Қонаев қаласында өтіп жатқан Алмасбек Садырбайдың соты тағы бір маңызды сұрақты күн тәртібіне шығарды: ашық сот дегеніміз не?
Судья Нұрсұлтан Қойшыбаев бұл процестің ашық екенін бірнеше рет атап өтті. Алайда дәл осы ашық сотта журналистерге бейне түсіруге ғана емес, аудио жазуға да тыйым салынды. Кейінірек тіпті судьяның өзін, прокурорды және жалпы сот процесін түсіруге болмайтыны айтылды.
Сонда ашықтық қай жерде қалды?
Жәбірленуші тарап өкілдері өз қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді. Әлеуметтік желілерде өздеріне қатысты жағымсыз пікірлер жазылатынын айтты. Бұл алаңдаушылықты түсінуге болады. Әр азаматтың қауіпсіздігі заңмен қорғалуы тиіс. Бірақ дәл осы себеп бүкіл сот процесін қоғам назарынан алыстатуға жеткілікті ме?
Бұл сұраққа қорғаушы тараптың да өз уәжі бар. Адвокат Анар Құсайнова қауіпсіздік шараларын қолдану үшін нақты қауіп-қатердің бар екені дәлелденуі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, заңдағы қауіпсіздік шаралары тек субъективті алаңдаушылыққа емес, нақты негіздерге сүйенуі тиіс.
Мәселенің түйіні де осында.
Сот билігі қоғамның сеніміне сүйенеді. Ал сенімнің басты кепілі – ашықтық. Ашықтық дегеніміз сот залына көрермен кіргізу ғана емес. Ашықтық дегеніміз қоғамның сот процесін бақылау мүмкіндігі. Қазақстандағы көптеген азаматтар сот залында отыра алмайды. Олар сот туралы ақпаратты журналистердің бейнежазбасы, аудиосы және репортаждары арқылы алады.
Егер қоғам судьяны да, прокурорды да көре алмаса, ести алмаса, онда соттың ашық өтіп жатқанына қалай көз жеткізеді?
Алмасбек Садырбайдың ісі қоғам назарын аударған резонансты процесс. Оған 1,2 миллиард теңге көлеміндегі субсидия қаражатын жымқырды деген айып тағылған. Айыпталушы айыбын мойындамайды. Мұндай жағдайда қоғамның қызығушылығы да, бақылауы да заңды құбылыс.
Соттың тағдырын судья шешеді. Бірақ сотқа деген сенімді қоғам қалыптастырады. Ал сенім ақпараттың жабылуынан емес, керісінше оның ашық болуынан пайда болады.
Сондықтан бұл жерде мәселе Алмасбек Садырбайдың ісінде ғана емес. Мәселе ертең кез келген азамат қатысуы мүмкін соттардың қаншалықты ашық болатынында.
Ашық соттың ең үлкен дәлелі – оның қоғамнан жасырынатын ештеңесі болмауы.
Біз алдағы сот отырыстарын бұрынғыдай «The Qazaq Times» YouTube арнасында толық көлемде көрсете алмағанымызбен, бұл істі назардан тыс қалдырмаймыз. Сот процесінде айтылған маңызды жайттар мен көтерілген мәселелерді тұрақты түрде осы сайтта жариялап отыратын боламыз. Судья Нұрсұлтан Қойшыбаев бейне және аудио жазба жазуға шектеу қойғанымен, қалам мен блокнотқа тыйым салмаса керек... Сондықтан сот залында көргеніміз бен естігенімізді оқырманға жеткізуге мүмкіндік сақталады деп үміттенеміз.
Қоғам үшін маңызды істердің барысы туралы ақпарат беру журналистың ғана емес, ашық сот қағидатының да атқарылуға тиісті міндеті.


















Иран әскери элитасының жойылуы: соғыстың жаңа кезеңі
Хаменеиден кейінгі Иран: билік транзиті мен соғыс көлеңкесіндегі ел
Ирандағы соғыс өрті: геосаяси дағдарыстың жаңа кезеңі
Республикашылдар иммиграциялық операцияны сынға алды, бірақ Трампты ашық айыптаудан тартынды
Үкім өзгермеді. Мемлекеттік тілдің құны — төрт жыл түрме ме?
Ирандағы қантөгіс пен сыртқы қысым: Трамптың екіұшты сигналы