Жыр сүйер қауымға "Жоңғария сағынышы" атты жыр топтамаларымен белгілі болған талантты ақындарымыздың бірі Ерзат Асылдың "Сары күзде сапар шеккен тағдырмын" атты бірқатар жаңа өлеңдерінің топтамаларын оқырман назарына ұсынамыз. 

 

Іздеу

 

Асыға ағар уақыттың арнасы,

Айтар  күбір ерініңе байланды.

Дәл сол күнгі қоштасудың ақ жасы,

Арамызда  ақ теңізге айналды.

 

Тамшы жастан тұнған алып арнада,

Қара дауыл қайығымды шайқамақ.

Ал мен үнсіз өз дұғамды арнапап,

Жатам сосын,

Елесіңе жазған  жырды қайталап.

 

Өтінемін,  жолықсақ  тек мөлтілде,

(Қалдым қанша алапат  от өртінде)

Көк теңізден неге іздеймін толқын боп

Жоғалтсам да  сол түнде...

 

Жаратқаным  жазбаған-ау жол  бізге,

Қаңбақ  қуып, қаңғып  кеткен желміз бе?

Сені неге көктемдерден іздейін?

Адастырып жөнелсең де сол күзде.

 

Маған кейде сыбырлайды ажал кеп:

– Көкжиекке оны  көміп кеткем, – деп.

Ал мен барам толқын ұрған тозаң боп,

Күте-күте оралар деп көктемде.

 

 

Айналар бәрі көркем елеске

 

Жанарларынан жасыл  нұр атқан,

Еркелігі аумас есіл бұлақтан,

Әй, менің нәзік наз гәкулерім –

Барам нұрлы бір алаңға асығып,

Жолдарым кетер сонарға сіңіп,

Тәңірім бізге тек сағынудың жазбақ күндерін.

 

Сендерден неге тым жырақ кеттім?

Жүректе жатты мұң  жылып көп күн,

Өмір көнбейді-ау өкінгеніме.

Сарсаң күндердің бәрі ұмыт қалып,

Қанаттарыңнан сағыныш талып,

Жетіңдер аппақ қуларым менің,

Жетіңдер көңіл  «жетім көліне»

 

Тәп-тәтті түсім...

Сары дала төсі сағымға айналып,

Барады дүние жалынндай жанып,

Жанымның шоғын түн үрлеп еді.

Жалқынға малтығып  соғады жүрек:

«Өзегіңді өртеп жандаы бір от», –

Көлеңке солай күбірлеп еді.

Ертеме, кеш пе,

Бәрі де айналар көркем елеске.

Сендер деп сезем,

Алатаудан самал еркелеп ессе.

 

 

Түсімде ылғи таулар жүзіп келеді

 

Бірде «Шетелдегі Қазақ балалар» бағдарламасында мұхит асып кеткен қазақ баласы журналистпен болған әңгімеде «түсімде ылғи тауларды көремін» дегені есімде.

 

Көздерімде көкжиектің тереңі,

Жүрегімде жұлдыздардың өлеңі.

Жан ағатай, мен ғажайып түс көрдім,

Көк теңізде таулар жүзіп келеді.

 

Қарсы жүзсе дауыл соғар демінен,

Ақша бұлттар әрең асар белінен.

Мұндай алып шыңды сірә кім көрген,

Матшасы үлкен нән кемелер көріп ем.

 

Бірақ таулар тоқтамады жағаға,

Үрейленіп шулады ұзақ шағала.

Алыс шеттен ақ орамал бұлғады,

Әппақ қайың айналды да анама.

 

Күтіп ем ғой күндер санап,

айды   аңсап,

(Жүрек солай сағыншқа байланса)

Көк тіреген шыңдар кетті  алыстап,

Анам құшақ жайғанша...

 

Таулар, сірә, ғайып болды  кенеттен,

Дауыл тұрды, нөсер төкті шелектеп.

Мен оларды  келеме деп көп күттім,

Келмеді олар – көк теңізге көп өкпем.

 

Бір елесін  қуалаймын  аңыздың,

Көкрегімде тербелісі теңіздің.

Қайран құмға бауырымды төседім,

Толқындарға көзден моншақ көп үздім.

 

Ақ қайыңдар сағынамын мен оны,

Көз алдымда көк теңіздің тереңі.

Толқындармен қуып келем жармасып,

Түсімде ылғи таулар жүзіп келеді.

 

Көкірегіме тығылады бір үн кеп

 

Құс жолынан шексіздікке шарық ұрған,

Жұлдыздардың көзіндегі жарқылдан.

Көкірегіме тығылады бір үн кеп,

Жүрегімде көгілжім нұр дірілдеп.

 

Көк мұхиттан тулап жатқан толағай,

Жанталаса сансыз толқын, жағалауды сабалай,

Көкірегіме тығылады бір үн кеп,

Арпалыстар тербеледі жанарымда ғұмыр боп.

 

Сахарадан ...

Сары жұрт қалған даладан,

Сансыз жатқан жұлым-жұлым моладан.

Көкірегіме тығылады бір үн кеп,

Барлығы сол қасиет һам қасырет,

Өн бойымды осып өтті жасын от.

Жан шоғымды қоздатады түн үрлеп.

 

Күмбір-күмбір күй қанаты ұшып өт,

Күлдір-күлдір күліктері кісінеп.

Көкірегіме тығылады бір үн кеп,

Алмағайып ғасырларға аңыз боп,

Қоңыр далам күңіренер қобыз боп,

Сақалынан сан мың тарих күбірлеп,

Ақ бас таулар сөз бастайды абыз боп.

 

Ақ бесігін өтті аластап асыл қол,

Шыр-шыр етіп құшағыма асыл ол.

Тәттілігі тәмам көкке жыр жырлап,

Бал – бұл тілі бағынышсыз былдырлап,

Жатар маған ым қағып,

Болашақтың жас бөбегі, жүрегі нұр, тілінде от.

Ақ бесігін, тербе! Тербе!

Асыл қол.

Жар бола көр! жасыл аспан...

жасыл жер...

Көкірегіме тығылады бір үн кеп...

 

Дүбір, дүбір...

Дүние мынау, дүбірлерге толы мың.

Тек білмеймін, неге сонша мұңаям...

Күбір, күбір...

Күбір, күбір ерінім...

Тәңіріме айтып жатам бір аян.

 

Сұлулық

Ғажап нұрға бөлеп өтер бар маңды,

Тамсанбасқа табылады не шараң.

Көркемдікке көзі тұңғыш арбалды –

Тәңір  оны өз қолымен жасаған.

 

Ол да бәлкім кешер енді күн ғарып,

(Бала жүрек ғашық болса несі айып)

Кірпіктерін қалып еді бір қағып,

Кенет сезді, кеткендігін есейіп.

 

Хас сұлуға басын иді бар  міскін,

Басыла ма құйттай жүрек әлегі?

(Дәрменсіздік оғы сынды қарғыстың)

Жел мен толқын аймалайды ғана оны.

 

Түсінбеді ол бұл сұмдықтың сыры не?

Көз алдында тұрды бейне күн арай.

Құм қайраңда баратады жүгіре,

Перштенің басқан ізін қуалай.

 

Қиын екен еркі адамның тоналса,

О, тәйір-ай!  Қаршадай жан болды әлек.

Толқын шайып, жағалауда із жоғалса,

Теңізгеде айтып салды сан нәлет.

 

Күндер өтер қоңыраудай сыңғырлап,

Жанында оның сабыр, тағат  қалмастай.

Хордың қызы шақырғанда бірде ымдап,

Бара жатты жер  баспай.

 

Үрпек бас ұл жаймаса да алақан,

Кербез сұлу асқақ қарап күлді енді.

«Осыны ал», – деп тұрған сынды қаласаң,

Күміс теңге сусып түсті құмға енді.

 

Күтті қанша кереметті ол мына,

(Жамылады жасыл  әлем желегін).

Аяғына құлағаны абдырап

Сұлулыққа табынғаны еді оның.

 

Көз алдында барады ару, бой бұлғаң,

Құлаң шашын оның тағы жел сүйді.

Бір  сыр бүгіп, жағалау мен айдынға

Қала берді,  қарап тұрды, мелшиіп...

 

Сары күзде сапар шеккен тағдырмын

 

Алтын  күрең сәулеге еніп бар маңай,

Жалқы дарақ, жалғыз жапырақ, жаурап ай.

Ескі күннің елестерін жамылып,

Алматыға күз келеді қарғам - ай.

 

Күз келеді қанат байлап арманға,

(Сорлы жүрек, соған бола алданба)

Өткен сәтке құлдық ұра құладым,

Тым құрыса, бір келер деп сол маңға.

 

Сен келмесің... құстар әні үздігеді тым жырақ,

Жарық дүние алды неге тұнжырап.

Ессіз шөлге асыға ағып барады,

Кеудемдегі мөлдіреген мың бұлақ.

 

Сары күзде сапар шеккен тағдырмын,

Қаншама рет қайығымды жарға ұрдым.

Жан айқайын ести берем егіліп,

Сағынышым сіңіп қалған сары құмның.

 

Керуен сарай суреттері

 

Керуендер көшкен есікі сарайда,

Көлдің өзі, көлдің өзі – шар айна,

Көлге сұлу көркін бұлдап қарайды ә.

Суға  тыным берер емес жел мыстан,

Нән  теректер жете алмайды  шөл қысқан.

 

Керуендер келген  сынды  жырақтан,

Жүргіншінің жүздерінде бір аптап.

Аруана көзінен мұң боталап,

Қайдан жетті, қайдан жетті қаталап.

 

 

Саз аспаптан бір сырлы әуен тартылар,

Сәлден кейін шығандаған ән тынар.

Бозбаланың  бойында  қан алқынар,

Бойжеткенің жүзіне нұр шарпылар.

 

Азан даусы енді естілді іңірден,

Тақуалар құлшылыққа жүгірген.

Әр бір тұстан түнді үркітіп от маздап,

Кейде қояр аруана тек боздап.

 

Қап-қара түн қоюлана береді,

Масыл ұйқы бойыңды ала береді.

Бәрін солай қажытқан-ау жол ерек.

Жым-жырт дүние, бірте-бірте  сөнеді от.

The Qazaq Times