Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға бағытталған саяси қысым мен қудалау соңғы уақыттарда қайта күшейгені байқалады. Желі қолданушылар да қытайлық әлеуметтік желілерде цензураның қайта күшейгенін жазуда. Соңғы уақыттар да Қытайдағы қазақ қаламгерлері де көптеп ұсталып жатқаны туралы хабарлар тарады.
Отандық ақпарат құралдарының бірі «Алты Алаш» сайты жақында Қытайда тұтқындалған қазақ ақын-жазушыларының есімдерін жария етті. Аталмыш онлайн-басылымының көрсетуінше, бір мезгіл бәсеңдеп қалған саяси қысым мен қудалау өткен жаздан бері қайта қарқын алып, қамауға алынған, із-дерексіз кеткен қазақ қаламгерлерінің саны көбейген.
Аталған басылым көрсеткен Қытайда қудалауға ұшыраған ақын-жазушылар қатарында 2018 жылы қамауға алынып, «Оспан батыр Сіләмұлын насихаттаған», «Қазақстанмен байланыс орнатқан», «отанды бөлшектеуге әрекет еткен» деген айыптармен өмір бойы бас бостандығынан айырылған ақын, жазушы, оқытушы Нағыз Мұхаммедұлы да бар. Онымен қатар Оспан батырдың тікелей ұрпақтарынан Нұрлан Нәбиұлы (Оспан батырдың немересі), Толқын Соғысайұлы (Оспан батырдың аталас ағайындарының ұрпағы) қатарлы азаматтарды да жергілікті сот өмір бойы қамау жазасына кескен еді.
Жоғарыда аталған ақпарат құралы Қытайда қамауға алынған немесе із-дерексіз кеткен қазақ қаламгерлерінен 7 адамның есімдерін көрсеткен.
1. Ғарапа Нәсиоллаұлы. Бейжіңдегі Ұлттар университеті, Қазақ филологиясын тәмамдаған. Әнші, әдебиеттанушы, сазгер азамат. Бар жазығы "Suley" атты сайтында Қазақстанның Қабдеш Жүмәділов, Б.Соқпақбаев, Т.Нұрмағамбетов, Ф.Оңғарсынова, т.б. классик қаламгерлерінің шығармаларын арғы беттегі оқырман қауымға жариялап жеткізгені екен. Ғарапаны із-дерексіз әкеткелі төрт ай болды. Нұр-Сұлтан қаласында аяулы анасы, аға-жеңгелері тұрады.
2. Нағыз Мұхамметұлы. Жазушы, ақын, оқытушы. Бар кінәсі Оспан батырдың туысы болғаны үшін мерзімсіз қамақ жазасына кесілді.
3. Қабыкен Зейнұраин. Жеке кәсіпкер, ақын, зиялы азамат. Шынжаң халық баспасының кітаптарын он бес жыл бойы жобалаған дизайнер. Бар кінәсі – "Қазақ мұңы" атты толғау жазған. Ол өлеңде ұлтшылдық мазмұн бар деп айып тағылған. Естуге қарағанда, оншақты жылға үкім кесілген. Бірақ, бұл хабар нақтыланбады.
4. Қалысбек Бабанұлы. Әнші, композитор. Бар кінәсі – намаз оқығаны. Қалысбек бір рет тұтқындалып босатылған. Кейін қайта ұстап әкеткен. Одан бері нақты хабар жоқ.
5. Әденбек Қамашұлы. Жас ақын, Көктоғай ауданында оқытушы. Жеке куәліктегі аты: Атахият (阿塔黑亚提). Осыдан үш жыл бұрын себепсіз ұсталып кетті. "Түлек", "Қаражорға" атты сайт ашып, Қазақ елінің рухани мұраларын қандастарға жеткізіп тұрды. Қылмыс дәлелі толық, ешкім араласпасын деген ескерту берілген. Ақпаратқа сүйенсек, 5 жылға жуық мерзімге сотталды. Артында кішкене баласы, қатерлі ісікпен ауырған жұбайы қалды. Бұл азамат туралы біз үш жыл бұрын ҚР СІМ-нің қатысты орындарына арыз берген едік. Ешқандай ресми жауап ала алмадық.
6. Сарқытжан Салықұлы. Арғы беттегі ақпараттық, танымдық, әдеби сайт – Kultegin-нің тұрақты жазушысы, оқырманы, қолдаушысы болды. "Қайың35" деген қаламатпен белгіл. Білікті, білімді азамат. Мори ауданы орта мектебінде қызметте болған. Осыдан үш жыл бұрын он жылға сотталды. Бар кінәсі – Түркияға барған, кездеспеуге тиісті адамдарға кездескен. Айта кетерлігі, Қытайда 2016 жылдан бері қазақ тілді еркін сайттар түбегейлі тоқтатылды.
7. Нұрбақ Биғазин. Жеменей ауданында мәдениет саласының қызметкері. Ақын, қаламгер. Бірнеше кітаптың авторы. 2017 жылы Алматыда кітабы шыққан. Жақында сталып кетті деп естідік. Нақты, сенімді ақпарат ала алмай отырмыз. – деп жазады «Алты Алаш» сайты.
Қытайдағы саяси қысымның қайта күшеюіне байланысты елімізде мәселеге қатысты алаңдаушылық білдіріп жатқандар да бар. Әсіресе, қамауға алынған туыстарына араша сұраған Қазақстан азаматтары қазақ билігіне талап-арыздарын жолдап келеді. Алайда, билік тарабынан Қытайдағы мәселеге пәрменді әрекеттерді көрінбейді. Оның үстіне Қазақстан үкіметінің ресми ұстанымында «Шыңжаңдағы жағдай Қытайдың ішкі мәселесі» деп танылған болатын.
Шыңжаң мәселесі бойынша Батыс елдері де Бейжіңнің саясатын айыптайды. Алайда, ресми Бейжің үкіметі мәселені Қытайдың ішкі ісі екенін, әрі Шыңжаңдағы лагерлер діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес екенін айтады.