Әлемдік саясатта кейде бір оқиға бәрін өз атымен атауға мәжбүрлейді. Венесуэланы 2013 жылдан бері басқарып келген Николас Мадуроның АҚШ әскери операциясы нәтижесінде ұсталып, Нью-Йоркке жеткізілуі – дәл сондай сәт. Бұл оқиғаны біреулер халықаралық құқыққа соққы деп бағаласа, меніңше, бұл – диктатурамен күрестегі жаңа, әлдеқайда нысаналы тәсілдің көрінісі. АҚШ президенті Дональд Трамп операцияны «сәтті әрі мұқият жоспарланған» деп сипаттап, Венесуэлада билік қауіпсіз әрі ақылға қонымды түрде ауыспайынша, Вашингтон елдегі жағдайға уақытша жауапты болатынын айтты. Осы мәлімдеме көпшілікті алаңдатты. Бірақ басты мәселе – сөзде емес, әрекеттің мазмұнында.

Ресей Украинаға басып кіргенде Кремль де бұл соғысты «арнайы әскери операция» деп атады. Сол кезде қауіпсіздік, заңсыз билік, сыртқы қатер деген уәждер алға тартылды. Бірақ оның салдары бүкіл әлемнің көз алдында: қираған қалалар, мыңдаған бейбіт тұрғынның өлімі, миллиондаған босқын. Бұл – билікті емес, тұтас халықты жазалау. Ал Венесуэладағы АҚШ операциясының табиғаты мүлде басқа. Мұнда қалалар бомбаланған жоқ, инфрақұрылым жойылған жоқ, халық жаппай қырғынға ұшыраған жоқ. Әскери күш нақты бір нысанаға – билік басындағы тұлғаларға бағытталды. Бұл айырмашылықты көрмеу – әдейі соқыр болу.

Иә, АҚШ та күш қолданды. Бірақ мәселе күш қолданудың өзінде емес, оның ауқымы мен мақсатынада. АҚШ Венесуэлада Мариуполь немесе Харьков сценарийін қайталаған жоқ. Керісінше, «елді емес, режимді жазалау» принципін таңдады. Бұл – диктатурамен күресте әлдеқайда адам шығынын азайтатын, әлдеқайда дәл тәсіл. Егер әлем расымен диктаторлардан құтылғысы келсе, онда халықты құрбан етпейтін осындай жолдарды талқылауы керек.

Әрине, халықаралық құқық тұрғысынан сұрақтар бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысы Антонио Гутерреш бұл әрекетті «қауіпті прецедент» деп атады. Бірақ біз бір шындықты мойындауымыз керек: қазіргі халықаралық құқық диктаторларды тоқтатуда көбіне дәрменсіз. Ондаған жыл бойы өз халқын аштыққа, қуғын-сүргінге, зорлыққа ұшыратқан режимдер БҰҰ мінберінде «егемендік» деген қалқанмен қорғана береді. Ал әлем тек «алаңдаушылық білдірумен» шектеледі. Венесуэла жағдайында АҚШ осы тұйық шеңберді бұзды.

Бұл жерде Ресей мен АҚШ-ты бір деңгейде қою – әділетсіз салыстыру. Ресей Украинада халықаралық құқықты бұза отырып, соғысты халыққа қарсы жүргізді. АҚШ Венесуэлада дәл сондай құқықтық дауды тудырса да, соғысты халыққа қарсы емес, билікке қарсы бағыттады. Айырмашылық – принципті. Бірі – жаппай қырып-жою логикасы, екіншісі – жеке жауапкершілікке негізделген жазалау. Егер таңдау осы екеуінің арасында болса, мен екіншісін әлдеқайда дұрыс деп санаймын.

Әлемдегі қос стандарт туралы көп айтылады. Иә, ол бар. Бірақ бәрін «қос стандарт» деп бір қапқа салу да қауіпті. Украинада тұтас бір халық соғыстың құрбанына айналды. Венесуэлада ондай жағдай болған жоқ. Бұл – эмоция емес, факт. Сондықтан АҚШ-тың бұл операциясын Ресейдің «арнайы операциясымен» теңестіру шындықты бұрмалау ғана емес, халыққа қарсы соғыстың жауапкершілігін көмескілеу.

Қорытындысында айтарым: мәселе күш қолдануда емес, күштің кімге және қалай бағытталғанында. Егер диктатураны тоқтатудың жалғыз жолы күш болса, онда ол күш халықты емес, билікті нысанаға алуы тиіс. АҚШ-тың Венесуэладағы операциясы осы тұрғыдан алғанда даулы, бірақ әлдеқайда адамгершілікке жақын модель ұсынды. Ал Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясы» күшке сүйенген ескі, қатыгез тәсілдің символына айналды. Әлем осы айырмашылықты көре алмаса, болашақта әділет туралы айту тіпті қиын болмақ.