Ұлыбританияның Еуропалық одақ құрамынан мәмілесіз шығуы елге азық-түлік, дәрі-дәрмек, отын тапшылығын туғызып, шекарадағы қақтығыстар мен жаппай наразылықтарға ұласуы мүмкін. Бұл туралы Біріккен Корольдік Министрлер кабинетінінің Brexit-ке дайындық жоспарында айтылған.
Yellowhammer деп аталатын бес беттік жоспардың егжей-тегжейін өткен айдың соңында The Times газеті жариялаған болатын. Басылымдағы сараптамада аталған жоспарға «ең сәтсіз құжат» деген баға берілген. Министрлер кабинеті ұсынған құжатт: «Жаңа өнімдердің кейбір түрлеріне қолжетімділік азаяды. Дәрі-дәрмек тапшылығы пайда болады»,– делінген.
Сондай-ақ, Британия үкіметі ЕО-дан мәмілесіз шығу жүк көліктерінің Ла-Маншта кідіруіне әкеп соғуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Бұл өз кезегінде порттар мен әуежайлар арқылы елден кететін жолаушыларға да қиынға соқпақ. Қазірдің өзінде билеттер бағасы құбылмалы болып тұр.
Құжатта алдағы уақытта Еуроодақсыз күн көретін мемлекет үшін орын алуы мүмкін тәртіпсіздіктерге қатысты былай делінген: «Бұл шешімге қарсылық акциялары, наразылықтар бүкіл Ұлыбритания аумағын қамтиды және жергілікті тұрғындар полициямен қақтығысады. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпсіздік пен қоғамдағы шиеленістің артуы мүмкін».
Осылайша, Біріккен Корольдік одақ құрамынан еш мәмілесіз шыққан жағдайда орын алатын қиындықтарды алдын-ала болжап, дайындық жүргізуде. Қауымдар Палатасы премьер-министр Борис Джонсонның кезектен тыс парламенттік сайлау өткізу туралы шешіміне қарсы болғандықтан, Британияның Brexit келісімі тағы шегерілуі мүмкін.
Ұлыбритания ЕО-дан биыл 29 наурызда, яғни қауымдастықтан шығу туралы жазбаша хабарлама берілгеннен кейін екі жыл өткен соң кетуі керек еді. Алайда британ Парламенті Қауымдар палатасының депутаттары Брюссель мен бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй үкіметі арасында қол жеткізілген Brexit шарттары туралы келісімнің жобасын үш рет кері қайтарған. Нәтижесінде Еуропалық одақ Brexit-ті алдымен сәуір немесе мамырға, содан кейін 31 қазанға бекітуге келісті. Санаулы ждылдар ішінде бірнеше қиындыққа тап болған Мэй үкіметті тығырықтан шығара алмай, отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Оның орнына келген Борис Джонсон Ұлыбританияның Brexit келісімін 31 қазанға бекітті. Дегенмен, оппозициялық партиялар мен басқарушы Консервативті партия депутаттарының қолдауымен Brexit-ті үш айға кейінге қалдыруды талап ететін және келісімсіз шығуға тыйым салатын заң қабылданды.