Қазақстанның екінші президенті Тоқаев алғашқы рет Маңғыстау облысында өршіп тұрған еңбек дауы жөнінде мәлімдеме жасады. Ол сөзінде ҚазМұнайгаз компаниясын сынап, жұмысшы табының және жұмыссыз азаматтарға жағдай-мүмкіндік жасауға тапсырма берді.
Маңғыстау өлкесіне іс-сапармен барған Тоқаев 22 қыркүйек күні облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте «аймақта еңбек дауы өршіп тұр, елдегі еңбек дауының 80%-ы осы өңірде болады» деп мәлімдеді.
– Елімізде еңбек дауларының 80%-ы Маңғыстау облысында болады. Жыл басынан бері өңірде осындай 150 дау туындады. Оның 130-дан астамы мұнай-газ секторында. 8 ірі кәсіпорын дағдарыс алдында тұр. Қазір жұмыс азайып жатыр. Соның салдарынан 1,5 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұлардың барлығы мұнай саласында қызмет көрсететін компанияларда істейді. Біз былтыр бірдей қызмет атқаратын жұмысшыларға төленетін жалақы да бірдей болуын заң жүзінде міндеттедік. Оларға өндірісте және тұрмыста тең жағдай жасалуын талап еттік. Әкімдік құзырлы органмен бірлесіп, еңбек заңнамасының сақталуына қатаң бақылау жасауы керек, – деді президент Үкімет құрамы қашықтан қосылған жиында.
Ол ауқымды мердігерлік жұмыстардың көп жағдайда «біркүндік жалған компанияларға» берілуін «өзекті мәселе» деп атады. Аталған компаниялардың құрал-жабдығы, қажетті мамандары да жоқ, тапсырысты алу үшін бағаны әдейі төмендетіп, есесіне жалақыға жұмсалатын қаржыдан пайдасын өндіретіні айтылды. Тоқаев қосалқы мердігерлік жұмыстың ауқымын шектеп, әр компанияға берілетін тапсырыстың көлемі 25%-дан асырмауды ұсынды. Жалған компаниялардың жолын кесу үшін тендерге қатысушыларға қойылатын біліктілік талабын қатайтып, тапсырыс алатындарға жалақының төменгі шегін бекітіп беру керек. Президент сөзінше, сатып алу ережелері өзгереді, сондай-ақ жұмысшыларына жоғары еңбекақы төлейтін фирмаларға қосымша жеңілдіктер қарастырылады.
Тоқаев еңбек дауларының басым бөлігі «Қазмұнайгазға» еншілес компаниялардан шығып жатқанын айтып, «Самұрық-Қазына» мен «Қазмұнайгаз» бұл мәселемен мықтап айналысуы тиіс деді.
«Кейбір жеке компания басшылары жұмысшыларын ереуілге әдейі итермелейді. Бұл компаниялардың тізімі менде бар. Мақсаты халықты қалқан етіп, мемлекеттен ақша алу. Біз мұны білеміз. Олар бөлінген қаржыны жұмысшыларға бермей, өз қалтасына басады. Мұндай қитұрқы әрекеттің жолын кесу керек. Осындай компанияларға аудиторлық және тағы басқа тексеріс жүргізу керек. Жұртты арандатып, мемлекетке қоқан-лоқы көрсетуге болмайды. Бәрі заң аясында жасалуға тиіс» деді Ақорда басшысы.
Ол Жаңаөзенде тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық штаб құру қажеттігін, оған мемлекеттік органдар мен «Cамұрық-Қазына» белсене қатысуы керек деді. Президент облыстағы «жұмыссыздық мәселесі ушығып тұрғанын» мойындады. Оның айтуынша, жұмыссыздар саны 17,1 мың адамға жеткен. Ол «жергілікті жұрт жұмыс таппай жүрсе, мердігерлер басқа жақтан жұмыс күшін тартып жатыр» деп жергілікті компанияларды сынады. Ол әкімдік пен «Самұрық-Қазынаға»бірінші кезекте жұмыссыздық мәселесін шешуге көңіл бөлуді тапсырды. «Жұмыс берушілердің 40%-ы ғана қызметкерлерінің зейнетақы салымын төлеп отыр, басқасы қайда?» деп шүйлікті. Құзырлы органдар адамдардың шынымен жұмысқа тұрған я тұрмағанын, қағаз жүзінде есепте ғана орналастырылғаны жайлы «үлкен сұрақты» анықтауға міндеттелді. Тоқаев жуырда өзі тағайындаған өңір әкімі Ноғаевқа биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша білім алған азаматтардың бірде-бірі жұмысқа орналаса алмағанын ескертіп, осы мәселені жеке бақылауға алуды тапсырды.
Ол жарты сағаттан аса уақытқа созылған баяндамасында Жаңаөзенде «жағдай күрделі» екенін, қымбатшылық белең алғанын ашық айтты. Жұртты жұмыспен қамтуға арнайы жоспар немесе жол картасы жасалу қажет деді. Тоқаев баяндамасында ол мойындаған мәселелер мен оларды шешуге арналған тапсырма-ұсыныстар аз айтылмады. Сөзінің соңына қарай ол Үкімет пен әкімдікке екі аптада облысты дамытуға арналған кешенді жоспарды бекітуді тапсырды. Редакция алдағы уақытта жағдайдың өзгеру барысын бақылайтын болады.
2021 жылы Маңғыстау облысындағы жұмысшылар ереуілі әдеттегіден жиілеп, наразылық шаралары айтарлықтай көбейді. Жаздың өзінде жиырмаға тарта кәсіпорын жұмысшылары жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Талабы ескерілмеген соң апталап жатуға мәжбүр болған жұмысшылар әдетте президент Тоқаев пен премьер-министр Маминнің атына әлеуметтік желілер мен интернет платформалары арқылы ашық үндеу жасайды. Көп жағдайда жұмыс берушілер ереуілшілермен келіссөз өткізіп, олардың талаптарын толық және көбіне ішінара орындады.
Тәуелсіздіктің 30 жылында өңірге 7 триллион теңгеден астам инвестиция тартылса да жергілікті тұрғындарға жұмыс тапшы, жұрттың тұрмысы нашар.