– Серік аға, қолына қалам алып жүрген қаламгер ретінде біздің бүгінгі әдебиетті қалай бағалайсыз.

– Бір нәрсенің басын ашып алайық, мен нені болса да қол көтеріп, дауысқа салып, мынау 5, мынау 4, деп бағалауды ұнатпаймын.  Себебі, қанша адам болса сонша талғам бар, біреудің көңілінен шықпаған дүниені біреу жоғары бағалайды. Және басты мәселе  «мынау нашар» деген адамның өресі сол шығармаға жете ме? Осы жағы үнемі ұмыт қалады және әдебиетте үкім шығарғыштар көбейіп барады. Ана кісі жаман деді деп жапырыла сынап, ана кісі мақтады деп жабыла мақтауды байқаймын. Ол мақтау мен сынаудан  кейде руластық, кейде жерлестіктің  исі мүңкіп тұрады. Есесіне, стилдік, мазмұндық, құрылымдық-композициялық талдау дегендер қалып бара жатыр.

Жақсы, енді осы сұраққа оқырман есебінде жауап беріп көрейін, себебі, қалам ұстағандар арасында «оқырман азайды, бізді түсінбейді» дегендей өкпе бар. Мысалы, соңғы жылдары шыққан кітаптардың біразын оқыдым,  Дәукеңнің «Бөрісоқпағын», Есболаттың «Сүлікқарасын», Қанаттың «Қараштың әңгімелерін», Айдын Кәлімханның «Қашқынын», т.б., ол аздай жарқ еткен жақсы шығарма болса интернеттен де оқи беремін.   Енді осыған қарап әдебиетті қалай  бағалауға болады? Сол баяғы әдебиет, сол баяғы стиль алуандығы: Дәурен Қуаттың стильі «Тарақтан» беріде көп өзгерген, көне әпсана, діни аңыздардан тартып жазғанды, «Тасмоншадай» кейде мистика араластыра ой салғанды жөн көрсе, кейінгі лектегі Есболат классикалық сарында, соңғы кезде тұлғаларға  зер салып жүр, Қанат «кішкентай адаммынды» көп айта жүріп Гоголь, Чеховтардың ізіне түскендей, орыс қаламгерлерінің мәнері байқалады,  Мұрат Алмасбекте мұң мен астар басым, Ырысбек Дәбей әуелде эсселік екпінмен келді, одан дерекнамалық романдарға ауысты... Өстіп, жалғастыра беруге болады,  осыдан барып әдебиетті жаман, жақсы бағалауға бола ма? Әдебиет жойылып барады, өліп барады деген «аттан» бекер, ол әдеттегідей бірде тұншығып жөтеліп, бірде еркін тыныстап тіршілік етіп жатыр. Ал, нашар және жақсы шығарма деген талас бізге дейін болған, бізден кейін де бола береді. Оралхан мен Мұқағалиді, Мағауинді сынағандар болған. Шығармалардың 70-80 пайызы қызыл идеологияға қызмет еткен сол  Совет заманында соцреализм буындырғанда да  қазақ әдебиеті арам қатқан жоқ, енді тіптен өлмек емес. Түрлі бәйге болып жатыр, озғандар жүлдесін алып жатыр.  Басқа... Басқа,  әдеби сын өз деңгейінде болса, баспа, басылымдарда әдеби редактор деген қызмет қайта күш алса, шығармалар оқырманмен қауышарда бір сүзгіден өтсе деген тілек қана бар. Қалғанын оқырман мен уақыт екшеп береді. Поэзия да солай. Жанарбек пен Бақыт, Қалқаман мен Ерлан, Айнұр мен Мақпал, Тоқтаралы мен  Мұхтар, Сағыныш пен Гүлбақыт, т.б. іркес-тіркес келеді. Талғамдыға таңдау бар, тек оқырманға жетуі кемшін. Оның үстіне шетелдік қаламгерлерді көкке көтеріп, өзіміздің жазушыларды төмендететін бір жаман үрдіс пайда болды. Әдебиетке жақынмын дегеннің көбі Маркес, Камью, Толстой, Шолохов, Буниндерді айтып тамсанады, дұрыс. Оқу керек, ойын сіңіріп, жазу машығын зерттеу керек, сол арқылы жазу алуандығы келеді. Модерндік, постмодерндік стильді де жете меңгерген жақсы, тек, «анау солай жазған, мен де солай жазамын», – деген көзқараспен келуге болмайды. Бұл машық философиялық ілім ықпалынан туғанын, оны түсініп, меңгеру үшін мыңдаған болмаса да жүздеген философтың еңбегін, мәнердің пайда болу тарихын зерттеп барып келсе құба-құп. Жалпы, өзім жазушы деген қауымды аса интеллектуал деп ойлаймын, сондықтан Батыс әдебиетіндегі философияға діннің ықпалы орасан болғанын,  біз бүгінде тамсанатын кей шығармаларда сол сарын барын бәрі білетініне шүбәм жоқ. Экзистенциалистік мәнерде жазып жүргендер осы жағын ескерсе, өзгеден қабылдап алғанының өзегінде не барын ең әуелі өзі білсе. Тағы бір айта кетерлігі жуырда «Заң» газеті детектив жанрындағы шығармаларға байқау жариялады, сол кезде бұл жанрдың бізде қаншалықты кенжелеп қалғанын байқадым. Детектив «құпия» болса біздің құпия алғашқы сөйлемнен-ақ әшкере болып жатады.  Өзіңдей бір-екі адам болмаса, Қойшыбек, мистика мен фантастиканы да осы шамада деуге болар. Ал, әлемнің жас оқырманын «жаулаған» кітап Джоан Роулингтің «Гарри Поттері» емес пе! Демек,  қаламгер қауым оқырманға әдебиеттің барлық жанрын ұсынып отырған жоқ. Мұның кері әсері болары анық.  Ендеше, әдебиетті бағалағаннан,  оның бағыт-бағдарын білу, оның қаншалықты зерттеліп, жол сілтеніп жатқанын түсіну маңыздырақ болады.

Оқырман неге аз? Қазақ кітаптан қол үзіп қалды,  «байтұл түгілі бас қайғы» боп кеткен тоқсаныншы жылдардың басында кітап басылуы да, оны іздеп оқушы да азайып кетті. Отыз жылда өскен бірнеше буын  кітапқа жатырқай қарайды және олардың кітап оқитыны бізге қарағанда басқа рухани кеңістікте өскен, бірнеше ай «Абай жолын» оқығаннан, бір түнде «Богатый папа, бедный папаны» оқып шыққанды, Наполеон Хиллдікіндей мотивациялық кітаптарды зерделегенді жөн көреді. Бұған әдебиет те, жазушы да, ақын да кінәлі емес, өмір сондай. Түнекке тап болған адамның жылт еткен әр жарыққа қарай тұра жүгіретініндей қарману, қарбалас. Ой құнсызданған, халықтың қарны аш, рухани азықты сыпырып тастап өзекжалғар таппай жүр,  «Мұқағалидай ақын болғаннан Мырқымбайдай шенеунік әлде бизнесмен болған өзіңе де, әулетіңе де пайдалы»  деп ойлайтын орта қалыптасқан. Бұдан барып «Біз нашар болған соң әдебиет әлсіреді, немесе, оқырман санасыз болған соң кітап өтпейді!» – деп тон пішуге болмайды. Бұл өтпелі кезең болар, оқырман түбі оралар.

– Көркем әдебиет кім үшін қызмет етуі керек немесе оның міндеті не деп қарайсыз?

– Меніңше, әр шығарма автордың жүрегінен шығады.  Демек, ол өмір сүретін ортадан, қоғамнан, ұлттан алыстап кетуі мүмкін емес. Өйтпеген күнде жасанды, жылтыр шығарма болады. Ондай шығарманың Пауло Кольэнің «Заһирі» секілді ешкімге де, ештеңеге де пайдасы да, құндылығы да жоқ. 19 ғасырда өмір сүрген көсемсөзші   Джордж Деннисон Прентистің: Қалам – соншалықты  қуатты қару емес, бірақ, сол қарумен адам басқаларды емес, ең әуелі өзін өлтіріп алуы мүмкін, – деген сөзі бар. Рас қой. Мейлі, сен жазушы бол, журналист бол ең әуелі ұстанымыңа, Құдай берген болмысыңа қарсы дүние жазсаң – тірі өліксің. Сонда қазақ қаламгерлері жазған шығармалар қазақ болмысының ықпалдан қорғар қалқаны болып шығады.  Сол роман әлде әңгіме, не жырдан адамзатқа құнар боларлық дән табылса онда, тіптен,  ғажап. Тек, мойындатсам деген өлермендікке ұрынбау керек, мұны басқа елдердің әдебиетшілері осыдан екі ғасыр бұрын бастан өткерген, Л.Н. Толстой елуден асқан шағында қаламгерлікті дінге балап: Жазушылар сеніміне күдікпен қарағаннан кейін олар абыз тұтқандардың да жүріс-тұрысын бағып, осы діндегі данагөй-қаламгерлердің барлығы дерлік арсыз, тұрақсыз, жаман адамдар екеніне, менің берекетсіз жастығымда, әскери өмірімде жолыққандардан әлдеқайда төмен екеніне, сөйте тұра әулиеліктеріне сенімді, өздеріне аса разы екеніне көзім жетті. Ол адамдардан жиіркендім, өзімнен-өзім жирендім, діні – алдамшы екенін түсіндім,  – деп жазып кеткен. Осы күйден сақтану керек шығар? Біз бүгінде М.Мағауиннің «Аласапыранын», І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын әдебиеттен алшақтау, дерекнамаға құрылған жазбаларға балайтын  деңгейге түстік. Бұл – ізденісті жақтырмайтын, құрғақ ой, жалаң пәлсапамен сүйкеп шыққысы келетіндердің шығарғаны болар, – деп топшыладым. Әйтпесе, қазақ тарихын ұмыттырмай, санаға сіңіру жолында осылардан асқан шығарма табыла қоймас. М.Әуезов, Ә.Кекілбаев, С.Мұратбеков, Б.Соқпақбаев, т.б. көптеген қаламгерлер «тозақ оты жымыңдайтынын» (Т.Әбдік) ескертіп, қазақылығымызды сақтап қалды, олардың жазғаны қанымыздың тазалығына, ойға қызмет етті. Бір шығарманы былай қойғанда, бір  кейіпкермен адамзат болмысындағы тұтас бір құбылысты білдірген қаламгерді іздесек өңгеден мысал келтіреміз: Булгаковтың профессор Преображенскиі, Ильф пен Петровтың Остап Бендері, Чеховтың Червяковы, Кольэнің жас  Сантьягосы, Хэмингуейдің шал Сантьягосы  т.б.  Бұл бізде жоқ па еді? Би-ағаңның Құрымбайы, Түйебайы, Жындыбайы, Жүсіпбектің Ақбілегі, тіпті, берідегі Оралхан Бөкейдің  Тағаны. Бүгінгі кітаптарды оқысаң осындай кейіпкерлер таппайсың, бұрынғылардың адами кейіпкерін былай қойғанда ит, бұғысына дейін «сөйлеп» тұрушы еді. Бұл өсу ме, кері кету ме ол жағын өзіңіз екшей беріңіз...

– Әдебиеттің "саясилануы" қаншалықты дұрыс? Артықшылығы және кемшілігі...

– «Саясилануы» дегенді «саясатқа қызмет етуі» деп түсінгенім жөн шығар.  Жалшы болғанның несі жақсы, саясат деген лас нәрсе, былғамай қоймайды, бірақ,   әдебиет – қоғам өмірінің айнасы болғандықтан саясатты мүлдем ысырып тастай алмайды.  Егер, қаламгер шығармасын бір саясатты насихаттайтын  үнпараққа айналдырса онда  туындының  өлгені. «Бәйтеректі» жазғаны үшін көп сынға ұшыраған Несіпбек Айтұлы ағамыз Астанада қаза тапқан бес періштеге жыр арнап еді жұрт «Азаматтық поэзия бар екен!» деп ықылас білдірді. Бұл қазақ әдебиетіне өзек болған, осы күнгі әдеби қауым аса мойындай қоймайтын  жыраулық поэзияның жұрнағы ғана. Кешегі Жаңаөзен қырғынында Исрайл Сапарбай,  Тоқтарәлі Таңжарық, Рахат Қосбармақ секілді ақындар төгілткен шерлі-жыр ше, бұны әдебиеттен тысқары дүние деп қарай аламыз ба? Әдебиет болмаса әдебиеттің осы дәуірге басқан таңбасы дерміз? Темірхан Медетбектің «Базарға барғым келмейдісі» ше? Тұнып тұрған саясат. Айна бет-бейнемізді анық көрсетіп тұр. Біреулер бүгінгі жазған ода-дастандарына ұялатын кезең келгенде  осы ақындарды бір-ақ өлеңі үшін ел ардақтауы әбден мүмкін. Ақын – сезімнің адамы, оны өлшемге салуға болмас. Жалпы, біреуді екшеп, өлшеуге құмарлық жақсы қасиет емес, таразыңның табағы тар болып шықса хас масқара боласың.  Әдебиет – сөз асылы болса, оның құндылығы сол асылдың ұзақ жылдар бағасын жоғалтпауында болса керек-ті. Демек, әдебиеттің жүгі алысқа көз тастайтын терең ой, қырағылығында.  Саясат аумалы-төкпелі, жыл сайын болмасада он жылда бір  құбылып отырады, әдеби шығармада кемі ғасырлық ғұмыр бар болар. Кеңес заманында оқулықтан түспейтін қанша жыр, әңгіме осы күні түкке алғысыз болып қалды, ол шығармалар сылынғанда авторларының да абыройы жұпыны тартты. Арын саясат саудасына салған қаламгердің ақыры осындай болады.

Біздің қоғам бір саяси оқиға бола қалса қаламгерлер жаққа елеңдейді, баяғы Ахмет, Мағжан, Жүсіпбектердің мінезін күтеді. Бұл – жазушы дегеннің интеллигенция  ұғымымен астасып кетуінен. Зиялы болу кәсіпке байланысты еместігін қоғам әлі жете түсінген жоқ.

Саясат салқыны шалып шалықтаған қоғамның сықпытын көрсететін өзім оқыған соңғы шығармалар деп Мұрат Алмасбектің «Ноқтасын», Қанат Тілеуханның «Медалін», Өміржанның  «Құдайын» айтар едім.  Сәкен Сыбанбайдың бұрынырақта жазған «Мұңлығының» өзі бір кітаптың жүгін көтеріп тұр емес пе? Қаламгер – саясаттың құлы емес, қоғамдағы күйдің барометрі ғана.   Ырысбектің Жаңаөзен туралы романын тосып жүрмін,  біреулер «әдебиет ондай болмайды» дер, мейлі,  қазаққа керек.

– Мемлекетке әдебиет керек пе? Не үшін...

– Мен «мемлекет – халық» деген ұстанымдамын, сондықтан – керек. Қазақ болмаса қазақ әдебиетінің де ешкімге қажеті жоқ.  Ал сол мемлекеттің қызметшілері – шенеуніктер халық қазынасына қолдау көрсетуге міндетті.

– Әдебиет жалпыхалықтық және әдебиет үшін деп бөлінеді дейміз. Бүгін бізде бұл екеуінің қайсысы өз деңгейінде?

– Меніңше, бұл әдебиетті зерттеп, орта ғасыр, «жаңа дәуірдің» жілігін шағуға уақытын сарп етіп жүрген, әдебиет тамырының бүлкілін бармағымен басып отырған әдебиетші-ғалымдарға қойылатын сауал. Сонда да жауап беріп көрейін, әдебиет – жалқы. Оны ұлттық, жалпыхалықтық деп «үкілеп» жүрген  өзіміз. 20-ғасырдың басында «жалпыхалықтық» деген «жаргон» шықты, орыс, қазақ, грузин, армян, эстон, латыш, моңғолға дейін қойша қайырып әкеліп  бір идеяның астына біріктіру саясаты жүрген кезең еді.  Ол «жалпыхалықтықтың» КСРО мен онымен достық қарым-қатынастағы елдерден басқа ешкімге қажеті болмады. Ұлт қаламгерлері еліне ұнар ой айтса, сол ой бір халықтың емес, тұтас адамзат құндылығына айналып жатса шығарманың бағы ашылғаны емес пе? Ал, «ширпотреб» – көптің бәріне жағатын, ой құнарынан көрі сезім түртпектеуге, эмоцияға көбірек көңіл бөлген  шығармалар қай заманда да болған, бола да береді. Ол да керек, оқырман өресін сатыға көтерудің бір тәсілі.

– Әлем әдебетінің биігіне шығу үшін не істеу керек? Шығармашылық адамдары және мемлекеттік я болмаса ұлттық құрлымдардың рөлі...

– Білмеймін. Мүмкін, мәдениет министрлігі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын өзге тілдерге аудартып, насихаттауы керек шығар? Көзделіп жүрген Академия ашылса терең ойымен дүниені толғандырар қарымды қаламгерлер пайда болар? Жалпы, әуелі өз жұртымыз әдебиет уызына жарыса, сол уызды кейін өзгелер таласа емсе жөн еді.

– Өз шығармашылығыңыз туралы айтып берсеңіз, жазушы ретінде сізді не нәрсе мазалап жүр...

– Мен Ермек Тұрсыновтың «Мәмлүк», «Мұстафа Шоқай» романдарын аудардым, екі мыңыншы жылдары жазған, басылымдарда жарияланған публицистикалық дүниелерімді «Жегі» деген атпен жарыққа шығардым, «Құлжа сақа» атты прозалық кітабым бар.  Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Жолбарыс жымы», облыстың қолдауымен «Жетісу жазбалары» жарық көрді.  Соңғы төрт-бес жылда қазақтың жиырмасыншы ғасырдың басындағы тарихын зерттеп, «банды» атанған батырлардың өмірдерегін жинақтап жүрмін. Тарихқа керек болар деп архивтен тапқан әр кейіпкеріме шағын хикаят жаздым, деректі фильм түсірдім, газеттерге мақала бердім. Екі мерген Омарбек пен Құндақбайдың суретін тауып, көпшілікке ұсындым, осыған дейін қаламгерлер бара қоймаған, үш жүз түтінді қазақтың сүйегі шашылдып қалған  Кісіқырылғанға көтеріліп бейне-фототаспаға түсірдім. Кейінгі үш айда  Құндақбай мерген жайлы повесть жазып, «Шамамның жеткенінше көрейін» деп Толстойдың «Арылуын» аударып жатырмын. Көктем шыға тағы қарбалас, тау-тас аралау, ел ішінен мәлімет жинау қайта басталады.  Жұдырықты шекеге тіреніп, толғанып отыратындар санатынан емеспін, бұндай табаныңнан тозып, там-тұмдап тауып, тірнектеп жинайтын қара жұмысты да біреу істеуі керек деп ойлаймын. Жазушы атануды мақсат-мұрат тұтпадым, мамандығым – журналист, осы кәсіп сүйегіме сіңірген әдетпен ізденіп, публицистика мен әдебиетті қатар алып жүруге күш саламын. Шынын айтқанда қазіргі жазушылардың көбін осы мамандық асырап отыр, сол жігіттердің арасынан  «мұнда амалсыздан жүрмін» деп журналистиканы кемсітіп, кергігендерін көргенде «аузыңа адал ас салған мамандықты арамдамасаңшы» дегім келеді. Негізі, маған ақшаны үйіп берсе, үйде жатып нан жесем әдебиетті жарылқап тастайтын едім, – деген ұстанымды өмірі түсінген емеспін, өзі отырған ортаны күстаналап, соның ұсынғанына ынданы тоймаған адам өзгені бірдеңеге жарытады деп ойламаймын. Қазір ғұлама да, «өзім білемін» де көп, сөйте тұра көп нәрсенің қадірін білмейміз, сол жанға батады...

“The Qazaq Times”