Кеше, 9 сәуірде, Алматы қаласы Орталықтандырған кітапхана жүйесінің №44 кітапханасында екі жас ақынның жыр жинақтары тұсауы кесіліп, оқырмандарына жол тартты.

Әдеби шарада Ретбек Мағаз бен Еркежан Бейсенбекқызы қатарлы ақындардың "Шексіздік үні" және "Ана жүрегіндегі өмір" атты еңбектері оқырмандарға таныстырылды. Аталған жыр жинақтарының тұсауын бүгінгі қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі Мұрат Шаймаран мен ақын Болат Құрманғажыұлы кесіп, оқырман өрісіндегі жолына сәттілік тіледі.

Ақын Мұрат Шаймаран мен Болат Құрманғажы жаңа кітаптардың тұсауын кесті. Фото: By Алтынай Мұрат

Тұсаукесерден кейін ақын Болат Құрманғажы Еркежан Бейсенбекқызының шығармаларына әдеби тұрғыда талдау жасаған баяндамасын оқыса, ақын Мұрат Шаймаран қос ақынның шығармаларының негізгі ерекшелігін айта келіп, қазақ поэзиясына Ретбек Мағаз бен Еркежан Бейсенбекқызы сынды таланттардың келіп қосылғанына айрықша қуанышын жеткізді.

Жыр кешінің мазмұнын дәстүрлі әнші Ермек Рахмбайдың орындауында ақын Ретбек Мағаздың әні мен сөзіне жазылған "Аңсатым-ай" әнін тіпті де байыта түсті. Поэзия кешінде Қойшыбек Мүбарак, Ұлан Бапай, Ырысбек Дәбей, Тұрдыхан Айдархан қатарлы әдебиет өкілдері Ретбек Мағаз бен Еркежан Бейсенбек сынды жас ақындардың шығармашылық ерекшеліктері, жалпы қазақ поэзиясының қазіргі жаңалығы туралы өз пікірлерін ортаға салды.

Қазақ поэзиясына жаңа жыр жинақтарын тарту еткен қос ақын бұған дейін де поэзия сүйгіш оқырмандарға таныс болып үлгірген еді. Ақын Еркежан Бейсенбекқызы "Теңізге ғашық бұлақтар" атты Қытайдағы бірқатар жас ақындардың жыр алманағы арқылы Атажұрттағы әдебиет қауымына аты таныс болған. Ал, Ретбек Мағаз болса, студент шағында "Ғайыптан тамған тамшы" атты жыр жинағымен поэзия көшіне ілескен. Ретбек Мағаз қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушы болып жұмыс істейді.

Шара соңғындағы арнайы қонақасыға жалғасып, қазақ поэзиясының "жас бөрілері" өлеңдерімен өрнектеліп, ән-күймен әрленді.

Мұрат Алтынай 

The Qazaq Times