Қазақстандықтар осы жыл басында болған оқиғаларды көпке дейін ұмыта алмасы анық. Бұрын мұндайды көрмеген ел жаппай есеңгіреп қалды. Осы кезде күштік құрылымдар мен қауіпсіздік қызметінің қандай деңгейде екендігіне бәріміз де көз жеткізіп үлгердік. Шенеуніктердің де қарым қабілеті белгілі болды. Бейбіт митингіге шыққан наразылық білдірушілер ұйымдаса алмады. Олар үкіметке өз талаптарын жеткізудің жолын білмеді. Яғни, шарттарын санамалап қоя алмады. Соның кесірінен бейбіт басталған шеру маңызын жоғалтып, ретсіз текетіреске, қақтығысқа ұласты.
Наразылық білдірушілер арасында ауызбіршілік пен халықты басқаратын сөз бастайтын көшбасшылардың жоқтығы жаппай тәртіпсіздікке әкелді. Мұны арандатушылар өз пайдасына жарата білді. Лаңкестер қару-жарақ қолдануға дейін барып, халықты өздерінің жағына шығаруға барын салды.Онымен тоқтамай полиция мен әскерилерді, жап-жас жауынгерлерді ұрып соқты. Тәртіпсіздікті ұтымды пайдаланған ұры-қарылар сауда орталықтары мен дүкендердегі мүлікті талан-таражға салды. Ал, ел басына осындай сәт туғанда шенеуніктер, әскерилер мен полицейлер нақты шешім қабылдап, қарсы әрекет жасай алмады. Мұның әлі талай мақалаға арқау болары анық.
«Антитеррорлық операция» әлі жүріп жатыр. Десе де, қазірдің өзінде қарапайым тұрғындар әсіресе, қаза тапқандардың туыстары елді алаңдатып отырған көптеген сұрақтарға жауап күтеді. Бұл қатарда бірқатар халықаралық қауымдастық та бар. Елге террористердің қалай кіргені, олардың нақты саны, сондай-ақ лаңкестерге шетелден ықпал болды ма? деген сауалдар объективті түрде әділ тергеуді қажет етеді. Сонымен қатар, наразылық білдірушілердің қолындағы қарудың көптігі де алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл мәселенің де басы ашық қалып отыр. Ал, тәртіпсіздіктерге түрткі болған кедейшіліктің әлеуметтік-экономикалық себептерін қазірден бастап талқылау керек.
Қақытығысқа деструктивті күштердің ықпалы болғаны рас. Бірақ, кедейлік, жұмыссыздық, бағаның өсуі, аймақтар шалғайда ауылдардың экономикалық жағдайы жаппай халықты наразылық танытуға итермеледі.
Әрине, қылмыскерлер мен арандатушылардың, радикалды ұйымдар жетекшілерінің ықпалының болғанын жасыруға болмайды. Дегенмен, расында байлар мен қарапайым тұрғындар арасындағы әлеуметтік теңсіздік тым алшақтап кетті. Жоғарыдағылар болса, оның себебіне үңіліп бастарын ауыртқылары келмеді. Осыдан барып халықтың басым бөлігінің тапқаны ішіп-жемінен артылмайтын халға жетті. Наразы болған жұрттың алаңға шығудан басқа амалы қалмады. Болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермес үшін, алдымен оның себеп-салдарын зерттеген жөн. Шеруге шыққандардың дені республиканың түкпір-түкпіріндегі ауылдар мен қалалардан, облыстардан келген. Олардың жағдайын жақсы деп айтуға келмейді. Егерде тұрғындар әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілген болса, митингке шықпаған болар еді.
Кедейлік қазақ қоғамының табиғи жағдайына айналды десе де болады. Тәуелсіздік алғалы бері үкімет кедейшілікпен күресіп, халықтың кірісін арттыруды, ең төменгі жалақыны бақылаудың орнына статистиканы сөйлетіп қойды. Жалған деректер мен сандар елде мүлдем жұмыссыздық жоқ. Соған орай кедейшілік те жоқ, дегенді көрсетті.
Үкімет кедейшілікті есептеудің бұрынғы кеңестік кеңістікте, ең артта қалған елдерде қолданылған нұсқасын әзірледі. Осы әбден ескірген «абсолютті тұжырымдамасын» жазып, ұялмастан халыққа ұсынды. Бұл тұжырымдама ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70%-ға жоғары, яғни айына 23 111 теңге алатын азаматтардың кедей еместігін, осыға сәйкес олардың әлеуметтік көмек пен мемлекеттік қолдауды сұрай алмайтынын қалыпты жағдай деп санайды.
Бірақ бұл ақшаға сол адамның азық-түлігіне, киіміне жетуі қажет. Оған қоса, бір жерде тұрып, отбасын асырауы керек. Осының нәтижесінде Қазақстанда ондаған жылдар бойы кедейлік көрсеткіші жалпы халықтың 3-5% деңгейінде деп көрсетілді. Бұл елдегі 1 миллионға жуық азаматты құрайды. Бүкіл дамыған елдердің өзінде «салыстырмалы кедейлік» ұғымы қолданылады. Мұндағы мақсат кедейлердің санын жасыру емес. Қайта көмекке мұқтаж жандарды тауып көмек көрсетуді көздейді.
Егерде азаматтардың көпшілігінің орташа жалақысын алып санасақ, онда ел халқының 10%-дан 25%-ға дейінгі бөлігін кедей деп санауға болады. Бірнеше мәрте қақтығыс болған, мұнайы мен газы жоқ Украинаның өзінде ең төменгі жалақы 6500 гривен немесе 230 АҚШ долларын құрайды.
Ал, батыстың санцияларының ықпалында болған Ресейде өзінде бұл көрсеткіш 180 долларға жуықтады. Ал, Қазақстанда 130 доллар.
2022 жыл басталысымен газ және басқа да энергия көздерінің бағасының негізсіз өсуіне халық бірден қарсы шықты. Себебі одан әрі төзе алмады. Тарифтің көз ілеспес жылдамдықпен өсіп жатқандығы, үкіметтің бағаны тұрақтандырмақ болған қисынсыз әрекеті халықтың ашу ызасын келтірді. Оның үстіне жұрт пандемиядан, соған байланысты болған карантиндік шектеулерден де әбден қажыды. Нәпақасын шағын кәсіпкерліктен тауып отырған жұртшылықтан да маза кетті.Тіпті,елді жайлаған індеттің кесірінен бизнес нысандары банкрот болып, жабылып тынды.
Қазақстандағы кедейліктің өзіндік бет-бейнесі бар. Оған көбіне көпбалалы отбасылар мысал бола алды. Олар жоғары білім ала алмаған, керісінше несие мен қарызға белшесінен батқан. Мұндай көрініс еліміздің барлық аймағында кездеседі. Алайда, мұның осы аталған классикалық мысалдардан айырмашылығы және бар. Яғни, Қазақстанда жұмыссыздар ғана емес, жұмыс істеп, салық төлейтіндер де кедейленіп барады.
Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан халықтық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров: «Біз Қазақстандағы кедейлік проблемасына нақты үңіліп жатқан жоқпыз. Кедейлік пен жоқшылық - Қазақстанның басты экономикалық түйіткіл мәселесі болып табылады. Осыған басты мән беруіміз керек. Бірақ үкімет мұны әлі түсінбей жатыр....», деп дабыл қаққан болатын...
Оның пікірінше, кедейшілік ауқымы орасан зор және ол халықтың еңбекке қабілетті бөлігін қамтиды, Бұл дегеніңіз шамаменн 5 миллион еңбекке қабілетті адам. Яғни, бүкіл жұмыс күшінің (экономикалық белсенді халық) 60% құрайды. Алайда, бізде бәрі керісінше болып жатыр. Әлеуметтік көмек көрсету, жаңа жұмыс орындарын ашу, салықты азайту жобаларының орнына халықтың кірісін азайтатын шаралары басымдыққа ие. Мәселен, бағаның өсіру, салықты көтеру, бизнесті тексеру сияқты науқандық жұмыстар жұртшылықты әбден шаршатты. Сонымен қатар, БЖЗҚ-дан артық қаражатты алуға қатысты жүйе дұрыс жасалмағандықтан, еліміздің көптеген қалалары мен облыс орталықтарында жылжымайтын мүлік бағасы мен жалға алу ақысының өсуіне әкеліп соқтырды.
Халықтың жаппай наразылыққа шығуының тікелей себебі осы кедейлік екені қазір бәріне аян. Ресми деректерге сүйенер болсақ, өткен жылы қала мен ауылдағы кедейшілік деңгейінің ең үлкен айырмашылығы Атырау (9,8 есе), мен Маңғыстау (3,2 есе) облыстарында байқалған. Сондықтан, шеру мен бейбіт митингілердің дәл осы аймақтардан басталуы тегін емес. Атап айтқанда, Қазақстанның батысында және оған қоса Алматы мегополисімен шектесетін Алматы облысында кері кеткен экономиканы, туындаған қисапсыз әлеуметтік мәселені жасырып жабу мүмкін емес.
Осы айтылғандарды қорытындылай келе, экономиканы сауықтыру бағдарламалары, ең алдымен, кедейшілік пен жұмыссыздықты азайтуға әсер ететін салалар мен жобаларды қамтуы керек деп ой түйеміз. Әрине, Қазақстандағы кедейлікті «өзін-өзі жұмыспен қамтумен» дегенді желеу етіп жасыруға болады. Бірақ бұл мәселені ушықтыра түскені болмаса, кедейліктен құтқармайды. Яғни, жараның бетін жаба тұрғанмен бірдей. Сондықтан, әлеуметтік саясатты қозғағанда ең алдымен, осындай жанжалдардың алдын алу үшін кедейшілік пен жұмыссыздық мәселелерін шешуден бастау керек. Кедейлікті бір шешіммен немесе бір құжатпен жою мүмкін емес. Митингке бейбіт талаптарын айтып шыққан Қазақстанның қарапайым азаматтарының дерлігі кедейшілік пен жоқшылық көргендер екені мәлім. Ең болмаса үкімет осыдан кейін жағдайды бағамдап, нақты іске көшетін шығар деген үміт бар.
A+Analytics, Шәріп Ишмұхамедов