Дүниежүзінде миллиондаған адамдар өздерін басқарып тұрған үкіметтерге, жоғары жікке наразылығын білдіріп шерулерге шығып жатады. Күрделі саяси өзгерістер кезінде бір елдің өзінде миллиондаған адамның қатысуымен наразылық демонстрациялар болып өтеді. Дегенмен, бұл шерулердің бәрі бірдей өз мақсаттарына жетіп, үкімет пен билік адамдарын жеңіп кете бермейтіні анық.

Жақында ғана Иракта жұмыссыздық пен коррупцияға, электр жарығының үзілуіне наразы топ көшеге шықса, Венесуэлада да электр жарығынан айырылғаны үшін, Ал АҚШ-та Трамптың Еуропа сапарына қарсы шерулер болып өтті. Трамп пен Путиннің кездесуіне қарсы Еуропа елдерінің Лондон, Брюссель, Хельсинки қалаларында болған наразылық шерулерде массалық демонстрацияларға айналды. Ереуілшілердің қолына ұстаған жалау тақтайшаларына жазылған жазулар мен Трамптың алуан түрлі шарж суреттері де юморға толы болды. Алайда, әлеуметтік желілер астаң-кестең болып, көпшілік көшелерге шеру тартқанымен екі лидердің ұшағы кері қайтып кеткен жоқ.

Бүгінгі күнде, бір елдерде наразылық шеруі азаматтардың өз құқығын сезініп, өзін қоғамның, мемлекеттік бір бөлшегі ретінде жауапкершілігін тиянақтай түсу болса, енді бір елдерде шыбын жанын бәйгеге тігіп, билік пен өзі өмір сүрген қоғамға деген ащы зарын білдіру. Демократиялы елдерде шерушілердің талабын қабыл алып, үкіметте қаруға шешім шығарып жатса, кей елдерде бұндай әрекеттердің соңғы көшелерді қанмен жууға ұласып жатады.

Бір шындықты мойындаған жөн – наразылық шеруі, қарсылық демонстрациясы, халықтық ереуілдер, бұлардың көбі өз мақсатына жеткен емес. Билігін дегеніне көндіріп, айтқанын істете алған реті аз. Айталық, 2003 жылы Ирак соғысының алдында АҚШ пен Ұлыбритания елінің азаматтары миллиондап көшеге шығып, Иракқа бағытталған әскери араласу әрекетін болдырмауға тырысты. Тіпті, «Соғысты тоқтатыңдар» деп ұрандаған бұл шеру Ұлыбритания тарихындағы ең үлкен шеру болып тарихта қалды. Иракқа әскер кіргізуге қарсы шерулер әлемнің 60-тан астам мемлекетінде болып өтті. Миллиондаған халықтың тамақ жыртып айғайлағанына, қоғамдық қарсылықтарға қарамастан бірнеше аптадан кейін АҚШ пен Ұлыбритания қарулы күштері Ирак жеріне кірді.

Демонстрацияларға скептикалық көзқарас орнатқандар үшін бұл әрекеттер нәтижесіз, мағынасыз, билік бәрі бір өз дегенін жасайды деген пікіріне үлкен мысал болып қалды. Десек те, Батыс ғалымдары демонстрациялар еш нәтижеге жеткізбейді дегенге қарсы. Айталық, Манчестер Университеті Саясаттану кафедрасының доценті Ольга Онучтың айтуынша, қарсылық елдің дамуына, өзгеру және жаңаруға қозғаушы күш болады. «Қарсылық көрсетудің басты мақсаты – болып жатқан істер біз үшін бәрі бір емес, бұған қарсымыз, біз осы үшін қарсылық көрсетіп жатырмыз дегенді жеткізу», – дейді Ольга Онуч. Қоғамдық наразылық шаралары туралы ондаған кітаптың авторы А. Кауффман сөзінде: «Бұл рухты көтереді. Азаматтарға өзінің маңызды және үлкен істің бір бөлшегі екенін сезіндіреді», – дейді.  

Ал, Гарвард, Стокгольм университеттері жүргізген зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, демонстрациялар діттеген мақсатына жете бермегенімен, адамдардың өмір сүруге, саяси өмірге деген қызығушылығын, белсенділігін оятатыны белгілі болған.

Әрине, өңірлерге қарай  түрлі елдегі үкіметтердің халықтық шерулерге деген көзқарасы да бірдей емес. Әсіресе, тоталитарлық жүйелерде халықтың өз наразылығын білдіруі сол сәтте-ақ, мемлекетті аударып тастау, билікті құлату үшін жасалған шара секілді қабылданады. Бұл да болса үкіметтің арының тазалығына сын болатын өлшем. Қашанда өз ісінің адалдығын білетін, ел азаматтарының мүддесін қорғағанына сенімді билік өз азаматтарының наразылығынан, олардың шу-шұрқанынан қорықпайды. Керісінше, азаматтардың құқығын таптап, мүлкін қымқырған билік алқалы топтап секем алып, дүбірден жүрегі дүрсілдеп отырады.

Өкінішке орай, кейбір елін үлкен мәдениет пен өркениетке қарай бастаймын деген биліктің демонстрациялардың өзі мәдениет пен дамудың бір парасы екеніне ақылы жетпейді. Мейлі қандай өмір сүрсе де, адам бостандығы, кісінің кісілігіне деген құрмет – қымбаттардың қымбаты. Тәңірі берген бостандыққа қол салып, адамдық арына сұғанақтық ету тұрпайылық болмақ. Осыдан алып қарағанда қауқарсыз, қарусыз кәрі-құртаңды атпал азаматтарды салып, ат кеудесімен соғып, сүйрелейтін жұртына сенімі сарқылғандағы шарасыздығы ғана.

“The Qazaq Times”