Алматы шаһараның оңтүстік орталығында мемлекеттік кітапхана ашылды. Қаладағы 29-шы нысан заманауи-коуоркиң форматында қызмет көрсетеді. Ел студенттерінің үштен бірі шоғырланған қала, яғни 200 мыңнан аса студенті бар Алматы үшін кітапхана маңызды мәселе. Кітапсүйер қауым мен оқырман жастардың шығармашылық ортасына айналады деп үміттенеміз.

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жаңа әрі заманауи кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Маңызды мәдени оқиғаға қоғам қайраткері Ахметжан Ашири, әдебиеттанушы Қансейіт Әбдезұлы, Қазақ радиосының үнжарғы дикторы және ардагері Сауық Жақанова, Сәуле Досжан, Бейбіт Сарыбай, Мұратхан Шоқан сынды бірқатар қаламгерлер, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылым мен мәдениет өкілдері, әкімдіктен жауапты қызметкерлер қатысты.

Шара барысында қонақтар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, жаңа кітапхананың мүмкіндіктері мен инфрақұрылымы таныстырылды. Кітапхана дәстүрлі кітап мәдениеті мен заманауи цифрлық технологияларды ұштастыра отырып, қала тұрғындарына арналған көпфункционалды мәдени әрі білім беру алаңы ретінде жобаланған. Мұнда келушілердің жайлы әрі тиімді уақыт өткізуіне барлық жағдай жасалған.

Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін арнайы бейімделген жұмыс орындары қарастырылған. Көру қабілеті төмен оқырмандарға арналған ірі қаріптегі және арнайы форматтағы әдебиеттер қоры жинақталған. Сонымен қатар заманауи компьютерлік зал, жеке жұмыс істеуге арналған тыныш оқу аймақтары, топтық кездесулер мен шығармашылық жобаларға арналған кеңістіктер жабдықталған. Кітапхананың бай кітап қоры мен дамыған материалдық-техникалық базасы әртүрлі жастағы және қызығушылығы сан алуан оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

Салтанатты жиында әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлы да өз пікірін білдіріп, кітапхананың тәрбиелік және мәдени маңызына тоқталды:

«Кітапхана – болашақ оқырманды тәрбиелейтін маңызды мәдени орта. Мұндай заманауи әрі толық қолжетімді кеңістіктің ашылуы жастарды кітапқа жақындатып, оқырман мәдениетін жаңа деңгейге көтереді», – деді әдебиетші Қансейіт Әбдезұлы.

Жаңа кітапхана барлық келушілер үшін, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де толық қолжетімді орта қалыптастырып, инклюзивті қоғам құруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Бұл жер алдағы уақытта кітап пен шығармашылықты қадірлейтін, білім мен рухани дамуға ұмтылатын қала тұрғындарының басын қосатын танымал мәдени орталыққа айналмақ.

Кітапхананың ашылуына келген көпшілік. Фото: ОКЖ

Кітапхананың ашылуына келген көпшілік. Фото: ОКЖ бөлімшесі

«Кітапхана – қаланың рухани тынысын айқындайтын орын. Біз өз тарапымыздан қала тұрғындарына жаңа білім нәрін сусындауға, жан-жақты дамуына жағдай жасап отырмыз. Бұл кітапхана – тек кітап оқитын орын ғана емес, ой мен идея тоғысатын заманауи мәдени орталық», – деді әкім орынбасары Абзал Нүкенұлы.

Кітапхананың ерекше жобаларының бірі – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Оқы – ойна!» жобасы. Осы жоба аясында балалар аймағында PlayStation 5 орнатылып, ойын мен оқуды үйлестіретін жаңа формат ұсынылған. Бұл бастама балаларды кітапхана кеңістігіне тартуға және олардың оқу мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұл бастама Алматы қаласының мәдени инфрақұрылымын дамытуға, оқырман мәдениетін жаңғыртуға және ұлттың рухани құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.

Розыбакиев көшесі 247-үй, 7-ші ғимаратта орналасқан және қала тұрғындары мен қонақтары үшін күнделікті 08:30-20:00 уақыт аралығында демалыссыз жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда жаңа толыққан кітапхананы қоса алғанда, Алматы қаласында 38 кітапхана жұмыс істейді, олардың 29-ы – Алматы Кітапханаларының бөлімшелері, ал 9-ы – республикалық кітапхана. Сонымен қатар, 35 жоғары оқу орнының әрқайсында кітапхана бар.

Қала бойынша үш кітапхана тәулік бойы (24/7 режимінде) жұмыс істейді: Alatau Creative Hub орталығы, Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана және Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы.

The Qazaq Times