Дүниежүзінде жылына 60 миллионнан аса адам өмірден өтеді. Оның кемі 74% көлемі, яғни 45 миллионы созылмалы жұқпалы емес аурулардың себебінен көз жұмады. Жұқпалы емес аурулар (noncommunicable diseases-NCD) қатарында жүрек-қантамыр аурулары, қатерлі ісік, қант диабеті және өкпенің созылмалы аурулары кеңінен таралған. Адамзаттың өмірін жалмайтын негізгі түрлері. Бұл аурулар ұзақ уақыт адам ағзасында жегідей жабысып, қатар өмір сүреді. Адамның қайраты қайтып, қауқарсызданған шағында күшіне мінеді. Қазақстан бұл эпидемиямен өзінше күресіп келеді. Бұл амалдың нәтижесі мен жетіспеушілігін сараптап көрейік.
Осы ауру түрлерін зерттеу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында арнайы департаменті бар. Бұл жұқпалы емес аурулардан болатын мерзімінен бұрын өлім-жітім мен сырқаттанушылықты азайту мақсатында жаһандық көшбасшылық етіп, саланы үйлестіреді, ұсынымдарды әзірлейді және техникалық қолдаумен айналысады.
2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы ДДСҰ-ның жұқпалы емес аурулардың алдын алу және олармен күрес жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған Әлемдік іс-қимыл жоспарының қолданылу мерзімін 2030 жылға дейін ұзартты. Сондай-ақ, өміршең эпидемияны алдын алу және онымен күресте ілгерілету үшін 2023-2030 жылдарға арналған іске асырудың Жол картасын әзірлеуге кірісті. Бұл әлем жалмағыш дерттермен күресуге әлдеқашан білек сыбана кіріскенін көрсетеді. Ұйымға мүше 194 елдің ішіндегі 126 мемлекет халықаралық ұйым ұсыныстарын («Уақытша ұлттық мақсаттар») басшылыққа ала отырып ұлттық жобасын (бағдарлама, стратегия, жоспар түрінде – редакция толықтыруы) жүргізеді.
Аустралияда «Созылмалы аурулардың ұлттық стартегиялық бағдарламасы», «Диабетпен күрестің ұлттық бағдарламасы»; Ирландияда «Созылмалы ауруларды емдеу және кешенді алдын алудың ұлттық бағдарламасы»; Нидерландыда «Профилактика туралы ұлттық бағдарлама» және Швейцарияда «Жұқпалы емес аурулардың профилактикасы жөнінде ұлттық стратегия» сияқты жобалар жүргізіледі.
Осы қатарда Қазақстан да бар. Кезінде екі өңірде (СҚО, Павлодар облыстары) пилоттық жоба түрінде жұмыс істеген Ауруларды басқару бағдарламасы қазір республика көлемінде осы санаттағы кейбір ауру түрлеріне арналған. 2018 жылдан бері елдің барлық өңірін қамтиды.
Қазақстанның ұлттық амалы – Ауруларды басқару бағдарламасы
QT редакциясы «жаһан жалмағышы» атанған созылмалы жұқпалы емес аурулармен күресте ұлттық бағдарламаның мүмкіндігі мен мәселелерін сараптауға тырысып көрді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі редакцияға берген жауабында қазір медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрететін қалалық және аудандық деңгейдегі 692 емхана бағдарлама шеңберінде екенін айтты.
Пациенттерді динамикалық байқауға арналған бағдарлама регламенті сала министрінің 2020 жылғы 23 қазандағы № ҚР ДСМ-149/2020 бұйрығымен («Созылмалы аурулары бар адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру, байқаудың мерзімділігі мен мерзімдерін, диагностикалық зерттеулердің міндетті минимумы мен еселігі қағидаларын бекіту туралы») жүзеге асырылады. АББ ресми түсініктемесі – азаматтарға өздері ауруларын басқаруға ынталандыруға және ұзақ әрі сапалы өмір сүруге көмектеседі дейді. Денсаулық кодексінің 2020 жылғы 7 шілдедегі 80-бабында азаматтардың міндеттерінің бірі ретінде «созылмалы ауруларды басқару бағдарламасына қатысу» көзделген.
Соңғы (2022 жылғы) ресми ақпарат бойынша, АББ-ға 1 миллиондай пациент тартылған, бұл динамикалық байқаудағы, яғни диспансерлік есептегі пациенттердің жалпы санының орта есеппен 55,3 %-ы (1 960 724 адам).
Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы АББ-ның республикалық үйлестірушісі саналады.
«АББ аясында әрбір медициналық ұйым үш негізгі нозологияны жүргізеді: артериялық гипертензия, 2 типті қант диабеті, созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – созылмалы аурулардың асқынуларының алдын алу, науқастарды өз ауруын қадағалауды білу, дер кезінде іс-шаралар жүргізу. Нәтижесінде созылмалы аурулары бар науқастардың шұғыл түрде ауруханаға жатқызылуы төмендетілуде», – деген министрлік қарамағындағы Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнәр Сарсенбаева редакцияға берген жазбаша жауап хатында.
АББ аясында ДДСҰ көрсеткен санаттағы барлық ауру назологияларын қамтымайды. Қазақстан бағдарламасына кіретін ауру топтары: қан қысымы, 2-типті қант диабеті, II-IV класты жүрек жетіспеушілігі. Бағдарламаға жалпы диспансерлік есепте тұрған пациенттердің бір бөлігі қатысады.
Ресми жауапқа қарағанда, алғашында, 2018 жылы АББ қатысатын науқастардың шекті көрсеткіші 50% болған. Алайда ахуалы асқынбаған пациенттер көп болмағандықтан, 2023 жылдан бастап бағдарламаға диспансерлік есептегі пациенттің тек 10%-ы ғана қатысатын болды.
Алғашында адам әбден зерттеліп-тексерілген соң диагнозы нақтыланады, кейін пациент есепке алынып, динамикалық бақылау үшін ем-шара жоспары түзіледі. Кемінде үш айда бір учаскелік дәрігеріне қаралып отырады, денсаулығы нашарлаған жағдайда қосымша пәнаралық комиссия аясында өзге мамандарға қаралады, қажеттік тексерістерден өтеді, дәрі-дәрмегі мен күтімі қайта толықтырылады. Осылай ұдайы бақылауда болуға тиіс. Осылайша, адам денсаулығын күтіп, дәрігер нұсқауымен өмірін жақсартады.
АББ – көпсалалы команда жұмысына негізделген бағдарлама. Ұлттық денсаулық сақтау орталығы хабарлағандай, АББ бойынша көмек көрсететін топқа эндокринолог, кардиолог, жалпы тәжірибелік дәрігер, медбике, әлеуметтік қызметкер мен психолог кіреді. Пациенттің міндеті – осы көпсалалы топпен бірлесіп емдеу жоспарын құру және оны үнемі орындау.
Биыл денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту арқылы Қазақстан ДДСҰ тарапынан оң баға алды. Бұл тек АББ аясында емес (АББ-ға ЖЕА-дың небәрі үш тобы кіреді), барлық жұқпалы емес аурулармен күрес және алдын алу бағыттарын қоса қарастырғандағы нәтиже. 2025 жылға қарай жұқпалы емес аурулардан мезгілсіз өлімді 25%-ға төмендету бойынша нысаналы көрсеткішке қол жеткізген Орталық Азияның бірінші елі және ДДСҰ Еуропалық өңірінің 56 елінің ішіндегі ТОР-10 елінің бірі болды. Бұл туралы ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының «Алдын алуға болатын өлім, қауіп факторлары және ЖЕА-мен күресу стратегиялары» баяндамасында айтылды.
Баяндамада Қазақстан ұлттық денсаулық сақтау жүйесін, әсіресе жүрек-қантамыр аурулары мен онкопатологияға қарсы күрес саласында нығайтқаны атап көрсетілген. Профилактикаға, ерте анықтауға, емдеудің қолжетімділігін арттыруға және өмір сүру деңгейін жақсартуға баса назар аударылады.
ДДСҰ мониториң деректері бойынша, Қазақстан ЖЕА-ға қарсы күрес бойынша ұсынылған шаралардың 50%-ын толығымен және тағы 36%-ын ішінара іске асырған.
АББ іске асырудағы кемшіліктер мен мәселелер
АББ жүйесін енгізуде бірқатар қиындықтар байқалады. Ең алдымен, қамту көрсеткішінің төмендеуі – өзекті мәселе. Мемлекеттік бағдарламаларда көрсетілген көлем бойынша барлық созылмалы ауруы бар науқастарды тарту едәуір жеткіліксіз. Бұл айтарлықтай деректер базасының болмауынан, науқастардың бағдарламаны қабылдамауынан және емханалардағы кадр тапшылығынан туындайды. Сонымен қатар медициналық қызметкерлерге жүктеме үшін төлем жүйесі күрделі және аздық етеді. Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №278/2020 («Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің жұмыскерлерін көтермелеу қағидаларын бекіту туралы») бұйрығына сәйкес, АББ бағдарламасы аясында жұмыс істейтін медқызметкерлерге қосымша жүктеме үшін еңбекақыға төлем ынталандырушы компонент қаражаты есебінен қарастырылған, бірақ бұл тарификация тым аз. Бір мейіргердің қарамағында кемі 15-20 пациент бар, олардың әрқайсына динамикалық бақылау жүргізу – қосымша жүктеме.
Есеп беру мен мониторинг жүргізу формалары әлі де қағаз жүзінде көп, бұл бюрократияны ұлғайтады. АББ бойынша кешенді электрондық ақпараттық жүйенің жоқтығы да сыналады: ауруханалар мен учаскелер арасында деректер алмасу, емдеу жоспарларының үздіксіз жаңартылуы үшін қажетті цифрлық құралдар әлсіз дамыған. Бұл бағытта ІТ шешімдер енгізуді талап етеді.
Адам өмірін қатерге тігетін бұл ауру түрлерінің бес негізгі қауіп факторы: темекі шегу, аз қозғалу, алкоголь ішу, дұрыс тамақтанбау және ауа ластануы. Эпидемияның өршуі кез келген елдің денсаулық сақтау жүйесіне ауыр сынақ.
Нені өзгерту керек?
Министрліктің 2023 жылғы 30 наурыздағы №49 бұйрығы («Қазақстан Республикасында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы») өзгеріп, МСАК дәрігерінің қабылдау уақыты ұзарып, оның АББ пациенттерге мотивациялық кеңес беру – кемінде 30 (отыз) минут қарастырылған.
«№149 бұйрыққа АББ бағдарламасын дамыту үшін мынадай өзгерістер енгізілуде:
1) Пациенттің денсаулық көрсеткіштері қалыпты деңгейде болған жағдайда, оны оңтайлы аймақта ұстау мақсатында, мейіргер ісі мамандары МСАК дәрігерінің қадағалауымен алдын ала жоспарланған қоңырау шалу, бақылау және өзін-өзі басқаруды мониторингтеу арқылы жұмыс жүргізеді;
2) МСАК дәрігері пациентпен бірлесе отырып қысқа мерзімді іс-қимыл жоспарын құрастырады. Бұл жоспар – ауруды басқару бойынша оқыту аясында физикалық жүктемелер көлемін, тамақтану тәртібін, өмір салтын айқындау, зиянды әдеттерден бас тарту бойынша шараларды қамтитын жеке іс-қимыл жоспары болып табылады (ең ұзақ мерзімі – 2 апта)», – деп хабарлады министрлік QT редакциясына.
Болашақта АББ-ны тиімдірек ету үшін мемлекеттік органдар денсаулық сақтау мен сандық технология саласындағы бірлескен жұмыстарды күшейтуі керек.
Сарапшылар АББ-ны әрі қарай дамыту үшін мына бағыттарға назар аударуды ұсынады:
- Кеңейтілген ақпараттық жүйе құру: Науқастарды орталықтандырылған есепке алу, тексеру нәтижелерін дерекқорда сақтау және емдеу жоспарын қадағалау үшін электронды жүйелерді жетілдіру керек. Бұл дәрігер мен медбикелердің қағаз толтыруын азайтып, науқастарды сапалы мониторингтеуге мүмкіндік береді.
- Кадрлық қолдау мен мотивация: ЖТД және мейірбикелердің АББ жобасына қатысуы үшін қосымша жалақы және әлеуметтік жеңілдіктер көзделу қажет. Сондай-ақ психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді күшейту арқылы науқастарға әлеуметтік-психологиялық қолдауды арттыру керек.
- Пациенттердің ақпараттық сауатын арттыру: Аурулары туралы білімін күшейтетін, өмір салтын өзгертуге септігі тиетін кеңес беру топтары мен мобильді қосымшалар енгізу пайдалы болар еді. Мысалы, пациенттерге ауруын бақылауға арналған мобильді қосымша жасап, оған өз көрсеткіштерін енгізу арқылы дәрігерлермен онлайн байланыс орнату тиімді.
- Реформаларды жалғастыру: №149-бұйрық бойынша жоспарланған түзетулерді уақтылы енгізу, скрининг пен профилактика шараларын күшейту арқылы қамту деңгейін арттыру. Сонымен бірге АББ аясын кеңейтіп, жоғары қан қысымы, диабеттен басқа созылмалы жағдайлары бар пациенттерді де қамтуға болады.
АББ бағдарламасын жетілдіруде басты рөл – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, халықтың өз денсаулығына деген бақылауын күшейтуге бағытталуы тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекеттік органдардың, дәрігерлер қауымдастығының және пациент ұйымдарының бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Алматы қаласының өзінде тек қант диабетіне шалдыққандардың ресми есебінде 65 800 адам бар. Диабетпен ауыратындардың саны азаймай тұр. 2024 жылдың соңындағы 492 мыңнан 2025 жылы 523 391 адамға дейін өскен.


















Алматыда жаңа заманауи кітапхана ашылды
ŞAM театрының киноэксперименті: «№37» қойылымы фильмге айналды
Ертаев қайта қамалған күз: Рақымшылық «заңсыздық жәрмеңкесіне» айналды ма?
Талғар трагедиясы: Қызылқайраттағы қылмысқа қатысты жеті іс қозғалды
Қызылордадағы №60 мекемеден хат: Қамаудағы Думан Мұхаметкәрім қауіпсіздік сұрайды
Талғардағы қанды оқиға: ІІМ-ге жолданған сауал және қоғам күткен жауап