ТҰТҚЫНДАУ

Бетеге дір етті,
Бел асты шаң көрінді,
Сылп еткізді келіншек сәнді ерінді.
Ұрттай берген қымызын кері ысырып,
Төреңіз де басқаша мәнге кірді.

Қабақ керіп қарайды,
Паң мінезі,
Жұртта қалған хан өзі, хандық өзі.
Қыр астынан қырағы көкті барлап,
Аңдып жатыр кәзаптың қанды көзі.

Ат тұяғы дүркіреп, дүбір шықты,
Көзін жұмып, молдекең ыңырсытты.
Аттан ауып офицер құдық басы,
Су тартып тұр, зарлатып шығыршықты.

Ақ селеулер желбіреп күлте шашы,
Ойбай салған сияқты үрке қашып
Қымыз құйған келіншек қатып қапты,
Қашты үйіне қорқақ шал сілте басып.

Тұтқындайды,
Жасанған бар жасағы,
Обалы осыларға қарғаса әні.
Тобылғы қып-қызыл боп ыза кектен,
Балағына солдаттың жармасады.

Жарқ етіп алмас қылыш шауып түсті...
Дала да сезеді екен қауіпті істі.
Жау жолын аңдып жатқан қақпан құсап,
Түйетабан біреуін қауіп түсті.

Мырс етті,  соны көріп Төреңіз де,
«Қош болыңдар,
Келмейміз бе?
Келеміз бе?
Көрмейміз бе?
Көреміз бе?
Туған жер киең болса елді сақта,
Құл-құтанды ойнатпай төбемізге!»

Шаң ұзады,
Бетеге дір етпеді,
Басқа салса қиямет қыл өткелі.
«Қазақ – Азап – Азат» деп күбір етті,
Үш ауыз сөз сол еді жүректегі.

«Қош, Қош» деді,
Сырындай бір ақтарған,
Көз жас ақты жылғадан, бұлақтардан.
Адамдар ма жылаған, жо-жоқ жаным,
Жусандар ғой, жусандар жылап қалған...

04.03.2016

    * * * 

Табаны қарға басқан мөр секілді,
Жанары қарғап ашқан, көр секілді,
Азуы жаңа туған Ай сияқты,
Дауысы қобыздағы шер секілді,
Мынау тірі қасқыр еді ғой!

Табаны – кепкен мейіз əжімделген,
Жанары мұңлы əйелдей назын берген,
Азуы иесі өлген тұл қылыштай,
Дауысы?..
Дауысына жазым келген,
Мынау өлі қасқыр ғой!

Мұң болғандай басына мінсіздік көп,
Тулақты бұл ендігі құнсыз бүктеп.
Ортамызға келді де тұрып алды,
Өлім дейтін үнсіздік кеп.

  

 ҚАНСУСАР

 

Мен өлсем өлем,

Жастығымды алып,

Басымды тігем бәсті күн барып!

Тырмалап жатыр кеудемді менің,

Қақпанға түскен қасқырым налып!

 

Балықтай асау бұлқынып жатып,

Өлген де жақсы шіркін, үн қатып.

Садақша керіп қасымды мынау,

Жатамын жауға кірпігімді атып.

 

Қарашықтарым нұры сөнгенде,

Қарғыс айтады, түбі сендерге!

Қарғыс айтады құлдары менен,

Ұлтын сатқан ұлы шендерге!

 

Қарысып қалған жұдырығыммен,

Қалықтап кеткен қыдыр үніммен,

Қорқаудың барлық зәресін алып,

Іркіт ішкізсем іріңді күннен!

 

Қаһарлы қосын алсын кегімді,

Мүсінге сомдап қан-сүлдерімді.

Мен өлсем өлем баурыма басып,

Бабадан қалған аршын жерімді!

 

Баламнан алған баршын белімді!

 

2015 ж

 

ҚАРА КӨБЕЛЕК

 

Қара көбелек,

Көлбеңдеп ұшқан,

Болмысы бөлек шерменде құстан.

Тағдырың сенің тауқымет екен,

Жерден де ығысқан, желден де ығысқан.

 

Қауырсыны жоқ, перде қанатың,

Зерлеген оны зергер қара түн.

Өмірің сенің өнеге екен ғой,

Жанымды менің шерге малатын.

 

Қара көбелек, көлбеңдей беріп,

Төбеге ұшқан, төменді игеріп.

Аппақ раушанға қондырдым сені,

Ұстатпай жүрген өлеңдей көріп.

 

Жаныңа жағып шырыны гүлдің,

Сарғайған сабақ түбіне үңілдің...

...Құрт жеген мынау жапырақ та да,

Белгісі жатыр бұрынғы күннің.

 

01.02.2016 ж

 

МЕН – ЖАУАР БҰЛТ

 

Мен –

Кеудесін жасын қыжылдатқан,

Зіл батпан,

Жауар бұлт.

 

Түнеріп кеп, түмен-түмен түркідей,

Көз жасымды көл үстіне бүркімей,

Шөлге құйсам деп едім,

Шөбі шөккен кірпідей.

 

Жасыныммен жəй түсіріп,

Жарқ еткенде жанарым,

Көңілі ала ағаның,

Қоздап жатқан шаланың,

Төбесінен күркіресем деп едім,

Сіркіресем деп едім.

 

Мен – жауар бұлт,

Жаумай бір кетпен шөлге кеп,

Кеудесін жалап кермек от,

Буырқанған бурадай,

Былш еткізіп бұршақ түкірсем,

Жын жайлаған жерге кеп.

 

Нөсер боп құям,

Мен солай жауам мелдетіп,

Сағынған елдің терезелерін терлетіп.

Бұлтқа айналған жүрегімді сығымдап,

Мен солай жауам,

Пенденің бәрін шерлі етіп.

 

Мен – жауар бұлт,

Жырымнан жаңбыр себезде,

Күркіреп тұрып күлермін,

Көп езге.

Күркіреп тұрып күлермін көктен кеп,

Өлермен өңшең өңезге!

 

***

ҚИЯМЕТ

Түсімде,
Ысрафил сүр үрлеп,
Кетті мынау жер-дүние дүбірлеп.
Тау құлады,
Кəрі ағаштар тамырымен атып тұрды,
Адам құсап күбірлеп.

Ағынды су тоқтап қалды,
Жел де тыныш.
Сүр үні...
Жанартаулар атқылады,
Желбіреген тұлымы.
Жерден өсіп,
Көрден шығып келе жатты,
Қаңқа сүйек жұлыны.

Дұға оқуды ойлап бір сəт бұлқындым,
Оқи алмай қылқындым.
Қияметте қиын шығар жағдайым,
Саған құл боп өттім бе екен құлқын күн?!

Көк қақырап,
Жер дірілдеп,
Тұлданды,
Уа, Тəңірі, қинамай ал бұл жанды.
Өмір бұған төккен күлдей сұрланды,
Бұл да өмірде қылатынын қылған-ды.

Қас-қағым сəт,
Көрден тұрған аруақтар аңырап,
Адамзаттан ауып түсіп тағы бақ  -
Қиямет күн тұр екенбіз,
Мен кітап құшақтап,
Біраз ақын медаль, орден тағып ап.

Уа, Тəңірі,
Тұлданғанда жеті қат жер,
Жеті көк,
Кемпірқосағым сетінеп.
Күнəм төбемнен жауып тұр,
От болып жанып екі бет!

Уақыт тоқтады,
Уақи сарқылды...
Мұхиттар тартылды.
Қарғалар түн құсап түнеріп отырды,
Тыя сап қарқылды.

Мен шошып ояндым...
Егілдім.
Шекесінен маған қарап шегір күн,
Таң атып келеді,
Түнмен кет,
Сұммен кет,
Құммен кет,
Жаман түс жебір мұң!

25.02.2017 ж

 

МЕН ҚОЙҒАН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕР

 

Мен өмірге тыныс белгі,

Он сегізде қойғанмын.

Сол қылығым дұрыс пе енді,

Ойландым.

 

Шалғы басы сияқтанған,

Үтір қойдым кідірсем.

Жаңа Ай құсап қияқтанған,

Сұрақ қойдым мүдірсем.

 

Он сегізде ойран салған,

Аңқыған жас сүт демі.

Бір түкіріп қоя салғам,

Сөз соңына нүктені.

 

Жастайымнан жасық емен,

Кеудемді бұл кек керді.

Қадап қойғам басыменен,

Талай-талай леп белгі.

 

Отызға кеп сүріндім мен,

Ту сыртымнан жау атты.

Он сегізде бүгінгімнен,

Болған екем «сауатты»!

 

01.11.2016 ж

 

Сен кезіктің,

Мен жалғыз жүрек едім,

Сүйді армансыз сүйсінген жүрек ерін.

Сүйді армансыз сүйсінген жүрек ерін,

Өңге айналып кеткендей гүл өлеңім.

 

Тағдырымды оқыдың көз нұрыңмен,

Адам болып кетпес пе ем, өздігімнен?!

Әйелдігің ұстай қап осы сәтте,

Біраз жерін түзедің көзге ілінген.

 

Әйелдігің ұстай қап, тағы бір сәт,

Жүрекке ендің жаныма әбігер сап.

Қанша қыздың елесін қуып шықтың,

Қашқан қызды қайтесің, бәрі келсап.

 

Қалай – қалай құбылды дағды күнім,

Сен кезіктің, өзгерді барлық ұғым.

Құдай сенің нәп-нәзік саусағыңмен,

Біраз жерін өзгертті тағдырымның.

 

20.11.2016 ж

 

Адамды сүюге болады,

Серт етіп сенімге,

Бір қызық хикая, сүйгенім менің де.

Жүрегім – махаббат,

Тамырым – сия-дүр,

Қан да бар –  оным тек ерінде!

 

Тамырым бүлкілдеп,

Қап-қара сиялы,

Миымның ішінде баланың қиялы.

Бір жанды таба алмай қамыққан жанарға,

Өлген соң күллі әлем сыяды!

 

Мен әлемді қайтем?

Әңгіме сүйгенде,

Мәжнүн зар тартады күй кеуде.

Қап – қара ойымның ішінде,

Ақ шұға бір сәуле билеуде!

 

Махаббат бәрінен төменде,

Бәрінен жоғары!

Жоқ ары жандарға обалы!

Біреуді бір сәтке сүйе алсаң,

Мәңгілік сүюге болады!

Болады!

 

***

 

Мен сенің терезеңнің алдындамын,

Көңілімде қалың сел,

Қарғын жауын!

Ысқырып қап сыртымнан сұп-суық жел,

Мені айналып үріп жүр ал құм, дауыл.

 

Әйел деген әулие,

Сездің білем,

Перде ішінен сығалап көз дүрбімен.

Жанарымды көрдің сен жас іркіген,

Ерінімді көрдің сен сөз мүлгіген.

 

Қабырғаңа сүйеніп көлеңкеммен,

Батар күн ба, жоқ әлде мен өртенгем.

Терезеңнің алдында өткен шақ тұр,

Өмір сүргің келеді сен ертеңмен.

 

Зағип жанның итіндей жол бастаған –

Көлеңкем ғой жасаған алғаш қадам.

Терезеңе телміріп өткен шақ тұр,

Мен емес тек,

Мен емес ол басқа адам…

03.01.2018 ж

 

СӨЗ

 

Менің сөзім – жанымның буы,

Қайнаған сақардай!

Ел құсап – енжар жата алмай,

Бөбешігім қоңыраулап сөйлеймін,

Айтпасам, сілем қатардай!

 

Мидағы  шу мен тілімнің заһар уынан,

Кеудемде балқып,

Аузымда суыған.

Сертті сөзімді,

Дертті жанымнан суырам.

 

Сосын,

Менменсінген мекердің,

Үкімін оқиды Сот ернім.

Іркілген кезімнен іріген сөз болса,

Онымды қақыра саламын,

Дертімен жөтелдің.

 

Менің Сөзім –

Бабадан қалған сүрлеулі сыбағам.

Сөз дегенім –

Мына сүйек, мына қан!

Керек десең, ойыңдағы өлген сөздің сәулесі,

Анау жұлдыз құлаған!

 

Сондықтан,

Сүлік тіліңнен сорғалап қызыл қан,

Сөйле,

Ұлыңды айт ұрынған,

Қызыңды айт бұзылған.

Дініңді айт,

Тіліңді айт,

Жақшаға қамалған,

Белінен сызылған!

 

Сөйле,

Ханға тартқан табақтай мүшелеп сөзіңді,

Айт,

Айдай жұқарып бара жатқан төзімді.

Дәлел десе, ойып алдына сал,

Ойыңа куәдар,

Пірадар көзіңді!

 

Сөйле,

Жаныңның буын бұлттай түт,

Өл,

Жалдамшы болған жұртты айтып.

Жетімектің жанарындай жәудіреп,

Алдамшы болған ұлтты айтып!

 

Сөйле,

Таңдайыңа ағып түскенше бадамша,*

Сосын, міне, жаным дерсің,

Жан алса...

Ақын құсап өлу керек, біздерге,

Өмір сүре алмасақ егер адамша!

 

* Бадамша — мұрын, жұтқыншақ, ауыз қуысының аралықтарында орналасқан бездер.

07.03.2018 ж

 

 

Қара өлең һәм Қара түнге ода

 

Менің жүрген жолдарым,

Шөгір, шөңге,

Шөгір, шөңге болса да көңіл сенде.

Ұйқассыз ақөлеңдей түйінделген,

Өлімнен басқа не бар,

Өмір сенде?

 

Айдың нұры – сүттей ақ төгіп алған,

Көкте жұлдыз – көп мысық көзі жанған.

Қара түнде әйтеуір қара өлең бар,

Ал күн деген  – проза,

Сөз ұзарған.

 

Түнді сүйем,

Түртпектеп түйсігіммен,

Иттей болып қасқырдың исіне үрген –

Айналамда ақ өлең,

Ақ өлім жоқ,

Біздің ажал – сүю мен сүйсінуден!

 

Көлеңкемді ұзартып күн туады,

Күндізгі өмір көп сөйлеу, қырту әрі.

Түнде әйтеуір керемет құдірет бар,

Түнде әйтеуір іңгәләп жыр туады.

 

Менің салған жолдарым,

Ала-құла!

Күн тіреліп өксимін тамағыма.

Қара түнде Ай құсап жаңа туған,

Ұйқы есінеп құлайды Жан-Арыма.

 

09.01.2018 ж

 

***

 

Көмейімді күйдіреді,

Өксік өлең, заһар жыр,

Тас бауырың жібімеді а, тағдыр?!

Қарағанды қайыршының қаласы,

Қайыршыдан қайыр күткен шаһар бұл.

 

Жер бауырлап дедектетіп,

Иісшіл ит көлеңкем,

Тағы да бір мекемеге апарады мені ертең…

Ақынмын деп айта алмайсың,

Ақын құның көк тиын,

(Адам болып кімді сонда көгертем?)

 

Бұл ғимарат, сырты сұлу,

Іші көр,

Өңшең өңеш,

Қайда кеткен кісілер?

Мен секілді далалықтар жоқ мұнда,

Жусан аңқып,

Жылқы құсап кісінер!

 

Қос қабағы жиырылып,

Оқжыландай атылуға шақ қалған,

Боққа малған тұмсығын,

Көкке безер ақ қарғаң –

Есігінен шығасың,

Көлеңкеңді сүйретіп,

Намысыңдай тапталған…

 

Көмейімді күйдіреді,

Өксік өлең, заһар жыр,

Өмір дейтін өгей әке, қатал-дүр.

Қарағанды қайырсыздың қаласы,

Қайыршыдан қайыр күткен шаһар бұл!

 

***

 

Ауылыңның шетінде қарағай-тал,

Қарағай-тал қарғаға талақ айтар.

Бүлдіргендей ерніңді ұят мөрлеп,

Сөз өксікке айналды маған айтар.

 

Ай ұлып, бұлт бүрлейді тау басында,

Тұсаулы ат шоқаңдайды саумал суға.

Жауабын жұмбағымның сен айтпадың,

Ішімде екі пері дауласуда.

 

Байғыз құс баяғыдай қарғанулы,

Қарағай-тал мүлгіді, қарға күлді.

Жұлдыз ақты, сандалып соған айттым,

Саған айтар арманымды.

 

Тал сілкініп оянды, қылаңдап таң,

Көлеңке сайдан сусып, бұлаң қаққан.

«Қош» дейсің, қалай кетем, қайда барам,

Көтеріп зілдей мұңды мынау батпан?

 

Ауылыңның шетінде қарағай-тал,

Қарағай-тал қарғаға талақ айтар.

Мөрлі ерніңнен мөлт еткен сөз шығаршы,

Жүрегіме құндақтап ала қайтар.

 

2018 жыл

 

 

***

 

Әуелеп ұшқан бозторғай,

Бозала таңға жар айтар,

Боздап тұрып дауысы,

Бозінген көкке зар айтар.

Менің де жаным шеменді,

Шешімін оның кім айтар?

Уа, жұртым?

 

Бұл дүние дегенің,

Бұлт астында бұлыңғыр.

Бұл дүние дегенің,

Күн астында шіліңгір.

Ақ сөңке сүйек сөз қазір,

Тілім-тілім Тілім-дүр.

Уа, жұртым?

 

Тасқа біткен көк қына,

Бояуын езсең алқоңыр.

Бүгінгінің баласы,

Көңілсіз туған, шалкөңіл.

Ақиқат екеу бола ма,

Шапан әппақ, сәлде кір.

Уа, жұртым?

 

Әуп-әуп үрген ақ тазы,

Аңға шабан, асқа дөп.

Жақсыдан туған жаман бар,

Жаманнан туған қасқа көп.

Қамкөңіл едім, қайтейін,

Көзімнен тамар жас нәлет!

Уа, жұртым?

24.04.2018 жыл

 

“The Qazaq Times”