Сүрияның солтүстігінде қауіпсіздік аймағын қалыптастыру үшін Түркияға халықаралық қолдау көрсетілмесе, миллиондаған босқындар үшін Еуропаға шекара айқара ашылмақ. Бұл туралы президент Режеп Тайып Ердоған ескертті.

Ресми Анкара Еуропа елдерінен «логистикалық қолдау» күтетінін айтып, ел президенті: «Егер мигранттарды орналастыруға Еуропа және халықаралық ұйымдардан көмек болмаса, Түркия босқындарды сол жаққа жіберуге мәжбүр. Сүриялық бауырларымызды қауіпсіз орынға көшіру негізгі мақсатымыз саналады. Бізге қолдау көрсетіңіздер», – деді.

Қазіргі уақытта Түркияда азаматтық соғыстан қашқан 3,6 миллион сүриялық босқын бар. ВВС мәліметінше, Түркия «террорлық ұйым» ретінде таныған Күрдтер қосыны түрік әскерлерін шекарадан өткізгісі келмейді. Сол себепті тараптар арасында қақтығыстар жиі орын алып отыр.

Сүрия үкіметі Ресей авиациясының қолдауымен Идлибте көтерілісшілермен соғыс бастаған. Түрік билігі Сүрияның солтүстік-батыс провинциясындағы ауыр шайқас Түркияға босқындардың жаңа легін әкеледі деп қауіптенуде. Осыған байланысты, босқындар мен бейбіт тұрғындардың Сүриядағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолдау көрсететін бірден-бір мемлекет АҚШ болғандықтан, Түркия аталған мәселені америкалық әскерлермен бірлесе шешпек. Алғашқы қадам қыркүйектің соңына жоспарланып отыр, дейді Ердоған.

2016 жылы Еуропалық одақ пен Түркия ортақ шешімге келген. Арнайы келіссөзге сәйкес, Анкара мигранттардың Еуропа елдеріне қоныс аудармауын қатаң қадағаласа, ЕО Түркияға 6 млрд еуро көлемінде қаржы беруі тиіс болатын. Кейіннен Ердоған одақ тарапынан тек 3 млрд еуроның бөлінгенін мәлімдеді.

Грецияға қысым

Еуроодақтың Түркиямен келіссөзі Грецияда 2015 жылдан бастап босқындардың артуына сеп болған. Лесбос елдімекеніндегі мигранттар лагерінде күні бүгінге дейін жергілікті тұрғындар мен босқындар арасында қақтығыстар орын алып келеді.

Ресми мәліметтер бойынша, шамамен 24 мың босқын Еуропа асу мақсатында Грецияға қоныс аударған.

"The Qazaq Times"