2026 жылдың 3 қаңтарында әлемдік саясатта күтпеген әрі аса даулы мәлімдеме жасалды. АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттары Венесуэла аумағына соққы беріп, елдің авторитар басшысы Николас Мадуро мен оның жұбайын ұстап, елден алып шыққанын жариялады. Бұл ақпарат Латын Америкасындағы ғана емес, жаһандық геосаяси тепе-теңдікке тікелей әсер ететін оқиға ретінде бағаланып отыр.

Трамптың айтуынша, операция АҚШ құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілген және «жоғары деңгейде жоспарланған, мінсіз орындалған». Ол толық мәліметті Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясында өтетін баспасөз конференциясында жариялайтынын мәлімдеді. The New York Times басылымына берген қысқа пікірінде Трамп бұл әрекетті «brilliant operation» деп атады. Ал CBS News дереккөздері Мадуроны ұстау операциясына АҚШ-тың арнайы мақсаттағы «Дельта» жасағы қатысуы мүмкін екенін хабарлады.

АҚШ билігі Мадуроны ұзақ жылдан бері есірткі трафигін қолдады деп айыптап келеді. Мемлекеттік департамент жақында «Картель де лос Солес» деп аталатын құрылымды террористік ұйым деп танып, Мадуроны оның басында тұр деп мәлімдеген. Бұған дейін Вашингтон Мадуроны ұстағаны үшін 50 миллион доллар сыйақы белгілеген еді. АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландаудың сөзінше, енді Мадуро «америкалық сот алдында жауап береді».

Алайда Каракастағы жағдай бұл мәлімдемелердің қаншалықты күрделі салдарға әкелгенін көрсетіп отыр. Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес ел билігінің Мадуро мен оның жұбайының нақты қайда екенін білмейтінін айтып, АҚШ-тан олардың тірі екеніне дәлел талап етті. Бұл мәлімдеме де-факто Трамптың сөзін жоққа шығарудан гөрі, оның рас болуы мүмкін екенін меңзейді.

3 қаңтарға қараған түні Венесуэла астанасы Каракас қаласында бірқатар жарылыстар тіркеліп, өрттер шықты. Қаланың оңтүстігіндегі ірі әскери базалар орналасқан аудандарда электр қуаты өшкен. Венесуэла билігі АҚШ-ты «елеулі әскери агрессия жасады» деп айыптап, төтенше жағдай енгізді. Қорғаныс министрі ел «соңына дейін соғысуға дайын» екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Венесуэла БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жүгінді.

Оппозиция жетекшісі Мария Корина Мачадоның өкілі CBS News-ке берген сұхбатында соққылардың Каракастағы Фуэрта-Тиуна әскери базасына, Ла-Карлота аэродромына, Ла-Гуайра портына және әуе шабуылына қарсы қорғаныс нысандарына бағытталғанын айтты. Кейбір расталмаған деректерде парламент ғимараты мен Уго Чавестің мавзолейі де нысанаға алынуы мүмкін екені айтылды. Колумбия президенті Густаво Петро оннан астам объект аталғанын мәлімдеді. Қаза тапқандар туралы әзірге ресми ақпарат жоқ, ал The New York Times америкалық әскери күштер тарапынан шығын болмағанын жазды.

Бұл оқиға соңғы айларда күшейген АҚШ–Венесуэла текетіресінің шарықтау шегі ретінде қарастырылуда. Ақ үй бұған дейін де Мадуро билігінің легитимсіз екенін, оның есірткі бизнесімен байланысы барын бірнеше рет мәлімдеген. Аймаққа АҚШ Әскери-теңіз күштерінің ірі топтамасы шоғырланып, венесуэлалық мұнай тасымалдаған танкерлер ұстала бастаған. 3 қаңтардағы шабуыл қарсаңында Трамп Мар-а-Лагода ұлттық қауіпсіздікке арналған жабық кеңес өткізгені де хабарланды.

Ресей бұл жағдайға бірден реакция білдірді. Венесуэламен тығыз қарым-қатынастағы Ресей Сыртқы істер министрлігі АҚШ әрекетін «қарулы агрессия» деп атап, эскалацияға жол бермеуге және диалог арқылы шешім табуға шақырды. Бұл мәлімдеме Венесуэла дағдарысының енді тек Латын Америкасының ішкі мәселесі емес, ірі державалар арасындағы текетірестің бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Трамптың Венесуэлаға қатысты бұл қадамы АҚШ-тың сыртқы саясатында күш қолдануға қайта оралуының белгісі болуы мүмкін. Бір жағынан, Вашингтон Мадуро режимін жою арқылы Латын Америкасындағы ықпалын қалпына келтіруді көздейді. Екінші жағынан, бұл әрекет халықаралық құқық нормалары, мемлекет егемендігі және БҰҰ жүйесінің рөлі туралы күрделі сұрақтарды алға тартады. Сонымен қатар, Мадуроның шеттетіліп, биліктің қалай әрі кімнің қолына өтетіні әзірге белгісіз, бұл Венесуэлада жаңа тұрақсыздық кезеңін бастап беруі мүмкін.

PS. Венесуэлада болған бұл оқиға ХХІ ғасырдағы «режимді сырттан күшпен ауыстыру» тәжірибесінің қайта жандану қаупін көрсетеді. Бұл операцияның Венесулада демократия орнатуға алып келе ме, әлде елді ұзаққа созылатын жаңа дағдарысқа ұрындыра ма деген сұрақ. Жауабы әзірге ашық күйінде қалып отыр.