Қыркүйектің 26-сы Ақан Сатаев "Томирис" фильмінің премьерадан басқа көрсетілімдері қазақша берілетінін, 28 қыркүйекте «титрдағы қатеге» қатысты «2-3 күнге кешеуілдейтініне» кешірім сұраған еді. Ал 1 қазан қазақша дыбысталған сенастармен сүйіншілеп жазба жариялады. Әлеуметтік желі «Томирис» фильмінің көркемдік қуатынан гөрі, көрсетілім кестесіне ене тұра берілмей қалған тілдік түйткілін қызу талқылап жатыр. Бүгін Алматыда кесте бойынша 261 сеанстың тек 8-і ғана қазақ тілінде көрсетіледі деп жоспарланған. Оның өзінде кейбір кинотеатрлардың билет сатып алу тетігі жұмыс жасамай тұр.
Ел тағатсыздана күткен «Томирис» тарихи картинасының қазақ тілде көрсетілмеуіне байланысты наразылықтардан кейін, режиссер Ақан Сатаев қазақстандықтардан кешірім сұраған болатын. Сонда Сатаев «алдағы екі-үш күнде» фильм қазақ тілінде кинотеатрларға жол тартатынын айтқан.
26 қыркүйек режиссер Ақан Сатаев фильмнің орыс тілінде берілуінің себебін: «116 ұлт-ұлысты ескере отырып жасалған ортақ шешім болды», – деп түсіндірген еді. Сол кезде «Кинотеатрда ертеңнен бастап қазақша нұсқасы бар толығымен, қазақша көргіңіз келсе қазақшасы бар» деген бас режиссер екі күннен соң инстаграм желісінде латынша жазылған титрда қателер кеткенін айтып, ағынан жарылған-тұғын.
Кеше, 1 қазан сағат 13:00-дер шамасында Сатаев ел көптен тосқан «Томиристің» қазақша сеансын сүйіншілеп жазба жариялады. Хабарламада «Достар, бүгіннен бастап, «Томирис» фильміміздің толық қазақша нұсқасын біздің "Меломан" дистрибьютор компаниямыз кинотеатрларға тарата бастады» делінген. Артынша kino.kz сайтында «Сарыарқа» (13:30), «Kinopark 16 – Forum» (14:20) және «Сарыарқа» (18:00) кинотеатрларында азаматтар үшін ыңғайсыз уақытқа сеанстар жарияланған. Әйткенмен, қоғам белсенділерінің сөзінше, күндік 266 сеанстың тек 3-еуі ғана мемлекеттік тілде «көрсетіледі» деп жоспарланғанына қарамастан, «болуы ықтимал» қазақша сеанстардың ешбірі іске асырылмаған.
Журналист Қарашаш Есенбай мемлекеттік тілдегі көрсетілімі мәселеге айналған «Томирис» тарихи фильмі «Сарыарқа» кинотеатрларында сағат 18:00-де қазақша көрсетіледі деген хабарға сеніп барғанын, дегенмен онда ешқандай сеанс болмағанын айтады. Жақсыны көрмекке алып ұшып барған көрермен:
– Мен Томиристің премьералық көрсетіліміне бара алмадым. Сондықтан сүйікті режиссерім Ақан Сатаевтың кезекті туындысын көргім және қазақ тіліндегі нұсқасына барғым келді.
"Кино шығады" деген күні журналист Марғұлан Ақан әлеуметтік желіге «қазақша көрсетіліміне барушыларға тегін 3 билет сыйлаймын» дегенді жазды. Оның бір билеті маған бұйырды, ал мен оны челленж ретінде жалғастырғым келіп, тағы 3 адамға билет алып берген едім. Олар да тағы 3 адамға билет сыйлайтындарын айтты. Осылайша мемлекеттік тілдің киноиндустриядағы мәртебесіне аз да болса үлес қосқымыз келді.
Сонымен Алматыдағы Сарыарқа кинотеатрында кешкілік 18:00-де қазақ тіліндегі версиясы туралы кино.кз сайтынан көріп, 17:30-да бардым. Қазақ тіліндегі «Томирис» фильміне билет беруімді сұрағанда кассадағы қыз жарияланған сеанстың жоқ екенін, мұның себебін жарнамасы «интернетке солай кетіп қалған» деп түсіндірді. Оның айтуынша, әзірге қашан шығатыны белгісіз. «Томирис» «техникалық себептерге» байланысты қойылмайтын көрінеді. Менімен қатар қазақша сеансқа келген көпқара кісінің билет жоқтығына қынжылғаны, жүздерінен әттеген-айы көрініп тұрды. Сол жерде жарты сағаттай отырып бақыладым. Қазақшаны сұрады, "жоқ" деген соң орыс тіліндегісіне амалсыз кіріп жатты. Мен кірген жоқпын, өйткені Марғұлан қазақ тіліндегі көрсетілімге баруым үшін билет берді ғой. Сондықтан қазақшасы шықса, міндетті түрде барамын, – дейді.
Сондай-ақ, ол киноға байкот жариялаудың орнына қазақ тіліне деген сұранысты күшейтудің оптимистік жолдарын қолға алған және оны қолдаған жөн дейді.
2 қазанға жоспарланған кесте бойынша бір Алматының өзінде 261 сеанстың тек 8-і ғана қазақ тілінде көрсетілген. Оның өзі тал түске қойылған: «Kinopark 16 Forum» сағат 14:20-ға, «Kinoplexx Sary Arka» сағат 13:30-ға, «Kinopark 11 (Есентай) IMAX» сағат 13:10-ға. Алайда, kino.kz сайтында бүгінге жоспарланған қазақша сенастардың билеттерін сатып алу тетігі жұмыс жасамай тұр. Демек, кестеде бар, сатып алу мүмкін емес.
Бізді толғандырған мәселе, кім кімді алдап жүр немесе елдің негізгі халқының хақ-таңдауына құрметсіздік танытып, «ұлттық алалаушылық» тудырып отырған кімдер? Әлде, «Қазақфильмнің» баспасөз хатшысы Бауыржан Үсенов айтқандай : «Әуелде орысша шыққан «Жау жүрек мың баланы» БАҚ өкілдерінен ұсыныс түскеннен кейін кинотетрлар мемлекеттік тілде көрсеткен-тұғын. Сондықтан да бұл қазақтілді азаматтық қоғам мен мемлекеттік тілді қажет ететін БАҚ талап-күшімен шешіле» ме?
Қазақ тарихына қатысты фильм қазаққа қазақ тілінде көрсетілуі айтып талқылауды, жағаласып, дауласуды қажет етпейтін қағида емес пе. Тіпті, отандық кино өнімінің мемлекеттік тілде көрсетілуі мен көрсетілмеуін талқылап жүргенде, фильмдегі жаңа ұрпақтың санасына ата-бабасын сондай бір қораш етіп көрсететін кейбір өрескел тұстары ұмытылып та қап жатыр.