Брюссель басқосуына байланысты "Жаңа Қазақстан" форумына қатысқан азаматтардың форумға байланысты пікірлерін жариялауымызды жалғастырамыз. Бұған дейін аталмыш мәселеге байланысты сайтымызға саясаткер Әміржан Қосановтың пікірін бергенбіз. Бүгін "Жаңа Қазақстан" форумының тағы бір мүшесі саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін жариялауды жөн көрдік. 

 

Айдос Сарым, саясаттанушы: Тарихшы болғандықтан, сөзімді тарихтан бастайын. 1903 жылы дәл осы жерде – Брюссельде, РСДРП-ның II съезінде большевиктер мен меньшевиктер бөлінген екен. Ал біздің бұл жерде бөлінетін жөніміз жоқ, көтеретін мәселеміз ортақ – мемлекетшілдік әңгіме. Жеке бастың бақыты немесе қаржы үшін таласып отырған жоқпыз. Біздің «большевиктіміз» Қазақстан деген мемлекет үшін, жері – үлкен, халқы – аз ел үшін болсын деп отырмыз.

Біздің бұл форумға келуіміздің басты себебі – мемлекет үшін. Жақсы білеміз, Әкежан Мағжанұлы айтқан, «Азатты» сақтап қала алмаған сол кездегі парламент 145 заңды сегіз жыл бойы қабылдады. Сол кезде қазақтың өзі – өз жерінде азшылықта болды: әзірбайжан, грузин немесе Балтық елдері халқы сияқты кейбір әңгімені қатты айтқан кезде біздің «донбасстар» сол кезде басталып кетер ме еді.

Сондықтан осы форумға жиналған азаматтардың басты ойы – мемлекет үшін. Осы жаққа жиналарда Махатма Гандидің бір кітаптарын оқыған едім, сонда айтылған ой бар еді: «Интернационализм әңгімесі – ұлтшылдығы кемелденген мәресіне жеткен, тұғырына қонған жерде болады, алдымен жеңу керек», – дейді. Біз әлі де болса, тұғырын таппаған, әлі де болса транзиттен өтпеген елміз. Біз тіпті отарлық транзитті өткен жоқпыз, постсоветтік, тоталитарлық транзитті өтпедік, біз үнемі таңдаудың алдында тұрған: қалай болса, дұрыс болар екен, ананы айтамыз деп, анадан айырылып қалмайық, мынаны айтамыз деп, мынадан айырылып қалмаймық деп, әупірімдеп жүрген халықпыз.

Қазақстанға шетелден келіп жатқан ғалымдар, дипломаттар, кәсіпкерлер, инвесторлардың бәрінің сұрап отырғаны –бес жылдан кейін бұл ел не болады деген әңгіме. Қазақ деген ел қала ма, қалмай ма, оған ақша салуға бола ма деген әңгімені сұрайды.Тәуелсіз ел болып қала ма, қалмай ма, бүгінгідей сатқындық дәрежесі асқындай беретін болса, ертең биліктің өзі сатып жібермей ме деген әңгіме біздің арамызда да, қоғам ішінде де айтылады. Бұл қатты алаңдататын мәселелер. Сондықтан ел ішінде қоғамның сөзсіз әңгімесін,ұлттың әңгімесін ат төбеліндей азғантай топтың қолына беріп қоюға болмайтыны – айдан анық шаруа. Бұған осындағы азаматтардың айтпағы да, айтатыны да бір.

Үлкен мәселенің бірі – контекст: қазақ деген қолына ұстайтын шабадан емес, алып Американың ортасына қоя салатын. Ешкімге ұнамады деп, Австралияның ортасына апарып қоя салмаймыз. Біздің контекст күшейіп, күрделеніп бара жатыр. Бір емес, екі соғыстың арасында отырмыз. Бұл – орыс пен Батыстың арасындағы, Америка мен Қытайдың арасындағы соғыс. Қарап отырсақ, екеуінің де бізге қатысы бар.

Елдің болашағы деген де, мемлекеттің геосаяси болашағы да талқыланатын әңгіменің бірі. Бір адамның уланғаны– үлкен бір мемлекет жер шарының алтыдан бір бөлігін улап жатыр. Бұл бізге қалай әсер етеді?

Айналып келгенде, біздің осы кезге дейінгі бүкіл халықаралық құжаттарымыз, қауіпсіздік доктринасы, қорғаныс доктринасы, басқа да доктриналарымыз, Әкежан ағамыз айтқандай, бір ғана құжаттың айналасында дайындалды. Әйтеуір бірдеңе болса, «Будапешт» деген қағазымыз бар, оны көрген адамдар болса – біледі, жарты бетке жетпейтін құжат, астында алты адамның қолы бар. Бүгінгі мына заман, өзгерген контекст мұндай құжатты жоқ қылды.

Баяғыда Бисмарктың айтқан сөзі бар еді ғой: «Ресеймен қол қойылған қағаздардың құны жоқ» деген. Яғни, ойландыратын тақырып. Кесек етіп айтты демеңіздер: тағдырды алдап өтетін, уақытты алдап, контексті алдап өтетін біздің халықаралық қатынастарымыз мықты болуы керек, ішімізді бекітуіміз керек ең бастысы. Іші мықты халықты ешкім ала алмайды.

Әртүрлі жағдайлар болады. Жауланбаған ел жоқ шығар, солардың ішкі мықтылығы, бірлігі, рухани, басқа да қатынастарының мықтылығы – еркіндігіне, бостандығына алып келген сияқты. Сондықтан елдегі жағдайды осы контекспен байланыстырсақ.

Әкежан, Дос ағаларым жақсы айтып өтті: кейбір мәселелердің елімізге зияны тимесін, айтылып жатқан қатты сынымыз, пікіріміз елдің позициясының әлсіреуіне, елдің тығырықта қалуына, изолицияда қалуына әсер етпеуі тиіс. Елдің Солтүстік Кореяға ұқсамағанын қалағандықтан,өзімізді-өзіміз тыятын жағдайымыз бар.

Біз шын мәніндегі, қолдан жасалған емес, лицензиялы емес, шын мәніндегі мемлекетшіл азаматтармыз. Мемлекеттің басты құндылығы – ұлттың қадір-қасиеті аса биік құндылықтармен өмір сүргендіктен, біздің ойымыз осында бір жерден шығып жатқан сияқты.

Тағы бір әңгіме – бүгінгі қоғамда, бізге ұнасын-ұнамасын, ескіден, 80–90-жылдардан, 2000 жылдардан арпалысып келе жатқан азаматтардың бірнеше буын өкілдері отырмыз. Бірақ бүгінгі қоғам да өзгеріп жатыр. Бүгінгі биліктің өзі ұқпай, бүгінгі ақпарат заманында не істерін білмей отыр. Партия деп, Конституция деп, басқа заңды, дәстүрлі, консервативті механизмдермен құрал-жабдықтардың қадірін біледі. Партияны ешкімге бермей, тіркемей отырғаны да сол. Тіпті ұйым етіп, қозғалыс, НПО ретінде тіркемей отыр. Енді интернетпен, блокпен не істерін білмеуде.

Екіншісі – жас буын, жаңа келген буынмен билікті біріктіретін сөздік жоқ, құндылықтар жоқ. Осы тұрғыда билік жастармен эксперимент жасап, жастарды қызметке қоюының басты себебі – тағы да бір тіл іздеу: жастардың қайсысы ортақ тіл алып келеді екен деген. Осы тұрғыда Мойзес Найм деген әйгілі саясаттанушы азаматтың «Биліктің ақыры» деген кітабы бар, сонда соңғы заманда болған үш революция туралы айтады: біріншісі – көпшілік революциясы.Осы күні әкімдер ресторанға барудан қорқады, мигалкамен жүруден қорқады, өйткені интернетте отырған адам шуласа, кез келген әкім орнынан кетеді.

Екіншісі – мығымдық революциясы. Егер Жаңаөзен оқиғасы осыдан 40 жыл бұрын болғанда, бүгінгі бізбен отырған адамдардың біразы ондай оқиғаның болғанын білмейтін де еді. Тікелей эфирде көрдік. Биліктің шешім қабылдауы қиындап кетті. Осыны пайдаланды.

Үшіншісі – азаматтардың белсенділік революциясы. Қоғам өзгеріп жатыр, интернет шын мәнінде де қоғамды өзгертіп жатыр. Осыны дұрыс пайдалана білсек. Осында отырған азаматтар кешенді бір әңгіме бойынша тіл табысып,аға-іні болып кетпеспіз, бірақ түсінігіміз бір жақта екені көп мәселені аңғартады. Өйткені мұратшылдық, тіл табысу ұзақ жолды қажет етеді.

Ермұрат, Әміржан ағаларым отыр: сіздердің түсіністікпен қарайтындарыңызға күмәнім жоқ – жол ұзақ, қауіп-қатері болады дегендей. Кейбір азаматтармен соңғы 10–15 жылда араласып келе жатқан жағдайымыз бар. Ең бастысы –арамыздағы сенім ғой. Ерте заманнан бері Аристотель,Платон, Әл-Фарабидің айтқан әңгімесі–сенім. Биліктің басты өндіретін талабы,құралы,тауары – сенім.

Өкінішке қарай,бүгінгі биліктің сенім өндіретін ешқандай қадір-қасиеті қалмады. Тек интригамен, айдап салумен, қулықпен, террормен билеп отыр. Тіпті 90 мың мемлекеттік қызметшілердің өзін бағыттай алмайды.

Жастарды бүгін ешкім алдай алмайды. Бұрын банкир болуы үшін, жоғары оқу орнына түскен жүз адамның 80-і банкир, заңгер болатын еді, енді 100 адам прокурор, мемлекеттік қызметкер болады. Не үшін?

Қоғамның ішінде өзгерістер бар, қазақ қоғамы орнында тұрған жоқ. Өз басым қазақ біреуден кем, қадір-қасиеті басқа ұлттармен, елдермен салыстырғанда төмен дегенге сенбеймін. Бәріміз әлемді көріп, шетел аралап жүрміз, қазақты кемсітетін анекдоттың бәрі немісте де, еврейде де бар,Еуропада тұрып жатқан азаматтардың бәрі өтірік демес: басқадан кемшілігіміз жоқ, құдайға шүкір. Бірақ осыны түсіну, алып жүру, көрсете білу, қоғамның ішіне толғақты әңгімелерді алып келу – Форум дәрежесінде талқыланатын тақырып. Ол тек қана ел ішінде, ауыл-ауданға барып талқыланатын, журналистер мен зиялы қауым өкілдері ашық та, жабық та формада«қалай ел боламыз?», «еліміздің ертеңгі мәселесі туындаған кезде елімізді қалай құтқарамыз?» деген әңгімені батыл айтатын кез келді. Ол үшін міндетті түрде, кейбір ағайындар айтпақшы, «шал, кет», «шал, кетпе» деп, «шарды үрле», «шарды жар» деген емес, одан да тың әңгімелер бар. Елдің ұсақ-түйек әңгімесі жоқ.

Үшінші әңгіме былай болса: бүгінгі отырыстан әртүрлі форматта жақсы форум, дискуссиялық алаң пайда болса, оны биліктің өз заңымен де өткізуге болады. Биліктің әр қадамын қадағалап, топтар құру арқылы – ол міндетті түрде партия болады немесе басқа болады деп айта алмаймыз. Дәстүрлі, консервативті саяси инструменттердің бәрін, оның ішінде БАҚ бар – билік оның қадірін біледі. Кейбір мәселені уақытынан бұрын билікке айтып тастағанбыз, сондықтан жаңа форматқа көшетін жаңа сайттарда жария болатын осындағы жақсы әңгімелер, шынайы дүниелер қоғам үшін ауадай қажет.

Менің ұсынысым – Алматыда үлкен жиын жасап, елдің әңгімесі ел ішінен шығуы керек, ел ішінде қозғалыс құру керек. Сырттан келіп, ешкім жұмақ орнатып бермейді. Ешкім жақсы билік жасап бере алмайды. Ол елдің таңдауынан туындайтын мәселе. Бүгінгі уақытта осындағы азаматтардың да кінәсі бар. Алтекең марқұм: «Қожанасыр айтыпты, жұртқа нанға қар жағып жеуді үйреткен едім, енді өзімнің ішім ауырды» деген еді. Біздікі де сол. Соны ескерсек.

Қоғам алдында, бүгінгі күні шаршаған азаматтарға, биліктің ішінде де елдің тағдыры ойландырып жүрген азаматтар бар, біздің айтқанымызға қарсы шығатын шенеунік жоқ сияқты. Үлкенді-кішілі жиында кездесіп қалсақ, айтқандарың дұрыс, қолдаймыз дейді. Бірақ елдегі жағдай өзгерер емес. Жиындарымыздың басы осы болсын. Біздің «большевиктігіміз» елді ойлау, көпті ойлау. Ұлтты, мемлекетті ойлау – үлкен категориялар. Ендігі заманда биліктің әр айтқанын сынау емес, үлкен талаптар қою, жақсы заң жобасын ұсыну – тақырып ұсыну. Биліктің артынан біз емес, енді билік біздің артымыздан жүгіретіндей болса.

Қоғамның талабы қашан да биік болуы тиіс: контексін дайындап, қоғамды жаңа өзгерістерге бейімдеу. Чуковский айтқандай, «бізде қоғам мыңдаған жылдар бойы өзгермеуі мүмкін, бірақ жағдай бір күнде өзгеріп кетуі мүмкін». Бір күні болатын өзгеріске талай жылдық жұмыс керек шығар.

"DAT газеті"

“The Qazaq Times”