9 қазанда Түркия Сүрияның солтүстігінде «Бейбітшілік қайнары» аталатын арнайы операция бастаған. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу. Түркияның бұл қадамын әлем елдері әртүрлі бағалап, плюрализм туындаған.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның мәлімдеуінше, Сүриядағы іс-қимыл нәтижесінде екі ел шекарасында қауіпсіз аймақ құрылады. Сондай-ақ, осыған дейін Түркияны паналаған сүриялық босқындар өз үйлеріне оралатын болады. Ресми Анкара әскери операция арқылы шекаралас өңірде қауіпсіздік аймағын құрып, онда сириялық босқындарды орналастыруды көздеп отыр.
Екі ел арасындағы жағдай әлем елдерінің алаңдаушылығын туғызып отыр. 11 қазанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Нью-Йорк уақытымен бейсенбідегі отырысына Түркияның Сүриядағы қарулы әрекетін тақырып етті. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш: «Мен қандай да бір мәселені әскери қақтығыспен шешуге болады деп ойламаймын. Сирияның солтүстігіндегі шиеленіске халықаралық ұйым алаңдап отыр. Тараптарды сабырға шақырып, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырамыз. Әскери операция Ұйымның қаулысы мен халықаралық құқық нормаларын құрметтеуі керек», – деп атап өтті.
Франция президенті Эммануэль Макрон америкалық әріптесі Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, Түркия – Сүрия жағдайын тақылады. France-Presse басылымының хабарлауынша, Макрон «Түркия Сүриядағы іс-қимылын мүмкіндігінше тезірек аяқтауы қажет. Осы мәселеге байланысты Париж мен Уашингтон жақын күндері байланыста болады», – деген. Франция президенті аймақта «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының қайта жандануына жол бермеу, бейбіт халықты қорғау керектігін атап өтті.
Түркия тарапынан арнайы операция басталғалы, Анкара лаңкестер деп санайтын 277 күрд жасағының көзін жойған. Қазір шекараға қосымша әскер мен техника аттанды. Күрдтер қарымта ретінде Түркияға қаратып артиллериялық зеңбіректер атқан. Үзіліссіз шабуыл салдарынан Сирияның солтүстігінде орналасқан елді мекендерден 10 мыңдай адам қауіпсіз жерге қашып жатыр. Құрбандар мен зардап шеккендер саны екі есеге артқан. Осыған қатысты Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу: «Әскери операция жүріп жатқан аумақта тұтқындалған лаңкестер барын білеміз. Олар біздің жауапкершілігімізге өтеді. Алдымен әр елден өз азаматтарын алып кете ме деп сұраймыз. Бірақ Дональд Трамп Еуропа елдері террорлық жолды таңдаған азаматтарынан бас тартқанын айтты. Олар тұтқында қалады. Ешкімді босатайын деп жатқан жоқпыз», – деді.
ЕО Сыртқы саясат қызметінің ресми өкілі Майя Косьянчич: «Сүрияның солтүстік-шығысындағы әскери іс-қимылдардың жандануы жағдайды одан бетер ушықтырады. Бұл жергілікті халықтың жаппай көшуіне әкеп соғады. Біз Сүрия мәселесі жөніндегі Астана процесіне кепіл елдерді оның ішінде Түркияны да аймақта әскери операцияны тоқтатып, жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамыз», – деп мәлімдеді. Дипломаттың айтуынша, Сүриядағы шиеленіске қатысты кез келген мәселе әскери жолмен емес, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясы мен 2012 жылы қабылданған Женева коммюникесіне сәйкес шешілу керек.
Ал Түркияны қолдайтынын атап өткен Венгрияның Сыртқы істер министрі Петер Сийярто: «Дәл қазіргі жағдайда Түркияны қолдауымыз керек. Сөйлесіп, санасуымыз керек. Қоғам алдында мәлімдеме жасап, пікір алмасудың жөні жоқ. Еуропалық көшбасшылар Түркия президенті, сыртқы істер министріне шығып, диалогқа тарту керек. Себебі Түркия – Еуропадағы қауіпсіздіктің кепілі. 4 миллиондай босқынды ұстап отыру оңай емес», – дейді.
Саяси датаға көз жүгіртсек, Түркия мен Сүрия арасындағы қарым-қатынас 1980-1990 жылдары шиеленісе бастаған. Өйткені, Анкара Дамаскті Күрдстанның жұмыс партиясын (РПК) қолдады деп айыптады. 1998 жылдың қазанында екі ел қарым-қатынасы саяси дағдарысқа ұшырап, осы мәселені шешу үшін Түркия Сүрияға 45 күндік мерзім берді. Сол жылы сүриялық билік РПК көшбасшысы Абдуллах Оджаланды елден қуу туралы шешімге келген. Кейіннен 1998 жылы 20 қазанда Түркия мен Сүрияның Сыртқы істер министрлігі, ішкі істер басқармасының өкілдері Аданада қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бірлескен хаттама мен келісімге қол қойған. Аталған келісімге сәйкес түрік әскерлері Сүрияда трансшекаралық операция жүргізуге құқылы. Түркияның бұл қадамын «агрессияға» балаған күрдтер жер-жерде наразылық акцияларын ұйымдастырып, халықаралық ұйымдардан көмек сұрап отыр. Екі күн бұрын АҚШ-та басталған наразылық акциясы кеше Иракта өтті.
Талай жылдар бойы жалғасын тапқан қақтығыстарға қашан нүкте қойылатыны беймәлім. Қазірше белгілі боп отырған жайт, бейбіт тұрғындарға төнетін қауіп пен миграциялық мәселеленің шиеленісуі. Ал экономист мамандардың пікірінше, алдағы күндері түрік лирасының құнсыздануы бек мүмкін.