Бүгін Алаштың ардақтысы Оспан батыр Сіләмұлының коммунистік қытай қолынан атылған күн. Елін жерін азат ету үшін жаумен алысқан батыр жанын бергенімен рухын берген жоқ. Әр жылы осы күні батырдың аруағын еске алу дәстүрге айналған. Осы ретте жазушы Жәди Шәкенұлының жазбасын ұсынуды жөн санадық.
ЖӘДИ ШӘКЕН: БҮГІН ОСПАН БАТЫРДЫҢ АТЫЛҒАН КҮНІ
Біздің туып өскен Алтай - төңкерістің төрі болды. Ертістің асау толқыны секілді қаны да көп ақты, елі де көп босты. Бала күнімізден құлағымызға сіңген - Гималай асқан қазақ көші, Оспан батыр төңкерісі. Одан қалса аңыз бен ақиқат арасындағы - Бөке батыр, Зуқа батыр, Сұлубай батыр, Бұркітбай батыр, т.б. тасын шертіп қалсаң сыңғырлап сыр айтатын, өткенді баяндайтын ежелгі мекеннің шежіресі аз емес. Сол ескілікті өмірді көзімен көрген талай қартпен сырластым. Асқар Татанай, Ниғымет Мыңжани, Ғазез Ақытұлы сынды ғұламаларды көз көрді, кеңесін тыңдау бұйырды. Сөйтіп қан кешкен Өралтайдың қарағайдай шалдары талай тарихты қопарып, бізді ескілікті сүрлеуге салды.
Оспан батыр Сіләмұлы аты затына сай ұлт батыры. Ол дініне, тіліне, жеріне кім тиіссе сонымен жау болды, соғысты. Оспан батырдың талай сарбазымен сырластым, өткен тарихқа құлақ түрдім. Қытайдың қызыл үкіметі жағынан атылған Оспанды ұлықтауға бүгінгі қытай қоғамы тиым салады. Соған қарамастан қанды қылыштың астындағы талай шалдың кеңесін естідім. Бірде-бірі Оспанға шаң жуытпайды, «Ошың, Ошың» дейді.
Біреулердің «Оспан қарақшы екен, ананы аттырыпты, мынаны аттырыпты» деген қызылдардан қалған қаңқуын естіп қаламыз. Жаңағы мен айтқан 90-ға келген Оспан сарбазы соны естігенде күні бүгінге дейін желкесіне төніп тұрған қылышты елең құрлы көрмей, селкілдей қалшылдап: «соны айтқан адамды маған көрсетші, басын кесіп алайын!» деп қаһарланады.
Бұл халық жүрегіндегі Оспанның кірсіз тұлғасы. Және де онымен қызыл қытайдың, қара қытайдың басшысы санасты. Онымен Сталин, Рузвельт, Шершель, Чойбалсан санасты. Сіз бен бізбен қай патша санасқысы келеді? Анау Оспанмен санасқан алты патша ақымақ па? Оспан ақымақ болса, олар онымен санасып, елдеусге жақындап, елші салып, тарих толқынында тоғысар ма еді!?
Демек, Оспан ірі. Іріні сөз қылу үшін ірілік керек. Басқаны мұсылмандық иманымен баса алатын таза жүрек, жауына қасқая қарайтын қаһарлы айбат керек. Қызылдардың сойылын соғып, солардың сарқытын ішкен сандалбайлар оның қолына су құюға да жарамас еді. Оспан - дала нояндарының соңғы тұяғы. Кешегі Кенесары рухының Өр Алтайда бас көтерген өлмес рухы. Әттең, өрісі отқа оранды, арманы көп болғанымен дәрмені тұсалды. Кеудесін оққа тосты. Шаһиттікті таңдады.
Оспан туралы жазылған дүниелер хақында айтар болсақ, оның нағыз ақиқатын баяндайтын екі архив әліге дейін ақтарылған жоқ. Бірі 1940 жылдарғы оқиғалардың күнделігі сынды Кеңес Одағы орталық комитетінің архиві, Мәскеуде. Екіншісі Жаңкайшының Тайвандағы архиві. Осы екі жерге барған, зерттеген ешкім жоқ. Көбіміз ел ішінен - от басы, ошақ қасынан ұзай алмай жүрміз. Олай болса, жазылды деген тарихи деректердің тасасында, жазылмаған талай қатпарлы қазына бар.
Кеше ғана біріміз кеңестік шекпенді, біріміз қытайлық қызылдың тонын жамылып, зорлықшыл үстем ұлттардың қабағына жалтақшыл болып өссек, енді, міне, төңіректің төрт бұрышынан бір байрақтың астына жиналып, егемен елдің еркелері мен серкелеріне айналдық. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, жыртығымыз жамалды, шаңырағымыз шалқыды. Барлығымыз тәуелсіз заманның, егемен елдің бақытты қожасы болдық.
Тарихты өтпелі дәуір жасап, кейінгілер сараптайтын ескі қағидатқа жүгінсек, біз айта алмағанды. жаза алмағанды, жеткізе алмағанды жас буын тереңдетеді деген сенімдеміз. Біздікі соларға бағыт. бағдар, жол нұсқау: ойлы жасты оятатын дабыл қағу.
Осы жағынан қарағанда, Өр Алтай төңкерісі - Оспан төңкерісі әлі де зерттеуді қажет ететін тақырып. Өз басым Ошың хақында бірнеше кітапқа себепкер болдым.
- «Оспан батыр» - деректі зерттеу (Алматы:Арда. 2007ж. Ө.Нәби. Д.Кәппен бірге).
- «Оспан»: деректі зерттеулер мен естеліктер. Алматы: Тұран, 2010 жыл.
- «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері». Деректі зерттеулер. Алматы, «Нұр принт» баспасы. 2019 жыл.
Бұдан басқа Жақсылық Сәмитұлы, Сейітхан Әбілқасымұлы, Әбдіуақап Қара («Нұрғожай батырдың естелігі»), Ғазез Райысұлы, Сұраған Рахметұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Шынай Рахметұлы, Қызырбек Қайратолла, Ақеділ Тойшанұлы, т.б. қаламгерлер азды-көпті шығармалар жазды.
Оспан атында мешіт бой көтерді. Оспан батыр атында көше аттары берілді.
Оспанның ақиқаты - жүрегін халқына бергендігінде. Оспан батыр сарбаздарының соңғы тұяқтарынан бірлі-жарым шалдары ғана қалды. Соларға жолыға қалсаңыз, демі сығылып: «Ошың, Ошың!» деп батырын сағынған, соның ғазиз дидарын жұмақтан көруге асыққан бейне танытады.
Жатқан жерің жаннат, топырағың торқа болсын, қазақтың аяулы батыры - Оспан Сіләмұлы!