Әлемдегі бар қазақ ұлт ретінде бір тұтас тұлға. Осы тұтас тұлғаның бір бөлгі Қытайдағы қазақтардың қиындыққа ұшырап жатқаны туралы қазақ ақпарат кеңістігі жиі-жиі айтып келеді. Әлемдегі үш қазақтың біреуі шет жұртта, ал оның басым бөлігі Қытайда жасап отыр. Олар тарихи ата мекенінде жасап жатқандар және Қазақстан тарихындағы зұлмат жылдарда сол жақтағы қазақ бауырларын паналай барғандар болып ұзын саны 2 миллионға жуықтайды (кей деректерде 3 млн-ға жуық). Қарға тамырлы қазақтың екі көзінің бірі, егізінің сыңарындай болған осы қандастардың еркіндік пен теңдік, адамдық құқықтары тапталуда. Соның салдарынан санасына құлдық табы басылғалы тұрғандай.
Шынжаң жеріндегі қазақтардың ғана емес жалпы қазақ ұлтының ортақ ісі дерлік осы бір толғақты мәселенің жай-жапсары және шешім табуының өзектілігі, шешу жолдары туралы еліміздегі бірқатар саясаттанушы, қаламгердің пікірін топтастырған едік. Сол пікірлердің негізінде аталған мәселені тағы да бір рет қаузап көрмекпіз. Ең әуелі Қытайдағы қазақтардың Қазақстан үшін маңызына тоқталған дұрыс болар.
Қазақстан үшін Қытайдағы қазақтар керек пе?
Бұл қазақ мемлекеті үшін қойылмауға тиісті ауыр сұрақ. Алайда, бүгінгі қазақ басына төнген хал мен биліктің сылбыр аяңына қарап, еріксіз қойылып отыр.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Әрине, шетте қалған қазақтардың тағдырының бей-жай қалмауы, әлемдегі қазақтың басын қосу біздің мемлекетіміздің ең басты құндылығы мен міндеті. Қазақстан тәуелсіздігін алғаш алған жылдары сол тәуелсіздіктің бірден бір көрінісі ретінде әлем қазақтарының біріктіру ісі қолға алынған болатын. Естеріңізде болса сол кезде қазақ пен қазақтың қауышуы үлкен бір науқанға айналып еді. Өкінішке орай заман өте келе бұл іс саябырлады. Оның әр-түрлі себептері болды, ол өз алдына бір тақырып.
Мына бір мәселе бар – шетелде 5 миллионға жуық қазақ бар деп отырмыз, алайда бұл сол 5 млн қазақтың бәрі кезінде Қазақстаннан көшіп кетті деген сөз емес. Шетелдегі қазақтың басым бөлігі диаспора деген түсінікке жатпайды. Яғни, олар иррененттер болып саналады. Қытайдағы қазақтар да міне осындай өзінің тарихи мекенінде жасап келе жатқан ирредента қазақтар. Әлемдегі қазақтардың басын қосу тәуелсіз Қазақстанның борышы мен міндеті екенін айттық. Бұл жерде Қазақстан әлемде жоқ нәрсені жасап отырған жоқ. Германия, Израиль қатарлы мемлекеттердің жасағаны секілді өз ұлтын біріктіру әлемдік тәжірибеде бар нәрсе.
Жәди Шәкен, жазушы:
Қазақ болған әр азамат, қай елде жасаса да қазақ ұлтының мүддесін қорғауға, қазақ елінің ұлттық мүддесіне еңбек етуге міндетті. Қазақ мемлекеті де өзге жұрттағы қазақтарды бауырына тартуға, қолынан келген көмегін беруге парыздар. Шетелдегі қазақтардың басым бөлігі болып саналатын Қытайдағы қазақтар өздерінің қазақ еліне деген ыстық махаббаты арқылы елеулі үлестер қосқаны өтірік емес. 1962 жылдары келген Қабдеш Жұмәділов қатарлы мүйізі қарағайдай қаламгерлерді айтпаған күннің өзінде, тәуелсіздіктен кейін келген Майра Мұхаммедқызы, Шұғыла Сапарғалиқызы қатарлы өнер өкілдері, Нәбижан Мұхаммедханұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Дүкен Мәсімханұлы және Қытай жазбаларындағы қазақ тарихына қатысты деректерді жинауға еселі үлес қосқан Бақыт Еженхан секілді ғалым, профессорлар, одан тыс көптеген қаламгерлер келіп, ата мекеніне еңбек етті. Осы елдің тілінің қазақ тіліне айналуына, мәдениетінің ұлттық түс алуына үлкен ықпал етті деуге болады.
Қытайдан келген қазақ қандастардың елдің руханиятына қосқан үлесінен тыс, қаншалаған азаматтар Қытайдағы қаржы көздерін осы елге алып келіп, кәсіпорындар ашып экономикаға қосқан үлесі тағы бар. Оған қоса еліміздегі орыстанып отырған, орыстана бастаған немесе шет жұрт көзін тігіп отырған шекаралы аймақтарымыздың жыртығын жамауға да көптеген мүмкіндігіміздің бар екенін ескерсек, Қытайдағы қазақтарды көшіріп әкелу өте маңызды.
Қытайдағы қандастарымыз жасап отырған Шынжаң жері – тұтас түркі даласының шығыс пұшпағы. Сондықтан да бұл аймақ тарихтан бері даулы, дүрбелеңге толы болып келеді.
Шынжаңдағы геосаяси жағдай қандай күйде?
Серік Мұратхан, блогер:
Шынжаңдағы бұл жағдай тек сондағы қазақтардың ғана басына төнген іс емес. Шынжаңды мекен еткен аз ұлттарға, соның ішінде Шынжаңның негізгі тұрғыны саналатын ұйғыр мен қазаққа ерекше жүріліп жатқан ұлтты жою саясаты. Бүгін ғана басталған саясат емес, бұл Қытайдың яғни бүгінгі шартты түрде аталып отырған мемлекеттің ежелден бері ұстанған саясаты. Қытайды Мәнжу патшасы билеп тұрған кездің өзінде патшалық Ресеймен шекараны айқындау үшін ішкі Қытайдан көптеген ұлттарды көшіріп әкеліп қоныстандырды. Қытай ұлттық төңкерісінен кейінгі үкіметтер де бұл аймаққа қатаң саясат жүргізді.
Бұрынғы үкімет тұсында да қазақтарды жаппай тұтқындау, ату, түрмеде қинап өлтіру істері аз болған жоқ. Оған шыдамаған жергілікті халық сан мәрте ұлт азаттық көтерілісіне шықты. Бірақ оның бәрі аяусыз жанышталды. Төңкеріске қатысқандар сүргінге айдалды, атылды, қамалды. Қазіргі Қытай үкіметі де олардан кем болған жоқ. Сондықтан бүгінгі саяси қуғын-сүргін алдынғылардың жалғасы деуге болады. Меніңше бұл ешқандай кездейсоқ немесе уақыттың ісі емес. Жүйелі түрде атқарылып отырған жою саясаты. Бұл тіпті алдағы уақытта бұдан да күшті жүрілуі мүмкін.
Жәди Шәкен:
Шынжаң тарихында бұндай оқиғалар көп болған. Шынжаңда әр 12 немесе 25 жылда бір рет саяси қозғалыстың болатыны тарихтан белгілі. 1952 жылы да жазықсыз қамау, ату оқиғалары болған кезде де, Шынжаңды басқарып тұрған Уаң Жынның үстінен Бейжіңдегі Қытай Орталық үкіметіне арыз берілген. ҚХР Орталық парткомы бұл істі «Уаң Жынның жер реформасын жүргізудегі солшылдық қателігі» деп сын тезіне алған болатын. Міне осыдан алып қарағанда Шынжаңдағы оңды-оңсыз кей істерді Бейжің билігіне жеткізу арқылы ақ-қарасын айыруды сұрауға болады.
Ал тұтас Қытай тарихында 1958-59 жылдары ұлтшылдар мен оңшылдарға қарсы күресі басталса, 1966 жылы «Мәдениет төңкеріс» деп аталатын таптық күрес болған. 1978 жылы Дэн Сяоминнің реформасы басталды. 1984 жылдан бастап ұлттық территория, автономия заңында үлкен өзгерістер болды. Онымен қатар «Жоспарлы туу» саясаты жолға қойылды. 2001-2002 жылдардан кейін шағын ұлттарды басқару саясатына өзгерістер енгізілді. Осының бәрінде де болған қателіктер келесі бір басшының оңау дәуірінде қайта қаралып отырды. Осыларды мысал ететін болсақ, қазіргі кезде шағын ұлттардың дініне, тіліне, азаматтық құқықтарына шектеулер бір ғана жеке тұлғаның құқығының бұзылуы емес, ҚХР заңының бұзылуы сондай-ақ, халықаралық адам құқықтарына жасалған қиянат болмақ. Сондықтан да бұндай мәселенің қалайда сұрауы болады. Оған Қытайдың заңын қорғаушы орындар да, ұлтының кім болуына қарамастан жеке адамдар да ықпал ететіні сөзсіз. Егер олар шешім етпесе халықаралық ұйымдарға жүгінуге тура келеді.
Құл-Керім Елемес, ақын:
Жалпы ол жақтағы қазақтардың басындағы жағдайды ақын Құл-Керім Елемес өзінің президентке жазған «Қытайдағы қазақ бізге шынымен-ақ керек болмай қалды ма?» атты ашық хатында ортаға салған мәселелерін былай өрбітеді:
Басқа мемлекеттегі қазақтарға дәл Қытайдағы саясат жүріп отырған жоқ. Бұл күллі әлем жұртына белгілі жайт. Қытайда «Жоспарлы туу» саясатын былай қойғанда, халықтың діни еркіндігіне ашық тосқауыл қоюдан тартып, ондағы қазақтардың негізгі өмір сүру дағдысы саналатын мал шаруашылық кәсібінің жүйесін өзгертіп, жаппай отырықтандыру саясатын да жүйелі түрде жүргізіп келеді. Ең сорақысы қазақ болашағы балаларының ана тілінде білім алуына ашық тосқауыл қойды. Соңғы 15 жылдан бері әдебиет пен тарихтан басқа сабақтар таза қытай тілінде жүріліп келеді. Жақында өткен құрылтайынан кейін барлық сабақ толықтай қытай тілінде өтілмек.
Шынжаңдағы қазақ қандастарға бағытталған кезекті саяси қысым өткен жылдың қыркүйек айында өлкенің билігіне Чын Чуангоның келуімен басталды. Чын Чуанго Қытайдың Хынан провинциясының адамы. Осыдан бұрын Тибет автономиялы аймағындағы ұлттық жаныштау саясатымен көзге түскен ҚХР компартиясының кадры. Осы аралықта Қытайдағы қазақтарға жасалған қуғын-сүргін туралы сайтымызда және өзге де көптеген қазақ тілді БАҚ-та сан рет көтерілді. БАҚ-тың жан айғайы үкімет құлағына, одан асып президентіміздің назарына ілінбегенін V Дүниежүзілік қазақ құрылтайы кезінде (Қытай қазақтарына саяси қысымның басталғанына жарты жыл өткеннен кейін) ғана білдік. Құрылтай делегаты, Германия қазақтарының өкілі Өмірхан Алтынның құлаққағыс етуінен кейін ғана президент Н. Назарбаев аталған мәселеден хабарсыз екенін айтып, үкіметке соның ішінде ҚР Сыртқы істер министрлігіне арнайы тапсырма берді. Алайда қанағаттанарлық нәтижені көре алмай отырмыз. Ол жақтағы жалпы жағдай бүгінде көпке таныс бола тұра, ел ретінде араша бола алмағанымыз қалай?
Дос Көшім, саясаттанушы:
Әр уақытта мемлекеттің бәрі ұлттың мемлекеті. Қытай қытай ұлтының, Франция француздың, Қазақстан қазақтың мемлекеті. Бірақ біз әлі күнге дейін осылай деп айтуға батылымыз бармай отыр ғой. Әлемде бірден бір біз ғана – өзіміздің мемлекетіміз деп айтудан қорқатын. Сондықтан болса керек, біздің осындай шеттегі ұлттас, қандас бауырларымыздың жағдайынан алаңдаушылық білдіргіміз немесе көмектескіміз келген уақытта біздің мемлекетіміз қашанда қауқарсыз болып қалады.
Біз қазақ елі болғаннан кейін шетелдегі диаспораларымыздың жағдайын біліп, оларға жасалып жатқан заңсыздықтар болса өзіміздің көзқарасымызды білдіріп, шамамыздың келісінше сұрау саламыз. Бұл енді гуманитарлық бағыт ретінде барлық елдердің жасайтын ісі. Мәселе әрине, Қытай елінің азаматтарының ісі болғаннан кейін біз тек қана алаңдаушылық білдіре аламыз. Олардың заңын өзгертуге әрекеттене алмаймыз, былайша айтқанда ішкі істеріне араласа алмаймыз. Егер Қытай үкіметі осы жасап жатқан қадамдары туралы ашық ақпарат беріп жатқан болса, бұл ресми органдар арқылы ғана сұралады. Ешқандай бір қоғамдық ұйымдар араласа алмайды.
Меніңше, аталған осы мәселеде де араша бола алмай отырғанымыз сол – біздің мемлекетіміздің, әсіресе Сыртқы істер министрлігінің қауқарсыздығы. Әңгіме, біз оларды қорғап қал деп отырған жоқпыз. Бар болғаны болып жатқан жағдайға біздің қоғамның алаңдаушылық білдіргенін жеткізуі керек. Жеткізгенде де әлеуметтік желілерде немесе қоғамдық ұйымдарда осындай наразылық болып жатыр деп емес, біздің СІМ, сол елдегі елшіліктер бұл мәселені зерттеп білуі керек. Нақты анықтап мән-жайды ашып көрсетуі керек, мына айтылғандар шын, мына айтылғандар жалған дегендей. Мейлі, СІМ-нен, мейлі Қытайдағы елшіліктен осы сөзді естіген жоқпын әлі. 4-5 айдың ішінде бұндай сөзді ести алмауымыз енді миға кірмейтін іс. Осы қадамдарды жасаған кезде, Қытай үкіметі жауап берер еді, әрине біздің ішкі ісімізге араластың деп жауап бермейді. Осының өзі біздің сол деңгейде жұмыс жасамағанымыздың көрінісі. Біз жеткілікті деңгейде жұмыс жасағанымызда олардың да жауабы басқаша болар еді. Шындығында бұл біздің мемлекетіміздің әліде ұлттық мемлекет деңгейіне көтеріле алмай отырғанын көрсетіп отыр.
Басына күн туған ағайын үшін не істедік, не істеу керек, не істей аламыз?
Расул Жұмалы:
Қытайдағы және өзге елдердегі қандастар ұлттық болмысы жағынан қазақ болғанымен сол елдердің төлқұжатындағы азаматтары екенін мойындауымыз керек. Халықаралық қатынастар, бір елдің ішкі саясаты осының бәрі өте сезімтал мәселелер. Бұл жағдайлар асыра сілтеушілікті көтермейді. Бұл мәселені шешу туралы үкіметке де, Елбасыға да құлаққағыс етілді. Елбасы арнайы тапсыр ма да берді. Мен ғана емес, бірқатар сарапшылардың пікірінше, бұл тікелей Қытай орталық үкіметінің пәрменімен емес, «шаш ал десе, бас алатын» жергілікті биліктің былығы болуы мүмкін. Ал, біздің осы мәселені ресми Бейжіңге жеткізудің өзі тым баяу жүріліп жатыр. СІМ-ге тапсырма берілгеніне талай уақыт өтсе де мәселенің әлі де шешім таппауы осыны көрсетіп тұр.
Меніңше, мына бірнеше жолмен мәселені шешуге әрекет етуге болады. Ең әуелі белсенді дипломатиялық халықаралық қатынастар арқылы шешу. Айталық, дипломатиялық саяси тетіктерді пайдалана отырып мәселені Қытай орталық үкіметіне ашық жеткізу, ондағы басым көбі егінші-малшы қарапайым қазақтардың Қытайдың тұтастығына қатер төндірді деп айыптаудың ақылға симайтынын ашық айту керек. Қытайдағы қазақтарға жасалып отырған бұл қысымның екі елбасы жиі айтатын Қазақстан мен Қытай арасындағы өз-ара түсіністік, достық негізінде дамып отырған қарым-қатынастың, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың, сенімді тату көрші ел деген рухына қайшы екенін алға тартып, ресми дипломатиялық жолмен шешім талап етуге болады.
Ал енді, Қытайдағы 2 млн-ға жуық қандасымыз заңды түрде сол елдің азаматы болғаннан кейін, олардың құқық қорғау орындарының ісіне, ішкі саясатына араласу қиын екені рас. Бірақ, Қазақстанның өзінің қолынан келетін бір нәрсе – қазақ көшін жандандыру. Ендігі жерде Қытай жерінен көшіп келем, қуғын-сүргін көрмеймін деушілерге құжатты жеңілдету, азаматтықты беруді жеңілдету. Мысалы, Украинадағы жағдайға байланысты Ресей жақ азаматтық беру мәселесін бір аптаға дейін қысқартып тастады. Ал, бізде жарты жыл, бір жыл бойы азаматтық ала алмай жүрген қаншама қандастарымыз бар. Енді бір бес-он жылдан кейін Қытай саясатына байланысты ол жақтан келетін көш мүлде тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан, өзге елсіз өзіміздің қолдан келетін осы істі тездетіп қолға алуға тура келеді.
Енді бір мәселе, бұл біздің үлкен бір қасіретіміз, осыған дейін отанына оралған қандастарға лайықты жағдайдың жасалмауы. Құжат, азаматтық алу өз алдына, олардың осындағы білім алуы, қоныс алуы, баспанамен қамтылуы, бастапқы қаржылық көмек жақтары ақсап жатқан жағдайы бар. Қытай, ағылшын тілдерін білгенімен орыс тілін білмегені үшін жұмысқа, мемлекеттік қызметке тартылмауы секілді көптеген кедергілердің болуы. Міне елімізге оралған қандастардың саны миллионға жетсе де олардан бірде бір депутат немесе әкім жоқ. Бұл кәдімгідей дискриминация, бір миллион халықпен әділ қатынас жасамау. Осы мәселелер тікелей қазақ көшіне әсер етті. Отанға оралған ағайынға шарт-жағдай жасалып жатса, кейінгі көшке қуат берген болар еді. Міне бұл Қытайға қатысты емес, өзіміздің ішкі былығымыз. Бір сөзбен айтқанда осы сынды өзіміздің қолдағы дүниені жасағанымызда да қалыптасқан жағдайға оңды әсерін берер еді.
Жәди Шәкен:
Қытайдағы қазақтардың мәселесіне ҚР ешқашан тікелей әсер ете алмайды. Тек мына бірнеше жолмен ғана кірісуге болады: Біріншіден, ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы Қытай СІМ-іне арнайы хат жолдап, хатта көрсетілген ҚР азаматтарының туыстарының сол елде қалып қойғанын немесе құқықтарының бұзылып отырғанын нақты дәлелдермен көрсетіп, құқық қорғау органдарының назар аударуын сұрау. Екіншіден, ол жақта зардап шегушінің осындағы туысы арқылы Астана, Алматыдағы Қытай елшіліктеріне шағымдануға болады. Бірақ, бұл сұрауларға ҚХР СІМ-і мен құқық қорғау орындары қандай жауап қайтару солардың құзырында. Үшіншіден, біз ауызша айтқаннан көрі, ақпарат құралдарында шулатқаннан көрі ҚР-ның құзіретті орындарына нақты дәйекті дәлелдер арқылы ағайындарымыздың арыз тілегін жеткізуіміз керек. Сосын бұл арыздар топталған күйде ҚХР СІМ-інің қолына жеткізіледі. Қытайға жазылған арыздар келісім бойынша орыс, қытай тілдерінде жазылады. Олардан нәтиже болмай жатса, осы шағымдардың тағы бір нұсқасын ағылшын тілінде БҰҰ-ға немесе халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарына беруге болады.
Серік Мұратхан:
Меніңше, ҚР азаматы болған кез келген тұлғаның Қытайдың бұл саясатына қарсы әрқандай бір қимылы, наразылығы ол жақтағы ағайынның жағдайын ауырлатпаса жеңілдетпейді. Қытай билігі әлемдік қауымдастық алдында да, қоғамдық наразылық пікір алдында да ақталып жатпайтын бір партияға табынған диктаторлық билік. Шетелде қазақтардың наразылығы мен радикал қимылдарға барған сайын, ол қытай саясатының одан ары қарай тереңдей түсуіне негіз болады. Өйткені Қытай билігі өз еліндегі қазақтарына деген сенімді елден көшіп кеткен қазақтардың саяси қимылдарымен бағалап отыр. Сондықтан елде аттандап жүрген, тіпті кейде асыра сілтеп ақпарат таратып жүрген «айғайшылдар» Қытай қазақтарына көмек емес, кесір болып жатыр. Бұны айшық айту керек.
Не істеу керек деген сұраққа, екі ел арасындағы дипломатиялық жолды пайдалану көптеп айтылып жатыр. Меніңше, оған қосымша мына бірнеше жолды пайдалануға болады. Ең әуелі сол жақтағы ағайынның істейтіні, жағдайды бағамдай отырып, жаппай қазақ еліне көшуге әрекет етуі тиіс. Бұл ең негізгі шығар жол десек те болатындай. Тіпті ондағы зиялы қауым елді осыған үгіттеуі керек. Әрине бұл радикал түрінде айғай-сүрен салу деген сөз емес. Екіншіден, құқықтық сауаттарын жоғарлатып, жазықсыз қамалған туыстарын үшін әділ үкім талап етуі, керек болса ханзу ұлтынан ақтаушылардың заңдық көмегіне жүгіну керек. Ал, бұл жақтағы ағайын өзінің туысын көшіріп әкелуге әрекет етсе, олардың көшіп келіп орналасуына көмектессе, осының өзі ұлтына жасаған қайырымдылығы болар еді. Ал, үкімет жағынан құжаттық жеңілдіктер жасауы тиіс.
Бүгінгі билік қазаққа қаншалықты күйініп отыр? Таяу арада өз халқына күйінетін, ұлттық намысы жоғары демократиялық күш ҚР билігінде болмайтын көрінеді. СІМ-де қазақтың жоғын жоқтауды былай қойып, қазақ тілін білетіндердің өзі шамалы. Сондықтан биліктен үміт күтіп отырғаннан, қазақты қазақтың, бауырды бауыр, ағайынды ағайынның өзі құтқаруы керек.
Қазақстанды қоса алғанда әлемнің 55 елінде жасайтын шамамен 17 млн 500 мыңнан аса қазақ бар. Бұл сан көппіз деп мақтануға келмейді. Міне осы қазақтың әлемде бірден бір өзінің қазақ атымен аталған бір ғана мемлекет, Қазақстан дейтін түп қазығы бар. Ал, бүгінгі Қытай қазақтарының жағдайынан алып қарағанда, енді он-жиырма жылдан кейін құжат жүзінде осы сан бірден екі миллионға кеміп кеткелі тұр. Өткен ғасырда аштық пен соғыс жалмаған 3 млн қазақ біздің күні бүгінге дейінгі шер-күйігіміз болып келе жатқан жоқ па еді. Бүгінгі ұрпақ тағы 2 млн қазақтың жоғалуына тарихи куәгер болмақ па? Шеттегі ағайынды ата мекенге топтастыру еліміздің ұлттық тұтастығы мен қауіпсіздігінде, шекарамыздың бекемдігі мен экономикамыздың тұрақтылығы үшін де аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Қазақ билігі қазаққа қашан күйінбек? Қытайдағы қазақтардың тағдыры не болмақ?