Бүгін, 26 қыркүйек күні Алматыдағы Республика сарайында «Томирис» фильмінің тұсаукесері өтіп жатыр. Тұсаукесерден бұрын шығармашылық топтың қатысуымен баспасөз жиналысы өтті. Режиссер Ақан Сатаев пен түсіру тобының жетекшілері және басты рөлдерді сомдаған актрисалары баспасөз өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Фильмді ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен, «Қазақфильм» киностудиясы және «Sataifilm» компаниясы бірлесіп түсірген. Алғашқы тұсаукесері кеше, 25 қыркүйек күні елордада өткен болатын. Бүгін Алматыдағы көрермендерге ұсынылмақ. Фильмнің сценарий авторлары – фильм идеясын ұсынушы Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов. Қоюшы режиссер Ақан Сатаев сценарийде Геродоттың тарихи деректері негіз етілгенін, тілшілер сұраған Т.Әсемқұлов нұсқасымен таныспағанын айтты.
Баспасөз жиынында журналистер 27 қыркүйек күні жоспарланған 38 сенастың барлығы орыс тілінде берілу себебін сұрап, мемлекеттік тілде үгітнасихаттың аздығын алға тартты. Режиссердің сөзінше бұл "116ға тарта ұлтұлыстардың жайын ескеріп ойластырылған ортақ шешім". Ал, "Қазақфильм" студиясының өкілі "өткен жолы "Жау жүрек мың бала" картинасының көрсетілімінде де осындай мәселе көтеріліп, БАҚ қозғау салып қазақша берілген болатын" деп, жауапкершілікті тіл жанашырлары мен журналистерге артқандай меңзеп сөйледі. "Расында да, қазақ халқының тарихы неліктен жеке меншік кинотеатр иелерінің көзқарасы негізінде мемлекеттік тілде көрсетілмеуі керек? Мұндай жағдай тек біздің елде ғана". Осылайша шамданған кейбір азаматтардың уәжі көп сұрақтың бірі болып қалың сөзге сіңіп кетті.