QT елдің саяси өміріндегі аса маңызды саяси науқан – сайлау тұсында Орталық сайлау комиссиясына брифинг жиындарын онлайн өткізуге жағдай жасауды сұрап хат жолдаған. Бірақ «Жаңа Қазақстанды» құруға жауапты сайлау институты жабық саясаттан бас тартар емес. Себебін баяндап көрейік.

Өтініш хатта ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровке Астанадан өзге өңірлердегі БАҚ өкілдеріне ОСК алаңында өтетін барлық брифинг, баспасөз жиындары мен отырыстарға онлайн, яғни сұрақ-жауап сессиясына ZOOM немесе сол сияқты балама ресурстар арқылы қатысуға жағдай жасау туралы сұралды. Қазір тілшілер брифингте Ортсайлаком мүшелеріне сұрақ қойып, жауап алу үшін Астананың Сарыарқа ауданы Бейбітшілік көшесі 4-үйде орналасқан ғимаратына баруға мәжбүр. Республиканың өзге аймақтарындағы журналистер қатыса алмайды.

Отырыстардан онлайн трансляциялау аздық етеді, журналистердің бұл жиындарға онлайн қатысудағы басты мақсаты – спикерлеріне сұрақ қойып, жауап алуында. Шын мәнінде, бұған ОСК тәжірибесі жетеді. Мысалы, 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауында ОСК алдын ала онлайн аккредиттелген журналистердің еш кедергісіз ZOOM платформасымен сұрақ қоюын жүзеге асырып еді. Сондықтан редакция өтініші негізді, уақыт талабына сай жасалды.

ОСК аппарат басшысы Әлия Ғалымова Қайратқызы жолдаған жауап хатта «ОСК-ның барлық отырысы онлайн-трансляция режимінде өтеді» дегеннен аспаған. Комиссияның баспасөз жиынын ұйымдастыру тәртібі ғана баяндалады. Аймақ журналистеріне онлайн сұрақ қою мүмкіндігі туралы басты сұрақ жауапсыз қалған.

«Орталық сайлау комиссиясы өз жұмысында барлық мүдделі азаматтардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, ашықтық пен жариялылық қағидаттарын ұстанады. Пікіріңізді жолдағаныңыз үшін алғысымызды айтып, ынтымақтастыққа дайын екенімізді білдіреміз» десе де, негізгі мәселені шешуге мүдделі емес.

Олай деуге себеп – сұрау хатқа жауап әзірлеген ОСК Талдау және коммуникация бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әшім Бердібековтің айтқан сөзі. Ресми жауапта басты мәселенің басы ашық қалғандықтан тілші хабарласып нақтылауға тырысты. Жауап хат орындаушысы Бердібеков «онлайн сұрақ қою мүмкіндігін қарастыру жоспарда жоқ» деп шорт кесті.

Коронавирус пандемиясы кезінде қалыптасқан тәжірибе негізінде республикадағы барлық 20 аймақтағы әкімдіктердің Өңірлік коммуникациялар қызметі және Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі брифинг, баспасөз жиындарын офлайн-онлайн аралас форматта өткізуді дәстүрге айналдырды. Бұл Қазақстан аумағында жұмыс істейтін БАҚ өкілдерінің қызметтік құқығын теңестіруде үлкен, аса қажетті қадам болды.

Бірақ бірнеше жылда тек бір рет қауырт жұмыс істейтін Орталық сайлау комиссиясы пандемияның карантин кезеңі аяқталған соң бұл форматты әдейілеп жойды. Медиа сарапшылар мұны журналистердің ақпарат алу-таратуына жасалған кедергі деп есептейді. Неге өзге (жоғарыда аталған) мемлекеттік мекемелерде баспасөз жиындары мен брифингтер, тіпті сот процестері онлайн өтіп жатқан шақта ОСК бұғып, тұйық форматқа ауысты. Бір жарқын мысал, Алматы қаласының ӨКҚ бірнеше жылдан бері алматылық журналистердің өзіне онлайн сауал қоюға жағдай жасап келеді. Алайда мемлекеттік аса маңызды шараны жүзеге асыратын ОСК медиа коммуникацияның мобильді жұмыс істеуде бойкүйездік танытады.

Биыл 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және Мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Оны ұйымдастыруға тікелей ОСК жауапты, бірақ орталық аппараттың журналистерге қатысты ұстанымы бұл міндеттің өз деңгейінде атқарылып жатқанына күмән туғызады.

The Qazaq Times