Бүгін Қазақстанда елдегі 4 мыңға тарта кітапханада 5.7 млн оқырманға білім-ізетімен қызмет көрсетіп жүрген 10 мың кітапханашының кәсіби мерекесі.
Екі жыл алдын, 2022 жылы 18 қазандағы үкімет қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» болып бекітілген. Адамзаттың ақыл-ойына қойма болып, ар-ождан, парасатын сақтап-ұсынып отырған аса қадірлі мәдени орда қызметкерлерінің еңбегі ерекше.
Білім мекені саналатын мекеменің ділмар тыныштығы жанға дауа, ойға дем береді. Балаларға ілім арттыратын, ересектер күнделікті тірліктің әуре-сарсаңынан бір уақ оқшауланып, рухани азықтанатын орын. Қазақ қаламгері Ғабит Мүсіреповтің «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген пікірін көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – Кітап, адамзат еткен – Кітапхана» деп түйіндеген. Бұдан артық баға, анықтама табу қиын.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан оқу орындарындағы мекемелерді есептемегенде, өз алдына жұмыс істеп тұрған 4 мыңға тарта кітапханаға 5.7 млн оқырман барады, ондағы 1.6 миллионы бала.
Былтыр кітапханашы мемлекет қорындағы (қайталануы мүмкін) 66 миллион кітапты қолға беріп, қайтарылуын қадағалаған.
Елімізде 3924 кітапхана бар, таратып айтқанда, 3909 кітапхана мемлекет меншігінде, 15-сі жекеге қарайды. Олардың 14%-ы қалада, 86%-ы ауылдық жерлерде. Оның 3 877-сі әмбебап, яғни көпшілікке арналған, 260-қа жуығы балалар және жасөспірімдерге арналған, 20-сы ғылыми және тағы 20-сы ғылыми бағытта жұмыс істейді. Ең көбі Түркістан (400-дей) облысында, ең азы Астана (23) қаласында.
Республикадағы 4 мыңға тарта кітапхананың оқу залы жалпы сыйымдылығы 42 мың оқырманға шақталған. Бір өкініштісі, пайдаланушыларға арналған компьютерлер саны 5 мыңға жетпейді. Ауылды жерлердегі кітапханалардың 45%-ы (1515 нысан) интернетке қосылмаған.
Кітапхана саласындағы 10 мыңнан аса қызметкердің 21%-ы жастар. Осы мақсатта кейінгі оқу жылдары сегіз университетке мемлекеттік тапсырыс негізінде «Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және мұрағат ісі» мамандығына 100 шақты грант бөлініп келеді.
Кітапханашының ісі келген-кеткен оқырманды тіркеп, қағаз толтыру ғана емес, олар ұдайы мәдени жаңалықтардан хабардар болып отырады. Күнделікті ақпарат ағынын қадағалайды. Мәдени-қоғамдық тақырыпта арнайы көрмелер әзірлейді, оқырманын тілеуіне жеткізеді, танымдық іс-шаралар өткізеді. Сырттай іш пыстырарлық көрінетін, шынында пайдалы шараға оқушы, көрермен тарту да қолында әкімшілік ресурсы жоқ кітапханашыға көп салмақ түсіреді.
Алматы қаласындағы отыздан аса кітапхананың көбі жаңарды, үшеуінің есігі тәулік бойы ашық. Кітапханашылар үш ауысыммен қызмет етеді.
QT редакциясы кітапхана әлем кітапханаларындағы 20 млрд кітаптың 73 миллионын баптап-күтіп отырған қазақстандық кітапханашыларды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтайды. Жеке тұлға ретінде адами болмысқа қажет бар бақытты, кәсіби маман есебінде өрлеу-табыс тілейміз!