Иранда өршіп тұрған экономикалық наразылықтар халықаралық деңгейдегі жаңа шиеленістің ұшқынына айналды. АҚШ президенті Дональд Трамптың ирандық демонстранттарға қатысты мәлімдемесі Тегеран тарапынан қатаң реакция туғызды. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Трамптың «егер бейбіт наразылар өлтірілсе, АҚШ оларды құтқаруға келеді» деген ескертуін «жауапсыз әрі қауіпті» деп бағалады.

BBC News хабарлауынша, Трамп бұл мәлімдемесін әлеуметтік желідегі қысқа жазбасында жариялаған. Онда ол: «Егер Иран бейбіт шерушілерді атып, зорлықпен өлтірсе – бұл олардың әдеті – Америка Құрама Штаттары оларды құтқаруға келеді. Біз толық дайынбыз» деп жазған. Алайда АҚШ президенті Вашингтон нақты қандай әрекетке баруы мүмкін екенін ашып айтпады. Бұған дейін АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, жауап ретінде Қатардағы америкалық базаға шабуылға ұшырағаны белгілі.

Image

Аббас Арагчи өз жауабында Иран қарулы күштерінің кез келген ықтимал шабуылға дайын екенін айтып, «қай жерді нысанаға алу керегін дәл біледі» деп мәлімдеді. Ол АҚШ-тың Иранның ішкі ісіне араласуына жол берілмейтінін қатаң ескертті. Сонымен қатар, Арагчи Трамптың өз елінде Ұлттық гвардияны ішкі тәртіпті сақтау үшін қолданғанын еске салып, «қоғамдық мүлікке жасалған заңсыз әрекеттерге ешбір мемлекет төзбейді» деп жазды.

Иран полициясының ресми өкілі де билік «дұшпандардың толқуды хаосқа айналдыруына жол бермейтінін» айтты. Соңғы бір аптада елдің бірнеше қаласы мен елді мекендерінде қауіпсіздік күштері мен наразылар арасында қақтығыстар тіркелген. BBC дерегінше, наразылықтар кезінде кемінде сегіз адам қаза тапқаны хабарланған, бірақ бұл мәліметтер тәуелсіз түрде толық расталмаған.

Толқулардың басталуына тағы да экономикалық себеп түрткі болды. Тегерандағы саудагерлер иран риалының АҚШ долларына шаққандағы күрт құнсыздануына наразылық білдіріп, көшеге шықты. Кейінірек шерулерге университет студенттері қосылып, қозғалыс бірнеше қалаға тарады. Кей жерлерде наразылар діни билікке қарсы ұрандар айтқан.

Fars агенттігі мен Hengaw құқық қорғау ұйымының хабарлауынша, Лордаган қаласында болған қақтығыстарда екі адам қаза тапқан. Азна қаласында үш адамның, Кухдаштта тағы бір адамның, Фуладшахр мен Марвдашта бір-бір адамның мерт болғаны хабарланды. Қаза тапқандардың барлығы наразылар ма, әлде қауіпсіздік күштерінің өкілдері ме – бұл жағы нақты көрсетілмеген.

Иран президенті Масуд Пезешкиан наразылардың «заңды талаптарына» құлақ асатынын айтқанымен, Бас прокурор Мұхаммад Моваһеди-Азад кез келген тұрақсыздық әрекетіне «шешімді жауап» болатынын ескертті. Ал Иранның БҰҰ-дағы елшісі Амир Саид Иравани БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін Трамптың мәлімдемесін айыптауға шақырып, АҚШ-ты ықтимал салдар үшін толық жауапты деп атады.

Трамптың бұл сөзі Ирандағы ішкі наразылықты халықаралық геосаяси дағдарыс деңгейіне көтеру қаупін арттырып отыр. Бір жағынан, АҚШ президенті ирандық қоғамға моральдық қолдау көрсеткендей әсер қалдырса, екінші жағынан, бұл мәлімдеме Тегеран билігіне «сыртқы қауіп» аргументін күшейтуге мүмкіндік беріп отыр. Тарих көрсеткендей, дәл осындай жағдайда Иран билігі ішкі қысымды күшейтіп, наразылықты ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналдырады.

Ирандағы экономикалық наразылық пен АҚШ-тың қатаң риторикасы бір-бірін өзара күшейтетін қауіпті циклге айналуы мүмкін. Бұл жағдай бейбіт шерушілердің тағдырын жеңілдетпей, керісінше, ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі шиеленісті тереңдете түсері анық.