Бірнеше ай бойы Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, Алматыдағы, астанадағы Қытай консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп жүрген бір топ азамат енді президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайрылды. Олар мемлекет басшысының атына хат жазып, Қытайдағы туыстарын Қазақстанға әкелуге ықпал етуді және өзімен кездесуге мүмкіндік беруді сұрады. Бұл жайлы 29 қыркүйек күні Азаттық радиосы жазды. 

Басылым ақпаратына қарағанда, наразы топ өкілі Байболат Күнболатұлының 29 қыркүйекте хатты президент әкімшілігінің қызметкерлері қабылдап алғанын айтқан.

"[Президент] мүмкіндік болса бізбен кездессе екен. Хатты Алматыдан келген он адам түгел барып тапсырдық. Осыған дейін БҰҰ Қазақстандағы өкілдігіне, Сыртқы істер министрлігіне хат тапсырғанбыз. СІМ біздің шағым бойынша "Қытай тарапына нота жолдады" дейді. Бірақ нәтиже болмағанына қарнымыз ашады" деді Байболат Күнболатұлы.

Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүргендер наразылық акцияларын Алматы қаласында бастаған. Олар 224 күн бойы Алматыдағы Қытай консулдығына барып, Бейжіңнен Шыңжаңдағы туыстарын Қазақстанға жіберуді талап еткен. Наразылар үш апта консулдық алдында түнеген еді. Олардың айтуынша, жеті айдан астам уақытқа созылған акция барысында Қытай консулдығынан бірде-бір адам шығып, жауап бермеген. Ал өздері "заңсыз жиын өткізді" деген айыппен әкімшілік жауапқа тартылған.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды жазықсыз қамаған. Батыс елдері Бейжіңнің Шыңжаңдағы әрекетін «геноцид» деп таныған. Қытай билігі бұл айыптарды жоққа шығарып келеді. Қазақстан билігі қысым-қудалауға түскен қандастардың жағдайы туралы туыстарының (Қазақстан азаматы саналатын – QT) жүздеген арызына қарамастан мұны «Қытайдың ішкі шаруасы» деп санайды. Тәуелсіз сарапшылар мұны «Еститін Үкіметтің» (Қазақстанның – QT) экономикалық-инвестициялық мүддені қандастар өмір-құқығынан жоғары қойғанын аңғартады деп топшылайды.

The Qazaq Times