Қазақ тілі – қазақ жасаған әр жердің ұйытқысы. Бұл күнде тәуелсіз елі бар ұлттың тілі әлі де "жанашырлықты" қажет етіп отырғаны ең әуелі елге, елдің тізгінін ұстаған билікке сын. Қазақ елі,оның билігі 30 жылдың ішінде тілдік мәселені ел деңгейінде шешіп болуға, бұл күнде шетелдегі қазақ тілінің тағдыры үшін жұмыс алып барып жатуға тиіс еді. Амал нешік?! Шеттегі қазақ диаспораларының тілі түгіл Қазақ елінде қазақша сөйлегендер сотқа сүйрелуде. Бұл мәселелер шешімін өз кезінде тапқанда тап қазір біз "тіл жанашыры" деген тұлғаларды көрмейтін едік.
Сондай тіл жанашырларының, сөз зергерінің бірі Серік Қауымбай бұл күнде арғы беттегі Тарбағатай жерінде жатыр. Ата жұрттағы көзқарақты оқырман қауымға қадау-қадау шығармаларымен ғана таныс сол Серік Қауымбай Қытайдағы қазақ тілінің ғана емес, бұл күнде "бірі бұзып, бірі түзеп, ...мұрнын тесіп сүйрелеп" жүрген тұтас қазақ тілінің тағдырына алаң күйде. Тіліміздегі жалғау, жұрнақтардың орынсыз қысқартылып, нәтижесінде мыңдаған жеке сөздің қорларымыздың жойылып бара жатқанын айтып дабыл қаққан Серік Қауымбайдың мынау бір жазбасын сайт оқырмандарына ұсынып отырмыз:
Абай, тіл және біз
Не нәрсеге болсын ішкерілей сіңіп кірудің азабы мен рақаты бірдей. Ал, азапқа төзген адам ғана рақатқа кенелмек. Дегенмен, мұның барысы аса ұзақ. Оның кім көрінгеннің қолына түсе бермейтіні де осы мінезінен. Бұл жерде айтпақшы болып отырғанымыз, тағы да сол – қазақ тілі, қазақ тілінің қыры мен сыры, мәнері мен мағынасы.
Тіл – бұл қай ұлттікі болмасын, аса ғажайып құбылыс. Тылсым дүние. Оны дүниеге келген әр пенде екі де үш жылда оп-оңай үйреніп алады. Нәрестеге тіл шығу барысын есіңізге алыңыз. Оны бір ғалым неше ондаған жылдар зерттеп ұштығына шығара алмайды. Артына тастап кетеді, мұрап болып қалады. Барлық ұлт әдебиетшілерімен өзге өкілдері арасындағы қайшылық міне осы жерден өрбиді. Бір мағынасынан алғанда, тіл де мүлікке жатады. Мүлік болғанда рухани мүлік. Бұл жерде екі баспалдақ бар, бірі тілдің жай мүлік болғандағы кезі; енді бірі, оның рухани мүлік болған шағы. Жай мүлік болған шақтағы тұтынушылардың саны ұшан-теңіз. Бұл тұрғы да ол құбылыс та емес, түк те емес. Оны кез-келген басқа ұлттың адамы тек бір-ақ жылда игеріп алады, пайдалана бастайды. Тілдің «нан сұрап жейтін шамасы бар» дейтін тұсы осы. Сондықтан тілді бұл тұрғыда пайдаланушылардың бұдан артық күш шығаруының, оының күбірдек-сыбырдағына дейін игерем деп әуре болуының түкке керегі жоқ. Оның есесіне ол тағы бір тілді осы деңгейде игеріп алса, сол рауа. Мүлік болмай не болды?
Тіл жөніндегі жай пенделердің де түсінігі осы. Бұл олардың кемшілігі емес, тірлік қажеті. Академиялық деңгейдегі тілдің, тілдік үйірілімнің малшы үшін де, дихан үшін де түйір қажеті жоқ. Ал, әдебиетші ші? Міне, ойлансаң осы жөнінде ойлан. Сен жазушысың, ақынсың. Мал бағып, егін егіп жүрген жоқсың. Егер сөздің шынына келсек, сен бәрін білуге тиіссің әрі бола білуің керек. «Қазақ жазушысы» деен ұғым кілең малшы мен егіншіні көзде ұстамайды, оның ішінде бәрі бар. Тілдің рухани мүлік болар тұсы міне осыдан ары басталады.
«Әр жазушы өз дәуірінің айнасы» деген жалаң шапанды ұғымның қалың киінер тұсы туылғалы қашан?? Нақасына келгенде, тілдің рухани мүлік тұрғысынан жүдең тартуына тізгін беріп отырған осы ұғым екендігін екінің бірі біле бермейді. Әке дүниеден қайтады, бала қалады. Бала дүниеден қайтады, немере қалады. Немере дүниеден қайтады шөбере қалады. Сонда осының бәрі бір қалыптан шыққандай болып кете береді дейсің бе? Адам кірпіш емес қой, бір қалыптан аумай құйыла беретін. Ойлансаң осы жөнінде ойлан. Бұл тұрғыда тілдің қорғаушысы да, қормалы да халық емес, жазушы, әдебиет, баспасөз. Әдебиеті жоғалған ұлтта тіл де қалмайды. Айна деген айна, онымен өзіңді ғана көре аласың. Айна мен болашақтың түкте ілігі жоқ. Бұл тұрғыда әдебиеттің өткен тарихпен де, алдағы болашақпен де қатысы болмауы тиіс. Бұдан артық көксоққан уағыз болар ма?
Кезінде орыстың білгір жазушысы Чехов «Жазушы пайғамбар болуы керек» деген еді. Ал, біздің жазушыларымыз пайғамбарлықты қойып, осы жолда ұмтылыс жасаған есті тәлип те бола алмай отыр. Олардың миын «түсінікті болуы, ұғынықты болуы керек» деген сандырақ текті бір нәрсе шырмап алған. Сонда несі түсінікті, несі ұғымды болмақ? Оны да білмейді. Абай түсінікті жазған дейді. Түсінгендері сол, Абай «кезігуге айлаққа» десе, бұлар «кезігуге аулаққа» деп соғады. Абай «адасқанның алды жөн» десе, бұлар «адасқанның алды жон» деп соғады. Абай «өнерпаз болсаң арқалан» десе, бұлар «өнерпаз болсаң есіре түс, әспенсі» деп ұғады. Түсінгендері, түсінікті болуға бет алғандары осы ма?
Енді сөздің өз мағыналарына, Абай қолданған мағыналарына келейік. «Айлақ» деген өзен, көл, теңіз жағалауындағы шығанақ, бұғаз, қойнау деген сөз. Бұл жерде өзен жағасындағы қойнаушаны меңзеп тұр. Үйткені, сөздің басы «Ауылдың жаны терең сай, тасыған өзен гүрілдеп» деп тұр емес пе? Қызды әне сол жерге кел деп тұр. Қандай қисынды, өзі терең сай, өзі гүрілдеп жатқан өзен, өзі бүркесінді айлақ. Өзіңді де көрмейді, дыбысыңды да естімейді. Ал, «аулақ» деген «алыс, жырақ, қашық» деген мағыналары болғанымен, оның «сескену, жатырқау» мағынасы басым. Мысалы үшін мына тіркестерге қараңыз: аулақ кет, аулақ әкет, аулақ бол, аулақ жүр, бетін аулақ қыл, бойын аулаққа салды, іргесін аулаққа салды. Осылардың қайсысында сүйкімді мағына бар? сонда өзінің зарыға күткен мағұшығын осындай сүйкімсіз мағыналы сөзбен шақыра ма ғашығы? Оның үстіне елден аулақ болатын бұл қандай күй еді? Дегенмен, бұл қарайған халықтың бәрі бірдей ұға кететін сөздердің беткі күйі емес. Мұнда сөздің ішкі иірімі басым. Сонда да күллі жұртқа сен неге ұқпайсың деп көз алартуға болмайды. Жұрт деген жұрт, оның бәрі филолог емес. Бірақ, баспагерді кешіруге болмайды.
«Адасқанның алды жөнге» келсек, бұны ашып түсіндіру тіпті ұят сияқты. Бірақ, кезінде біздің бір сыншымыз осы жөнінде мақала жазып, «бұл адасқанның алды жон» деген сөз деді. Біз үндемедік, үндеуге де мүмкін емес сөз еді бұл. Ал, «арқаланға» келсек, бұл тіпті тым ескі сөз еді. Бұны жұрттың бәрі, тіпті оқымыстыларымыз да «арқа сүйеу, сену, өнеріне сеніп қыр көрсету, әспенсу» деп жай ұғады. Бұл олай емес. Сөздің түбірінде тұрған «арқа» ежелгі түркіден бері «ізде, ізден, сүйеніш, таяныш» деген мағыналарымен белгілі. Сонда бұл тармақ «өнерпаз болсаң арқа сүйе, өнеріңе сен, немесе еліре қырлан» деп тұрған жоқ, «өнерпаз болсаң ізден» деп тұр. Бұны осыдан кейінгі екі тармақта әдемі дәлелдейді. Былайша айтқанда, «өнерпаз болсаң ізден, бұл дүниедегі өзің қаланар кетігіңді тап» дейді. Бұл сөздерді түсінудегі қате сол баяғы сөздердің әуелгі тегіне немқұрайды қараудан, білімсіздіктен келіп отыр. Дегенмен, Абай қаламына ілінген сөздерге бұлайша немқұрайды қарауға әсте болмайды. Бұл жерде есте болатын ең негізгі бір нәрсе, Абай тілді ешқашан жұрттың түсінігі бойынша ойламаған да, істетпеген. Тек, тілдің таза мағынасы, тегі тұрғысынан ғана ойлаған, істеткен. Тарихқа қалар нәрсе бұл жерде жұрттың ұғымы емес, жұрттың санамалы естілерінің сөзі екенін жеріне жете білген және түсінген.
Дәлел тартайық, тек «Абай қара сөздерінен» ғана мысал келтірейік: «ағлам, бинә, басар, дарылхарап, езгу, жауанмарт, салахият, шариксіз...». Бұндайлардан 350-ден астамы кезігеді. М.Әуезовтың «Абай» романын оқиық, «заулы, рауай, сопияна, ғиззат, алгүл, бойсағаттағыш, шорамсыма, шоғылып, күлкүл, сыбағысқан, сорлышегім, шарлатан, соян, қитабан, китіріңдеп»... мұндайлардың 800-ден астамы кезігеді. Бірақ, бұл сөздер кітаптың әр-әр жерінен ұшқындап-ұшқындап кезігетіндіктен жай оқырман мұны аңғара бермейді. Сөздің сөйлем жетелеген мағынасы бойынша түсініп кете береді. мысалы: «Қазақтың атам заманнан бергі заулысы емес пе, жалғыз бүгінгі күннің адамынан болып отыр ма?» және «жастардың бір-біріне көрсетіп жатқан құрмет, ғиззат, сый-сұхбат арасындағы нәзік жарасты көңіл күйі болды» деген екі сөйлемнен «заулы»-ның «қысым, ауыртпалық» деген сияқты сөз екенін, «ғиззат»-тың «қадыр, құрмет, иззет» сияқты сөз екенін мөлшерлеп қана ұғады да кете береді. Әрі, «заулы, ғиззат» деген сөздер ойында қалмайды, жекелеп алып көрсетсең, мұндай сөздердің қазақ тілі сөздік хорында бар екеніне сенгілері де келмейді. Жұрт деген, оқырман деген осы. Оларға бұдан артық талап қою да дұрыс емес. Сөздің мағынасы бойынша ойлайтындар олардың ішіндегі сөз қуғандары, әдебиетке бейімдері ғана. Ал, олар санамалы болады. Сонда да Абай айтады: «Жүректе айна жоқ болса, сөз болмайды өңгесі. Тыңдағыш қанша көп болса, сөз ұғарлық кем кісі», – деп. Кезінде осындай бір сөзді араб палсабы Пашарбағабип деген адам да айтқан. «Ұғынық бес жүз теңгеден бір теңге шығарған зекет сияқты» деп еді ол.
Көрдіңіз бе, жұрт деген жұрт. Оларға кінә артуға болмайды. Кеселдің бәрі, егер тілдің бұзылуы туралы сөйлессек, оның басты қайнары – баспасөз, әдебиет, ақпарат, сонан соң ақын, жазушы, тілші және соларды басқарып отырған қат-қабат органдар. Бұл жерде «балық басынан сасиды» деген сөзді мықтап ескеру керек. Бұлардың ішінде ақын, жазушыға тіке билігіңіз жүрмейді. Былайша айтқанда сен ақын бол, сен жазушы бол дей алмайсыз. Олар әдебиеттің тумыс күштері, бәрінің мақсаты әдебиетті, тілді көркейту. Бірақ, амал не? Оқулары жетпейді, ізденістері кемшіл, содан да шалыс басады. Тілді бүлдірейін демейді, қуаты жетпейді, бұзып алады. Сондықтан, бұлар жөнінде әкімшілік тұрғысынан күйінді болудың маңызы шамалы, оған сыншылар бар, солар жөнге салады оларды. Ал, тілші, баспасөз таяныштары, тіке айтқанда, редактор және басшылар, міне осыған үкімет тікелей жауапты. Бұларды дәл тауып қоймай тұрып, тілді көркейтем, жандандырам, түзейім дегеннің бәрі құр далбаса, енекөкірік, ойсоқты пікір. Сөздің шынын айту керек, қазір осы салада қызмет істеп отырған адамдардың ең кең қолдылықпен айтқанда 50 пайызы толымсыз кісілер.
Тіл жөнінде олай сөйле, бұлай сөйле деп қарайған халыққа айқұлақтануға болмайды. Олар түк те бүлдіріп жүрген жоқ. Тіпті, бүлдіру қолдарынан келмейді де. Қазір тілімізге төніп отырған ең үлкен апат, мына үш жақтан келіп отыр. Біріншіден, оқусыз баспагер мен надан тілші. Екінші, оқуы жетпеген ақын-жазушы мен аудармашы. Үшінші, орнынан түспеген басшы кадр. Міне осы үшеуі реттелмей немесе жетілдірілмей тұрып тіл тазалығынан, дұрыстығынан, байлығынан ауыз ашуға болмайды.
Енді нақты дәлелдерге келейік, ең алдымен біз бастауыштық сауия «лар, лер»-дің өзінен жаңылып қалдық. Мысалға «көрермен, тыңдарман» деген екі атауды алайық. Бұл туралы көп айттық, бірақ мүлде тыңдамайды. Бұл не үшін? Енді білдік, кеселдің бәрі осындағы «ман» және «мен» деген жалғаудан шығып отыр екен. Сонда «ман» дегеніміз не? Ежелгі түркіде бұл «адам, кісі» деген мағына береді. Мәселен, тым ескі замандарда яғни ХІ ғасыр мен ХVI ғасыр аралығында ұлан-қайыр далада жасап жатқан елді көрші-қолаңдары Қыпшақ, Дешті Қыпшақ (Қыпшақ даласы) деп атаса, Еуропа саяхатшылары «Куман» деп атасқан. Онысы «қуман» дегендері. Мағынасы «қу адам» деген сөз, «қу» деген бұл құстың ағын аққу, қарасын қарақу деп атайтынымыз белгілі, олар қуды төтем есебінде көргендіктен осылай атанған. Ал, М. Қашқари сөздігінде «сокман» деген сөзді түсініндіріп «қоршауды бұзатын адам немесе батыр» дейді. Кейін бұл түркілерде батырларға берілетін атақ, шен есебінде жүрген. Енді ескіден келе жатқан «атаман» сөзге келейік. Мұндағы «ата» сөзі ежелгі түркілердің өзінің құрмет тұтқан адамының атының алдына «ата» деген сөзді қосып айту ғадатынан шыққан. Мысалы: Хакім ата, Қорқыт ата, Сейіт ата, Бекет ата, т.б. Сонда бұл «құрмет тұтуға тиісті адам» деген сөз болып шығады. Ең қызығы ағылшын тілінденгі «man» деген сөздің алты мағынасының алдынғы екі мағынасы: «ер, ер адам, адамзат» болып келеді. Бұл сөздің қалайдан қалай жақындасып, қалайша бірінен-біріне ауысып тұрғанын қазірше түсіндіре қоюды тақырыбымыз көтермес. Дегенмен, ту баста парсыдан кіріп, шағатайға орныққан мына сөзге қараңыз: «данышман» тіке мағынасы «кеңесші, кеңес беретін адам», ал «ман»-ның іліктесіп тұрған алдындағы «даныш» сөзі екі мағына береді. Оның бірі – білім, енді бірі – маслихат, кеңес. Ал, парсылар «ғалым» дегенді «данышпанд» дейді. Бұл сөз шағатайда да осы тұлғасында келеді. Кейінд осындағы «ман» деген жалғауы «пан» дегенге ауысып, бұл сөз тілімізге «данышпан» болып орнықты. Бұған «құтпан» деген сөзде жөптеме. Бұл жерде ол «бан» болып тұр. Ертедегі қазақтар ауылдың ең үлкен ақсақалын ауыл басы есептеп, «ажа» деп атаған да, бүкіл ауылдың төрт түлік мал атаулысын бір адамның міндетіне жүктеп, оны «құтпан» деп атаған. Онысы «құтымыздың басы есепті адам» дегендері. «Бағыбан» да осыған ұқсас сөз. Оның тіке мағынасы «бақ адамы, бағ иесі» деген сөзі. Сонымен тілімізге көрермен, тыңдарман, оқырман, аларман, шабарман, атарман, атаман, құтбан, бағыбан, данышпан» деген сөздер келіп орнықты. Осындағы «ман, мен» бан, бен, пан, пен» деген неше түрлі дыбыс өзгешелігіне ұшырап тұрған жұрнақ тек «адам» деген мағынадағы «ман» ғана. Ондай болса бұл көпше рөл атқара алмайды. «Көрермен» дегенді тіке аударғанда «көруші, көретін адам» деген сөз. Бұл жерде «ман» тек «шы» жұрнағының рөлін атқарып тұр. Ал, сіз «құрметті көруші немесе көретін адам сәлеметсіздер ме?» демейсіз. Сонда не? Адамыңыз біреу, сәлеміңіз көпше. Осы да сөз бола ма? Дегенмен, осыны біз бұрын да әлде неше рет газетте, журналда мақала жазып дұрыстаған едік. Тіпті, қатысты басшы адамдарға да тілдескі арқылы айтқан болатынбыз. Ешбірі керек қылмайды. Ана жылы Қабдеш Жұмәділов бір шығармасында айтқан еді: «Надан сауыт киген батырға ұқсайды, оған жазушының сөзі өтпейді», – деп. Сол кісі аса дұрыс айтқан екен.
Әуел десеңіз «бұл хабар 8 сағат 30 минутта беріледі» немесе «праграммамыз таңертең 6 сағатта басталады» дейді. Осы не сөз? Бұл орыстанған қазақтың сөзі. Орыстар «қазір сағат 6-дан 10 минут өтті» дегенді «сейчас 6 часов 10 минут» дейді. Осыны біздің әріп мұжыған аудармашыларымызша тіке аударсаңыз «қазір 6 сағат 10 минут» деген сөз болады. Бұдан не ұттық? Қазақстанда бір жұма болып қайтқан біздің қазақтар шекарадан «аллаулап», «ызбандап» өтеді. Сонда біздің ғылым, білім ордасы деп тәлім алған, күндіз-түні құлағымыз бен көзімізді тоздырып емініп отырған телевизорымыз бен радиомыздың не парқы қалды? «Көрмегенге көсеу таң» деген осы да. Мұны да талай айттық. Жоқ, жоқ, ұқпайды, әрі міз бақпайды. Жекелеген тілшілерге айтсаң, әуелі өзіңді дұрыстап, дауласқысы келеді. Тіке қарсы тұра алмағанымен іштей қыжырынып тұрғаны белгілі. Осындайларды дартпалап Абай айтады: «Хайуан білмейді, білемін деп дауласпайды. Біз де білмейміз, білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда өлер-тірілерімізді білмей күре тамырымыз адырайып кетеді» (Жетінші қара сөз). Сонан соң, ғылымға қиянатпен қараған осындай адамдарды Абай «жарты адам» деп атайды. Сонда біз қашанға дейін жарты боп жүре береміз? Жә, «8 сағат 30 минут-ақ» болсын дейік. Сонда біздің осы бағдарламамыз оқыстан келер жылы осы уақытта қайта берілетін бола қалып, соны айту керек болса не дер едік? Мына аударма бойынша болғанда, оны былай айту керек болады: «Бұл бағдарламамыз 2016 жыл 4 ай 4 күн 8 сағат 30 минутта қайта беріледі».
Есте болу керек, надандықтың тек өзіне ғана тән екі ерекшелігі болады, бірі, нені болса да қате-дұрысына қарамай жаңасымақ немесе жұрттан өзгешелеу болса болды қабылдап ала қояды. Енді біреуі, «бұл неге, ол не үшін?» деген сұрақтар миында болмайды. Я, оны екшейтін ми да жоқ болуы мүмкін ғой. Сонан да, естіген нәрсесін алдыңғы ерекшелігіне сәйкес екшеусіз қолданады. Сонан соң, табиғаттары ұқсас болған соң, бірнен-бірі қағып әкетеді. Осындай мінездегілерге Абай айтады: «Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз. Ақсақал айтты, бай айтты, кім болса мейлі ол айтты, ақылменен жеңсеңіз» деп. Ере жөнелме, өз аңылыңа сал деп тұр Абай. Амал не? Оған надандықтары бой бермейді.
Бұған айқын мысал «соңына шықты» деген сөз бен «серіктестік» деген сөз. «Соңына шықты» деген тіркес қырғыз сөздіктерінен кездеседі, бізде мұндай тіркес ежелден болмаған. Ал, қазір телевизор, радио біртұтас «соңына шығып» кетті. Осылай кете берсін дейік, сонда аяғы не болады? Сонымен тілімізге алдағы жерде «аяғына шықты, ақырына шықты, бітуіне шықты, тамамына шықты, түгеуіне шықты, т.б.» сияқты ұшан-теңіз тіркестер келіп қосылмақ. Қандай абыройсыздық. Тілге осыншалық немқұрайдылықтың аяғы тілге деген орны толмас қастандыққа барып саясатынын білген кісі бар ма? Ал «серіктестікке» келейік. Бұның иелік сөзі «серік» деген сөз. Ондай болса «серік» деген сөздің өзі арғы тегінде көптік мағына алып тұр. Оны басқа емес, оның шығу тегінен-ақ біліп алуға болады ғой. Мәселен: «Ол қолына шерік (әскер) ұстаған адам» дейік. Сонда осыны не деп ұғар едік? Бір ғана адамы немесе шерігі болса, оны «әскер ұстаған» деуге бола ма? Бұл сөздің әуелгі шығу тегі мәселесі. Сондықтан оны «серіктестік» деп түрлендіру өрескел қате болады. Бәлкім біреулер айтқан болу керек, «серіктік» деген бірқанша жақтан одақтасып құрылады, сондықтан «серіктестік» деп айту керек деп. Ал онда тек екі жақтан бірігіп құрғанын не дейміз? Бұлайша болғанда, екі жақ бірлессе «серіктік», 3-4 жақ біріксе «серіктестік» деу керек болады. Ал, 5-6, тіпті одан да көп жақ біріксе не дейсіз? «Серіктерлестік» деу керек пе? Айтып отырып өзің тозып кетесің. Сөзді бұдан артық бүлдіру болмас. Осылай-ақ болсын дейік, онда «селбестік, бірлестік» дегендерді не деу керек? «Селбестестік, бірлестестік» деу керек пе? «Достық», «Ынтымақ» деген сөздерді бұрын бүлдіріп болғанбыз, енді «серіктікке» түстік. Бара-бара не болады, ойлаудан тіксінесің.
Бәрі де әп-әдемі сөздер, бірақ амал не? Надан адамның миына симайды. «Қытай-АҚШ достығы» деу керек болса, «Қытай-АҚШ достастығы» дейді. «Еліміз шетелдермен достық қатынаста болды» деу керек болса «еліміз шетелдермен достастық катынаста болды» дейді. Сонымен осыған ілесіп «ынтымақтастық өрістетіп, ынымақтастықты күшейтіп, ынтымақтастықты тереңдетіп» деген сияқты бей-берект шалдуыр тіркестер қалыптасты. Сонда «ынтымақтас, достас» деген сөздер «ынтымақ», «дос» деген сөздердің жарыспалы тұлғасы болды ма? Жоқ, әсте олай емес. «Ынтымақтас», «достас» деген сөз сөздің бұйыртқы райы. Мысалы: «сен пәленбаймен достас немесе ынтымақтас» болып келеді. Егер, біреулер араз-ашты болып жүріп әзер біріксе, «олар әзер достасты немесе ынтымақтасты» дейміз. Бұл тұрғыдан алғанда «достастық», «ынтымақтастық» деген сөздер не болды? Сөзді бұлайша тоздыруға болмайды. Әуелі осының өзі мәндік қатеге жатады. Ойлансақ осы жөнінде ойланайық, ағайын.
Міне, осылайша біз қазір сөздердің көпше және жекеше түрінен, жалғау, шылауынан айрылып қалдық. Есте болу керек, Тіл бұзылса өзінің сүйектік мағынасынан бұзылмайды. Қайта осы аса нәзік әрі түкке ескерусіз қарапайым жерлерінен бұзылады. Мәселен, тілімізде «тұқым-тұқиян» деген мағынадағы «үйелмен» деген сөз немесе «тағдыр, жазымыш» деген мағынадағы «қысымет» деген сияқты сөздер жоғалып кетсе, бұл әлгі жалғау, шылауларға қарағанда үлкен кесір тулдырмауы мүмкін. Өйткені, дәл өзі болмаса да оның орнын басатын жарыспалы тұлғалары «отбасы», «тағдыр» сияқтя сөздер тағы да сақтала береді. Ал, «лар, лер, дар, дер, тар, тер» жоғалса шы? Мәселен: «көрермен, тыңдарман» деп жүрген надан тілшілер сияқты болып қалсақ бәріміз. Онда мыңдаған сөздердің мағынасы өшеді. Көп пен жеке миша былығады. Былайша айтқанда «оқушылар сыныпқа кірді» деу үшін «оқушы сыныпқа кірді» дейміз. «Көрермендер залдан тарады» деу үшін «көрермен залдан тарады» дейміз. «Олар осында келді» деудің орнына «ол осында келді» дейміз. Осыдан не ұғым шығады? Теле немесе радио хабарларын тыңдап отырыңыз, «260 жұмысшылар», «20-дан астам қал»ларда" деген сияқты сөздерді естиміз. Дұрыс: «260 жұмысшы, 20-дан астам қала». Өзі көптікті білдіріп тұрған сан есімнің соңына «лар, лер» -ді қалай қосасыз? Бастауыш мектеп оқушылары да біледі мұны, біздің тілшілеріміз білмейді. Айтып отырып өзің тозып кетесің. Бірақ, амал не? Біреулердің сахнадан орын алғанын айту керек болса «Еркін қатарлылар сахнадан орын алды» дейді. Сонда бір адам қалай қатарлы болады? Оны түсінетін пенде жоқ. Мұның дұрысы: «Еркін, Берік қатарлылар сахнадан орын алды» болады.
Белгілі бір телеарнада бағдарлама жүріп жатыр, «болар баланың бетін қақпа, белін бу» дейді жүргізуші. Міне көрдіңіз бе, «лар, лер, дар, дер, тар, тер» ғана емес «нан, нен, дан, ден, тан, тен» де жоғалған. Бұл «бетін қақпа» емес, «бетінен қақпа» дешен сөз. Тіке айтқанда «бет алған бағытынан қайтарма» деп тұр. Мысалы: «жолаушыны жолын қалдырма» демейсіз, «жолынан қалдырма» дейсіз. Жоғар жоғалап келе жатып жоғасынан жаңылып қалса, «жорғасын жаңылды» демейсіз, «жорғасынан жаңылды» дейсіз. Мынау да сол сияқты сөздер, төтенше қарапайым. Дұрыстап отырудан өзің ұяласың. Бірақ, амалың қанша? Жүргізуші немесе тілші білмейді. Оларды бақылап отырған қат-қабат басшысы білмейді. Сонан да шарасыз сөйлейсің. Біздікілерше түк болмағанымен, шетел қазақтары үшін бұлайша айту тіпті дұрыстаудың өзі ұят қана емес намыс, масқаралық. Бірақ, ұрпағы кінәлі болған екен деп әкесін соттауға болмайды.
Енді осыған ұқсас телевизия мен радиодан тыңдап және көрген кездегі қате жүрген сөздердің бір бөлегін (әрине бәрін емес) дұрыстап көрейік. (Ескертетін бір нәрсе, бұл сөздерді ретті тұрғызып, топқа бөлмей-ақ, өзіміздің ара-тұра тыңдаған және көрген кездегі алған естеліктеріміз бойынша береміз).
1, «Көктем кірді», дұрысы – «көктем келді». Төрт маусымда «кірді» деп тек қысқа ғана қаратылады. Қыс кірді, көптем келді, жаз шықты, күз болды сияқты. Мәселен: Қыс кірді, қыс түсті, қыс болды» дей алғанымызбен «жаз кірді, жаз түсті» дей алмаймыз.
2, «Күніге, көбісі», дұрысы – күніне, көбі. Бұл Қазақстан жағында бұзылған сөздер. Бізге негізінен сайқыман (сатирик. Ред.) Бауыржанның аузымен келіп отыр. Егер бұл сөз дұрыс болса, онда «айына» дегенді «айыға», «жылына» дегенді «жылыға» деу керек болады да, «аз» дегенді «азысы» деу керек болады. Бұл қандай қате?
3, «Қолдау көрестті», дұрысы – қолдады. Бұл сөз қазір баспасөзден ауызекі тілге дейін орнықты. Енді, жақын арада «жардамдасты» жоғалып «жардам көрсетті»; «көмектесті» жоғалып «көмек көрсетті»; «демеді» жоғалып «демеу көрсетті»; «қуаттады» жоғалып «қуат көрсетті»; «сүйеді» жоғалып «сүйеу көрсетті» сияқты сөздер жасалмақ. Қандай алжасу? Есте болу керек, тілке деген мұндай азғындық, ұлтқа деген опасыздыққа жатады. Мейлі ол қай ұлт болса да.
4, «Қалың жаңбыр жауды», дұрысы – нөсер болды. Мұндағы «нө» ескі түркіден бері «көп, мол» деген ұғымдағы сөз. Мысалы: «қара нөпір» деген сөзі есіңізге алыңыз. Ал, «сер» ескі кезде «жаңбыр» дегенді білдірген. Бұлайша «қалың қар жауды» деуге болады, жаңбырға қолдануға болмайды.
5, «Қара уызын іше алды ма?», дұрысы – қара уызын еме алды ма? Көрдіңіз бе, ішу мен ему де біріге бастаған. Осыған жалғас «қой қоздады, бие құлындады, түйе боталады, сиыр бұзаулады, ешкі лақтады» деген сөздердің бәрі жоғалып, тек «туды» деген сөз ғана қалатын түрі бар. Бұдан соң ит күшіктеп, мысық балаламайды, бәрі де туады. Сонан соң бәрінікі «баласы» болмақ.
6, «Жер баса алмай масаттанды», дұрысы – аяғын қайда басарын білмеді.
7, «Телефон шалып», дұрысы – тілдескі соғып немесе тілдескі жалғап. Осы сөзде екі қате бар, бірі – телефон. Қазір мұны біреулер «қолфон» деп алды. Иә, жанға алып жүретінін айтып жүр дейік. Сонда тұрақты телефон сол бұрынғы қалпында қала ма? Бұл атау бұрынғы қалпында «телефон» деліне берсе де үлкен ақау, орны толмас қате де бола қоймас еді. Бірақ, жалғау, шылау сынды тілдің ең жанды жерін міз бақпай бүлдіріп отырған кісілер, міне, осыған келгенде жан аямай қарсыласады. Қандай паргөйсіздік?! Жанын алып қалу үшін жүрегін жұлып алайық десе, бүйрегі бүлік етпейді. Бір қолын кесейік десе, тік шапшиды. Бұдан асқан надандық болар ма?! «Телефон», бұл ескі грек сөзі. Тіке мағынасы «теле» – «алыс, ұзақ» деген сөз де, «фон» – «дыбыс» деген сөз. Тіке аударғанда «алыс дыбыс» дегенді білдірмек. Бұл аударма бойынша біздің тілімізде атау болмайды. Ал, «қолфон» дедік бұл не жырғаған атау?! Сондықтан ең жақсысы тағы да сол «тілдескі» деген сөз. Онан соң «шалып»-қа келсек, бұл дұрыс қойылым емес. Біреулер осы «соғып» деген сөзді жатырқап барып істетіп жүрген секілді. Ондай болса, «соғып» деген қайдан келіп отыр? «Соқ» ежелгі түркіден бері «кезігу, қызғаншақ» деген екі мағынамен белгілі. Тіліміздегі «соға жүру» деген тіркесті есіңізге түсіріңіз. Сонда «телефон соғу» деген «тілдескі арқылы кездесу» деген сөз болады.
8, «Жезөкше». Қазір бұл сөзді әйелге де, ерге де талғаусыз қолданатын болып алды. Дұрысы – «жезөкше» ерлерге қолданылады да, әйелдерге «жәлеп» сөзі істетіледі. Ондай әйелдерге ең дұрысы «сойқы» деген сөз. Ал, ондай ұятсыз орынды «жәлепхана» демейді, «долыхана» дейді.
9, Бір хабарда біреудің затының өтімді болғанын айтып жатып: «Көктоғайда күсет сатылды» дейді. «Он томдықта» «күсетті» өңірлік тіл деп алады да, «жақсы, тәуір» деген мағына берген. Бұл дұрыс емес, «күсет» ежелден бері бар сөз, мағынасы: «ойлағанындай болды» деген сөз. Сондықтан, олар «армандау» дегенді «күшәмақ» дейді. Ал, ана хабардағыдай айтылса оның мағынасын білмейтін адам «күсет» деген бір нәрсе сатылған екен деп ұғуы мүмкін. Бұл қандай жаңсақтық?! Ал, «күсеттің» кері мәні – «кесет». Арғы тегі парсының «сүреңсіз, күйзелу, тұралау» деген мағына беретін «кәсат» сөзі. Тіл дағдымызда негізінен сауда іс-қимылдарына қаратылады. Сондықтан «саудасы тұралады» дегенді «саудасы кесет болды» дейміз де, «саудасы өркендеді» дегенді «саудасы күсет болды» дейміз. Әр сөздің, әр жарыспалы тұлғаның өз-өз орны бар екенін ескеру қашан да керек болады.