Ақыл мен парасаттың айғайшысы да, ұраншысы да болмайды, ол жай ғана жанмен біте қайнасып, қадімгі қалпында қан мен топырақтың торланған ағысында аласұрады. Сүзіліп шыққан шымыр сөздер ол – парасат. Пәлсапаны айтатын әулие ,өмір ағашын саялайды. Тумысындағы ақиқатты іздеген жанкештінің жаны сол өмір дарағымен бірге бүрлеп, бірге гүлдейді. Дүниенің жалғандығын жар салмаса да, «өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр» деп жабығады. Шыңғыстауды мекендеген маңғаз тіршіліктің тынысы бүгінге жетіп, бұрынмен астасарын хакім Абай сезді ме екен?

Тура тілді кісіні дейміз орыс,

Жиреніп жылмаңдықты демес бұрыс.

Жылпылдақтан айрылып сенісе алмай,

Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс. – деп жазғанда уақыттың сынынан сырғып, саналы қиялы алысты көрген болар, болмаса

Туған жерді қия алмай,

Тентекті жеңіп, тыя алмай,

Әлі отырмыз ұялмай,

Таба алмадық өңге елді. – деп ғасыр өтсе де жылап отырған «қалың елін қазағын» көрді ме екен. Заманынан озып туған ойшылдардың көшінде үзеңгі қағыстыра келе жатқан Абай даналығы әрқашан өзектілігімен құнды. Шешуін таппаған сұрақтың жауабы Абайда.

Аңдағыш оқырман оны әлдеқашан бағамдаған. Әйтпесе Ақыт ақын :

Ақындар бізден бұрын өткен талай,

Әсіресе Құнанбай баласы Абай.

Солардай өткір сөзді таппасам да,

Ойымды жеткізейін құрай, жамай – деп айтпас еді.

Ешкімнен таба алмаған жан ләззәтін жарық сәуледен іздеп ,бір жарым ғасырдың алдында ой кеміріп отырған ақын бейнесі боямасыз ақиқатымен ащы.

 

Ұрыңнан асырдың,

Сұм тілді қарыңды.

Жасырдым, жасырдым,

Енді айттым зарымды.

Бұл зар – біздің зар, жалғанды жалпағынан басқан жабылардың жолына, зерленген жібекті төсей-төсей тоқымға айналды, «тура биде туған жоқ» демейме қазақ, турасын айтқан адамның жалғыздан жалғыз қаларын

Жүрегім нені сезесің,

Сенен басқа жан жоқ па?

Дүниені, көңілім, кезесің,

Тиянақ жоқ па, қой тоқта! – деп сабырмен сезінеді.

Соқтықпалы, соқпақты жерде өскен Абай тәлімі дарыған азаматтар әлі де арамызда бар екені күмәнсіз. Қазақтың мұңын қартаймай, қайғы ойламай қақ жүрегіне қондыра, қор болды жаным деп мұңаймай ,

Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?

Босқа әуре қылмай, шыныңды айт.

Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің,

Сырласалық, бермен қайт. – деп бастары бірігер жұрт бұл күнде табылады.

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ. – деп шенді мен шекпендіден бастап, әр пенде өзіне айтар кез келді.» Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» жырлап өткен Абайы бар қазақ өз елін сүйетін отаншыл ұрпақты тудырмауы мүмкін емес. Ел мен жерге еңбек етер өр рухты Алаш оғландары жұртымызды жүдетпей, жұдырықтай жұмыла атақсыз, даңқсыз еңбек ете береді. Бергенінен берері мол Абайдың жақұт сөздері жарқырайды.

Су түбінде жатқан тас,

Көл толқыса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқыса шығады. – депті Асан бабамыз. «Әр қазақ менің жалғызым» деген бүгінгі Сабыр ағамыздың сөзін сәнге емес, мәнге ие етсек нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрбәтима Байтұрсын

"The Qazaq Times"