол жеткізген. Украинаны Ресейден алшақтатып, батысқа бет бұру жолында бірнеше заңдар қабылдады. Олардың қатарында ЕО мен НАТО-ға мүше болу, Ресеймен арадағы «достық» келісімін бұзу және Германиямен экономикалық байланыс орнату бар. Батыс елдері үшін Порошенко Украина патриоты және халықты Ресей агрессиясынан қорғаушы ретінде белгілі. Осындай артықшылықтарды ескерген Порошенконың командасы актер Зеленскийдің саясатта тәжірибесі болмағандықтан, президент болуға дайын емес деп есептейді.
Украинадағы президенттік сайлаудың екінші туры 21 сәуірде өтеді. 31 наурызда өткен бірінші турда Зеленский 30,24% дауыс, ал Порошенко 15,95% дауысқа ие болды.