Абайдың дүниеге келген күнін әрбір жыл сайын ерекше еске алып, кемеңгер ұлы ақынның қасиетті аруағына тағзым етіп, құрмет көрсету – редакцияның қадірлі дәстүрі. Алайда Абайдың қай айда, қай күні туғаны, қай жерде дүниеге келгені туралы нақты тарихтық дерек анықталып, осы күнге шейін бірқалыпқа түскен жоқ, тұрақты қорытынды пікір жазылған жоқ. Десе де 10 және 23 тамыз күндері абайтанушылардың ортақ шешімімен нақтыла қойғанға дейін екі күнде қатар еске алу алаш жұртына қиындық етпесі анық.
Өзін қазақтың перзенті санайтын пенденің Абайды мақтан тұтуы заңды құбылыс. «Қазақтың бас ақыны – Абай. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», деп жиырмасыншы ғасыр табалдырығын аттай бере қадап айтқан алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың ғибратты пікірі баршамыздың жүрегімізде жаттаулы.
Қадірлі Абай дәуір мен дәуірдің, заман мен заманның, тіпті тұтастай адамзат ой-танымының жаңғырып жаңарған кезеңде өмір сүрді де, сойы басқа, бөгенайы бөлек жаңа уақыт кезеңінде еліне жол сілтеген шырақшы болды. Тіпті, туған халқы ғана емес, адамзатқа ортақ жауап іздеген ол, арғы-бергі дәуірдің ұлы тұлғаларымен ой арқылы тілдесті. Ұлт пен жекені адамзаттық ізгі құблаға бастау үшін де Абайдай ұлы тұлғасы жоқ ұлттың басар жолы тарғалаң. Сондықтан да, қоғамды құраған әрбір клеткадан тартып ой жүгірткен Абайдың қадір-қымбаты, сыр мен сымбаты жыл өткен сайын арта түседі. Алаш пен адамзаттың Абайы ескі әлемнің жаңа кейіпкері көбейген сайын сай-саласы кеңейіп, ажарланып, жанданып, жасара берері сөзсіз. Себебі Абайда әр ұрпақтың несібесі, алар жауабы бар.
Биыл Қазақстанда ұлы ағартушының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 10 тамыз ресми мереке ретінде Абай күні деп бекітілді. Сондай-ақ мәдени-танымдық бағытта «Abai TV» телеарнасы ашылды. Ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан арна ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынады.
Қазір елімізде аудан мен қаланы айтпағанда Абай атындағы 1500-ге жуық көше, 81 саябақ, 21 мектеп, 17 ескерткіш, 14 Мәдениет үйі, тіпті бір көпір мен өзен бар. Бүкіл аудармаларын қосқанда, Абайдан қалған бар-жоғы 308 туынды ғана. Бірақ мағыналық-пошымдық жағынан қаншама зерттеуге, интитуттарға жүк болып келе жатқаны белгілі.
Абайдан қалған даналықтың бір парасын ұсынамыз:
Адал жүріп, адал тұр.
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады.
Адам баласына адам баласының бәрі – дос.
Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс.
Адамзат – бүгін адам, ертең – топырақ.Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет.
Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста.
Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектік бірлән өсер.
Ақырын жүріп, анық бас.
Асығыс түбі – өкініш.
Әрбір жаманшылықтың, жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.
Әрбір құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.
Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілікті бітіреді, күншілік күншілікті қозғайды.
Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен.
Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады.
Әрбір қайратсыз қорқақ мақтанғыш келеді.
Әрбір мақтаншақ қорқақ ақылсыз, надан келеді.
Әрбір ақылсыз надан арсыз келеді.
Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
Бақпен асқан патшадан Мимен асқан қара артық.
Балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады. Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқатқа[1] да қиянатбірлән болады. Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман.
Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма!
Білімсіздік хайуандық болады.
[Біреу] жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин надан да болса адам.
[Біреу] өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес.
[Біреу] өз үйіне келіп айтпаса, яки аулына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы ләкин өзі адам емес.
Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ – ол өзі де бір антұрғандық.
Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс.
Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!
Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек.
Ғылым таппай мақтанба.
Ғалымнан надан артпас ұққанменен.
Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ.
Досыңа достық – қарыз іс.
Дұшпаныңа әділ бол.
Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды.
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас.
Еңбек қылсаң, қара жер де береді.
Еңбексіз мал дәметпек – қайыршылық.
Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Есер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен.
Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен.
Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.
Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: ▫әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек.
Жақсылық ұзақ тұрмайды.
Жамандық әр кез тозбайды
Жаман дос – көлеңке.
Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін
Жүректе айна жоқ болса, Сөз болмайды өңгесі.
Залымдық – адам баласының дұшпаны.
Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек.
Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады.
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: надандық; еріншектік; залымдық.
Қазаққа күзетші болайын деп біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек
Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме.
Құдайдан қорық, пендеден ұял.
Құдайға терістіктен не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі.
Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас.
Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі.
Малға достың мұңы жоқ малдан басқа.
Мал, мақтан ғиззат-хұрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады.
Мақтан қума, керек қу.
Махаббат – әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән.
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсәңді жең.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешнәрсені оларсыз біліп болмайды.
Hадан ел қуанбас нәрсеге қуанады.
Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық; ойыншы-күлкішілдік; я бір қайғыға салыну; я бір нәрсеге құмарлық.
Ойсыздарға қосылма.
Өзін өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
Өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан.
Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың.
Өлім барда қорлық жоқ.
Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ.
Өмірдің алды – ыстық, арты – суық.
Өмір, дүние дегенің Ағып жақтан су екен.
Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз.
Пайда ойлама, ар ойла.
Рақымдылық, мейірбандылық, уа әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі, асықтық та жүрек ісі.
Сақалын сатқан кәріден Еңбегін сатқан бала артық.
Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма.
Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас.
Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз.
Талап қыл артық білуге.
Талап, ұғым махаббаттан шығады.
Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ.
Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады.
Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?
Уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар зинһар жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуел құданың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың бәрінің дұшпаны.
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.
Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты.
Ынсап, ұят бұл ғадаләттән шығады.
P.S.: Абай және абайтану туралы толған мәселелер жөнінде сайттан толығырақ танысуға болады.