"Қытайдағы қандастарымызды заңсыз қудалау тоқтатылсын!" – бұл бүгін Астанада өткен “Қытайдағы қазақтардың заңсыз қудалануы” туралы баспасөз мәслихатының көтерген тақырыбы. Конференцияға БАҚ өкілдерінен тыс, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, шет ел елшіліктері және Қытайда жазықсыз сотталған азаматтарымыздың туыстары қатысты. Олар Қытай және Қазақстан үкіметінен араша сұрап, мәселені реттеу үшін арнайы комиссия құруды және аталған мәселеде Қазақстан үкіметінің белсенділік танытуын сұрады.
- Баспасөз маслихатында Қытайдағы қазақтардың жағдайы айтылды. Фото: QT.
Конференцияда қоғамдық белсенді Қыдырәлі Оразұлы, Қытайдағы қазақтарға жасалып жатқан түрлі қысымдар туралы тоқталды. Ол ондағы қазақ азаматтарының Қазақстанға келіп-кеткені үшін заңсыз тергеулерге алынып жатқанын, өзге де сылтаулармен қудалауға ұшырағаны туралы айтып өтті. Оған қоса, Шынжаңдағы бұл жағдайдың өткен жылы тамыз айына ШҰАР-ға басшы болып келген Чын Чуанго мырзаның «Шынжаң орнықтылығы» желеуімен жасап отырған саясаты екеніне де алға тартты. Оның айтуынша Чын Чуанго бұрын Тибет автономиясын басқарып, онда да осындай саясатты жүзеге асырған. Оразұлы Қыдырәлінің айтуынша Қытайдағы қандастарымызға төмендегідей азаматтық құқықтары тапталуда:
- Қолдарында заңды төлқұжаттары (паспорт) бар қазақ азаматтарының төлқұжаттарын еш себепсіз жиып алып, қайтарып бермей отыр.
- Қазақтарға шетелге шығатын төлқұжат (паспорт) жасауды тоқтатылған.
- Қандастарымыз балаларын Қазақстан Республикасының бала-бақшаларында, мектептерінде оқытуына тыйым салды, әрі қазір Қазақстанда оқып жатқан жастарды кері шақыртуда. Бармаған жағдайда Қытайдағы ата-аналарына қысым көрсеткен, тіпті оларды балаларын қайтарып келгенше түрмеге алған.
- Қазақстанға көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған қандастар ҚХР жергілікті үкіметі шақыртып алып, оларға өздері келіп, тұрған орыннан тіркеуін өшіруін талап етуде. Бірақ, олар Қытайға келгенде еш себепсіз 30 күндік қамаққа алып жатыр.
- ҚХР дағы қазақ қандастарымызға түрлі үрей тудыратын, ауызша заңдар жасап оларға Қазақстандағы туыс-туғандарымен байланыс орнатуына тиым салып, Wechat, WhatsApp сияқты әлеуметтік желі топтарынан шығуға мәжбүрлеп, ұлттық, діни мерекелермен құттықтауға тыйым салған.
- Қазақстандағы туыстарымен, дос-жарандарымен сөйлескендерді «екі беткейлер» деген атпен түрмеге алуда.
- Қазақстанды 26 тыйым салынған, қауіпті терроршыл мемлекеттер тізіміне қосқан. Сонымен бірге Қазақстаннан барған қазақтар бірден «саяси үйрену» орталықтарына әкетілген, ары қарай оларды түрлі себептермен соттаған.
- Қазақстанға көшіп келе жатқан қандастарымызды Қытай шекара сақшылары ұстап алып, бірден түрмеге қамап жатыр.
- Алматыдағы Қытай консулы, Қытайдан келіп Қазақстан азаматтығын алған қазақтарға виза бермей отыр, оларға Қытайда тіке туысы барларға, «туыстық байланысы туралы анықтама» арқылы ғана виза беруде, сол арқылы Қытайдағы қазақтармен байланысты барынша болдырмауға тырысып отыр.
- Қазақстан азаматтығына ие қазақтарды да өздерінің келіп, бұрынғы тіркеулерін өшіруге, олай болмағанда «айыппұл төлейсің» деген заңда көрсетілмеген талаптарды қойып, үрейлендіруде. Ал олар Қытайға барғанда түрлі құзырлы органдардың алдынан өткізіп, оларға түрлі идеологиялық қысым түсіруде.
- Қытайда 1600 ден астам мектептер Қытай тілді мектептерге қосып жіберілді. Қазақ тілді оқу құралдары қолданыстан шығарылды.
- Қытайдағы қазақтардың үйлерін тінтіп, «Құран Кәрім», жайнамаз, қазақ тарихына қатысты кітаптарды жинап өртеп, оларды «саяси үйрену» орталықтарына алып кетуде.
- Қайтыс болған адамды жерлеуге 15 адамнан артық адам қатынасуға тыйым салған.
- Қазақстан тауарларын жарнамалауға, сатуға шектеу қойып, Қазақстан мен Түркияны қорқынышты, қауіпті мемлекет етіп көрсетуде.
- Қазақстанда тұратын туыстарын аты-жөні, телефоны, мекен-жәйі, бала-шағасы, қызмет орны туралы ақпаратты беруге мәжбүрлеп, бермеген жағдайда жазаға тартып жатыр.
- Қазақстандағы Қанат Ислам, Бекболат Тілеуханов қатарлы тұлғаларды қамтыған елге танымал азаматтар туралы айтуға, олардың сөзі мен видео, аудио жазбаларын таратуға шектеу қойған.
- Үндеуге қол қойылды. Фото: QT.
Қазақстан Қытай үшін маңызды стратегиялық серіктес әрі тарихи көрші ел. Қазақстан тәуелсіздігінен бері Қытаймен 25 жылдық баянды дипломатиялық қатынас орнаттық. Еліміздегі табиғи газ бен мұнай саласында да Қытайға басым үлесті беріп отырмыз. Жоғары дәрежедегі мұндай достық қарым-қатынас пен пейіл көрсеткен қазақ халқының Қытайда жасап жатқан өкілдеріне жасалған қысым, бір Қытайдағы ғана емес, тәуелсіз қазақ еліне деген құрметсіздік.
- Конференция қатысушылары жағынан екі ел үкіметіне жолданған үндеу. Фото: QT.
Бұл жағдайдың Қазақстан жұртшылығының да күшті наразылығын тудыратынын айтқан конференция қатысушылары, мәселені халықаралық заң шеңберінде, екі ел үкіметінің өз-ара түсіністік тұрғысынан ортақ қолға алып шешуін талап етті. Осы туралы үндеуге қол қойып, қатысты органдарға жолдайтындарын жеткізді.