2,5 миллиард теңге қаражатқа 2,5 жыл түсірілген 2,5 сағаттық жобаның Сатаев өзі айтқандай тек премьерада ғана емес, кинотетар көрсетілімдерінде орыс тілінде берілуіне байланысты көрермендерден «ақталу емес, мән-жайды түсіндіру» мағынасында «өкінішпен» кешірім сұрайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол мәселе 2-3 күнде шешілетініне уәде берді.
Кеше, қыркүйектің 27-і Сатаев әлдебір рейтинг ұйымының дерегі бойынша туындысының «көрсетілім сеанстар саны 800-ге» рекодтық көрсеткішпен жеткенін қуана бөлісіп еді. Демек, 27-сі 800 сеанс тек орыс тілінде берілген. Ал ticketon.kz сайтында бүгінге жоспарланған 200-ге тарта сенастың түгелдерлігі тек орыс тілінде деп белгіленген.
26 қыркүйек өткен «Томирис» тарихи картинасының алматылық тұсаукесер брифингінде режиссер Ақан Сатаев «Бізде қазақша нұсқасы толығымен бар. Бірақ продюсерлердің, «Қазақфильмнің» шешімі бойынша премьераны орыс тілінде, қазақша субтитрмен көрсетеміз деген шешім қабылданды. Қазақстанда 116 ұлт бар, соның бәрін ойластырып осындай шешімге келдік» деген еді. Сөзін 116 ұлттың санымен сабақтаған режиссер 26-сы «ол ортақ шешім болды. Кинотеатрда ертеңнен бастап қазақша нұсқасы бар толығымен, қазақша көргіңіз келсе қазақшасы бар» деді сол күні тілшінің сауалына.
Қазақ тілінің кино керегесіндегі сүйрелеңдеген хәлі сөз болған премьера алдындағы басқосуда «Осы сұраққа «Қазақфильм» атынан мен жауап берейін» деп микрофонды қолына алған «Қазақфильмнің» баспасөз хатшысы Бауыржан Үсенов:
– «Жау жүрек мың бала» шыққан кезде де тек қана орысшасы шыққан болатын. БАҚ өкілдерінен ұсыныс түскеннен кейін кинотетрлар мемлекеттік тілде көрсеткен тұғын. Сондықтан да сіздердің арқаларыңызда бұл шешіліп жатады», – деп салды.
Сонда қазақ тарихына қатысты фильм тек қазақтілді азаматтық қоғам мен БАҚ-тың талап-күшімен ғана мемлекеттік тілде беріле ме деген сауалымызға «Қазақфильм» баспасөз хатшысы «Өйткені мен тағы да айтайын бізде прокат жүйесі жекеменшік қолында» деп жауап берген-тұғын.
Қоғам белсенділері мен әлеуметтік желідегі азаматтар наразылығынан соң бүгін фильм режиссері Ақан Сатаев «Томирис» туындысының кинотеатрларда қазақша көрсетілмей жатқанына кешірім сұрап, «алдағы екі-үш күнде» фильм қазақ тілінде кинотеатрларға шығады деді. Ол картинаның қазақ тілінде шықпауын латын әліпбиіндегі титр мәтінінде қате болуымен түсіндіруге тырысты.
Естеріңізге сала кетсек, премьерадан бері «Біздің көне тарихымызды кім үшін түсірдіңіздер? Бұл масқара ғой! Бір де бір сеанс қазақша жоқ, бәрі орысша!» деп ашынған кейбір белсенділер, солардың бірі Айдос Жұқанұлы фильмге бармауға және бойкот жариялауға үндеген еді. Қазақстанда қазақ халқына тікелей қатысты фильмдердің қазақша берілмеуі бірінші рет емес, әр премьерада тіл мәселесінің шуға ұласуы әдетке айналған.
Мәтін үлгісі:
Құрметті көрермен! Күні кеше #томирисфильм барлық кинотеатрлардан көрсетіле бастады.
Көрермендер мен жуналисттердің қойылған басты сұрақтары - фильмнің қазаша дыбысталған нұсқасы бар ма? Сөзсіз,толығымен қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар. Қазақ елі болғандықтан да, алдымен қазақша нұсқасын дыбыстаған едік!
Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлт үшін жасалған маңызды қадам. Фильмнің соңында жазылатын титрлер (түсіру тобы мен актерлық топтың аты-жөндері жазылатын бөлім) латын әліпбиіне аударылу барысында көптеген грамматикалық қателердің анықталуы және топ мүшелері мен актерлардың аты-жөндері құжаттарға сәйкес келмеуіне байланысты кешіктіріліп жатыр. Құқықтық тұрғыдан біз мұндай қателермен көрсетілімге жібере алмаймыз. Шұғыл түрде аталмыш мәселені шешу үстіндеміз.
Бұны ақталу емес, сіздерге мән-жайды түсіндіру деп қабылдайтындарыңызға үміттенеміз. Фильмнің қазақша нұсқасы уақытылы дайын болмағанына, көрсетілімге кешігіп шығуына өкінішпен алдарыңызда кешірім сұраймыз. Екі-үш күнде бұл мәселе шешуін тауып, киномызды ана тілімізде еліміздің барлық кинотеатрларында көре алатындарыңызға сенім білдіреміз. ⠀ ⠀ ⠀ ⠀ ⠀ ⠀
#tomirisfilm #томирисфильм#жандану #qazaqfilm #sataifilm#поддержимКЗкино