1921 жылы 5 ақпанда өткен өңірлік призидум жиынында Ораз Жандосовтың бастамасымен Верный атауын "Алматы" (ол кезде орысшыл көзқараспен "Алма-Ата" – авт.) деп өзгертуге шешім қабылданғаны жайлы кәрі тауарихтың таспасында жазулы. Сол кезден бергі 100 жылдық Алматының мың құбылып, құлпырған дидары мен жүріп өткен ізіне шолу жасағанды жөн көрдік. 

Жетісудың РРӘК-нің бастығы, Совет армиясының аймақтағы өкілі жазушы-әскери қолбасшы Дмитрий Фурмановтың контрреволюцияшылдарға қарсы құрған штабы. 11-18 маусым 1920 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Алатау баурайындағы тұмса табиғатқа еркін жайлай орналасқан Алматы шаһарының басынан кешірген аласапыран шері мен жайма-шуақ шарықтаған кезі аз емес. Алып шаһарға осыдан ғасыр бұрын 24 жастағы жас жігіт басшылыққа келгенін біреу білсе, кейбіреуі білмеуі мүмкін. Ол — Қонаевтың жездесі, Жандосовтың жолдасы іскер Айтжан Түркебаев еді. 1924-1927 жылдары Алматы қалалық комитетінің жауапты хатшысы, бүгінгі тілмен айтқанда, әкім қызметін атқарған Түркебаевтың тұсында атақты Түрксіб ірі теміржол жобасы қолға алынып, ел астанасын Қызылордадан көшіруге шешім қабылданған.

Бұрынғы Ленин-Арық, бүгінгі Достық-Абай даңғылының қиылысы. 1920 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Толассыз жауған жауыннан Кіші Алматы өзені арнасынан тасып, қаланы кесіп өткен селдің ізі. 8 шілде 1921 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Бұрынғы Лепсі-Торговое, 2017 жылғы Фурманов-Жібек Жолы көшелерінің қиылысы. 1922 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Қала көрінісі. 1928 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Бұрынғы Торговой-Пушкин, бүгінгі Жібек жолы-Пушкин көшелерінің қиылысы. 1929 жылдың ақпан кезі. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Ерте көктемде болған жойқын селден кейінгі елді мекен көрінісі. 1929 жылдың наурызы. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

"Алматы 1" теміржол вокзалы. 1930 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Тікұшақтан түсірілген қала көрінісі. 1931 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Мешіт мұнарасынан түсірілген алма базарының көрінісі. 30 жылдары. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Бұрынғы Калинин, бүгінгі Қабанбай батыр көшесі. 1932 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бұрынғы көрінісі. 1933 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Бұрынғы Фурманов даңғылының бойында орналасқан тұрғын үйлер. 8 мамыр 1940 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Ал 33 жасында Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы орнына келген, 1939-1941 ж.ж. аралығында басшылық еткен Қасен Байұзақов тұсында қалада жаңа құрылыс нысандары бой көтере бастады. Қалада аз уақыт ішінде гүлзарлар мен бақтар, тұрғын үй пәтерлері тұрғызылып, бірнеше тас жол салынған көрінеді. 1941 жылы Байұзақов Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің VI сессиясында кең көлемді баяндама жасай отырып, Алматыда тал-терек отырғызп, абаттандыруға одақ қазынасынан 400 мың рубль бөлгізген.

1 мамырда ашылған "Алматы 2" теміржол вокзалының құрылысы аяқталған кез. 1940 жылдың ерте көктемі. Фото: ашық дереккөз

40-жылдардың соңында Республика астанасындағы басты көшелер мен орталық алаңға 20 сағат орнатылды. Суретте соның бірін Гоголь көшесіне шебер В.П.Саеронов іліп жатыр. 17 сәуір 1948 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Кезекті әкім де ордабұзар шақта тағайындалған болатын. 34 жастағы Мұхамеджан Әбдіхалықов соғыс басталған күні Халық ағарту комиссарының орынбасары қызметінен дереу аткомның төрағасы, біздіңше әкім ісіне ауыстырылды. Уақыт тығыз, мүмкіндік қат, міндет көп соғыс шағында совет армиясына вагон-вагон азық-түлік, киім-кешек жөнелтумен көзге түсті. Оны ел ықыласына бөлеген игі шаруаның бірі — соғыс уағындағы қысылтаяң жағдайда тек қала орталығында ғана жүретін трамвай жолын екі айдың ішінде Алматы-1 вокзалына дейін жеткізіп бергені.

Қазіргі Қабанбай батыр көшесінің бойындағы Опера және балет театрының тұсынан өтіп бара жатқан троллейбус. 1949 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Арадағы ауыс-түйістерден кейін, 1947 жылы атком төрағасы-әкім қызметіне 39 жастағы іскер Хафис Айбасов келген. Оның тұсында айтарлықтай инфроқұрылымдық сала дами қоймағанымен, Айбасов соғыстан есеңгіреген тұрғындардың жағдайын тұрақтандыруға, қала шаруашылығын қалыпқа келтіруге көп жұмсаған деседі.

1896 атақты көпес Ысқақ Ғабдуләлиев салдырған сауда үйі бүгінгі Жібек жолы көшесіндегі «Қызыл таң» мата дүкені. 1949 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Бүгінгі көрінісі. 2015 жыл. Фото: ашық дереккөз

Абай атындағы ҚазМАБжОТ-ты төмен бойлаған аллея. 1951 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Ал 1950 жылы, жаңа елужылдық қарсаңында көне шаһарға бұрынғыдай Кремль батасы-партия нұсқауымен емес, жергілікті сайлау арқылы 40 жасқа жаңа толған Рымбек Ильияшев басшылық орынға жайғасты. Ол өзінің екі жылдық қызметінде ең алдымен соғыстан мүгедек болып оралғандар мен күйеуі майданнан оралмағандарға арнайы әлеуметтік көмек тағайындап, баспанамен қамтып, балаларын балабақшаға орналастырды. Сондай-ақ қалада қаптаған отельдер қоғамдық дүкендерге ауыстырылып, көптеп көшет-терек отырғызылды. Жаңа 3-4 қабаттық құрылыс нысандары бой көтерді. Ильияшев қазақ өнерінің қара шаңырағы Республика сарайын салғызған.

Абай атындағы ҚазМАБжОТ алдынан өтіп бара жатқан жас пионер-оқушылар. 1953 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Медеу мұз айдынында алғашқы байқау өтіп жатқан сәт. 1955 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

1956-1960 жылдары қала әкімі ретінде Ахмет Әділұлы сайланды. Бұл кезде де аз шаруа атқарылмаған дейді архив деректері: оның тұсында қала басшылығы жаңа жол тауып, 10 мың отбасыға пәтер кілтін табыстап, 11 мектеп ашып, көпшілікке арналған "Целинный" кинотетарын құрып, емханалар салды. Мұхтар Әуезовпен бірігіп Абай ескерткішін бұрынғыдан да биіктетуге сеп болған.

Абай атындағы ҚазМАБжОТ. 1957 жыл. Фото: С.О.Фридлянд

Бұрынғы Арық, қазіргі Абай даңғылы бойындағы құрылысы жүріп жатқан Орталық стадионның негізгі қақпасы. 1957 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Қазақ ССР-інің Үкімет үйі. 1958 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Бұрынғы В.Белинский, бүгінгі І.Жансүгіров көшесінің бойында орналасқан елді мекен. 1958 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Қала бақтарының бірінде сейіл құрып жүрген тұрғындар. 1962 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Алматының алтын дәуірі атанып кеткен 1960-1973 ж.ж. атком төрағалығында Есен Дүйсенов қаланы абаттандыруда айрықша қолтаңбасын қалдырды. Қарқындаған жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы, қаржы қуаты еселеп құлпыра түсті. Қазіргі "Алматы" қонақ үйі, 25 қабатты "Қазақстан" қонақ үйі, М.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театры, Ұлттық кітапхана, Орталық цирк, "Медеу" мұз айдыны, Б.Шолақ атындағы Спорт сарайы, "Шымбұлақ" көпшілік демалыс орны, "Саяхат" автовокзалы, қала іргесінен бой көтерген жаңа ықшам аудандар Дүйсеновтің қолдауымен жүзеге асты.

Сейфуллин және Райымбек (бұрынғы Ташкентский) көшелерінің қиылысындағы жол көпір. 1963 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Бұрынғы Комсомол, бүгінгі Төле би көшесінің кешкі көрінісі. 1966 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Көк-Төбеден қарағандағы Алматының көрінісі. 1967 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Қалааралық Сайран автовокзалы. 1967 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Сол кездегі В.Ленин атындағы мәдениет сарайының құрылыс жұмыстары аяқталуға таяған сәті. 1969 жылдың қарашасы. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Авиавокзал. 1972 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Дүйсеновтің ізін ала келген Асқаровты 1975 жылы Кеңес Аухадиев алмастырды. Ресми ақпарат бойынша, ол кезде ел астанасында 823 мыңнан аса адам тұратын. Қалада 184 мектеп, 13 ЖОО, 110 кітапхана, 92 мәдени клуб, 49 аурухана болған. Аухадиев өзіне дейінгі іскер Дүйсеновтің бастамасын жалғастырып, Алматыны алып құрылыс алаңына айналдырды. Республикалық Оқушылар сарайы, қалалық әкімдіктің ғимараты, Рсепублика алаңы, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры, "Арасан" моншасы мен ҚазҰУ қалашығы - Аухадиев шаһар тізгінін ұстаған үш жылда бой көтерген ғимараттар. Сонымен қоса әл-Фараби даңғылы мен "Самал", "Орбита", "Қазақфильм" ықшамаудандары салынды. Мұнда сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың зор еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Кеңестік дәуірде Алматыда Азия-Африка жазушыларының конференциясы өтті. 1973 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Кеңес үйі. 1974 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Қазіргі Абылай хан-Қазыбек би көшелерінің қиылысында орналасқан. Фото: ашық дереккөз

Жаңа алаңның құрылысы басталған кез. 1975 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

В.Ленин атындағы Мәдениет сарайының қиясынан қарағандағы қас беті. 1975 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Елдегі 25 қабаттық тұңғыш ғимарат Қазақстан қонақ үйі салынып жатқан тұста компартия лозунгі ілулі тұр. 1976 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

70-жылдардың соңында билікке келген Әнуар Жақыповтың тұсында шаһар тұрғындарының саны 900 мыңға жетті. Ол әкім болған 1978-1980 жылдары 800 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Үш жылда 37 балабақша, 4 мектеп салынды. 70-жылдардың соңын Алматы 17 кинотеатр, 7 кәсіби театр, 64 денсаулық сақтау мекемесі, 56 мыңдай баланы қамтыған 299 балабақша, 126 мектеп, 20 мектеп-инетернат, 16 кәсіби-техникалық училище, 15 техникум, 15 институт, 22 спорттық және 10 музыкалық мектеп, 150-ден астам өндіріс орындары, 6 автобус паркі, 4 трамвай-троллейбус депосы, 1100 көше көрсеткішімен аяқтады.

Л.Брежнев атындағы жаңа алаңның панорамасы. 1983 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Жақыповтан соң, 1981 жылы  атком төрағалығы қаланы жылу-энергиямен қамтамасыз етуді өзінің бірінші міндеті етіп қойған Ақан Қойшымановтың қолына көшті. Алғаш Қапшағай ГЭС-ін іске қосып, қала мен облыс халқын электр қуатымен қамтамасыз етуге жол ашты. Жұртқа қажетті азық-түлік пен шаруашылық бұйымдарының қолжетімді болуының моделі жасалды. "Пепси кола" компаниясының Алматыдағы өкілдігі ашылды.

Л.Брежнев атындағы жаңа алаң. 1983 жыл. Фото: фотограф Павл Теняковтің сайтынан

Абай даңғылы. 1984 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

1983 жылы бас шаһар Алматының аңсары һәм бас ауруына айналған метро құрылысының бастамасына мұрындық болған Асқар Құлыбаев басшылыққа келді. Атақты "Арасан" моншасының пайдалануға берерде сапасын тексеруге келген Қонаев бастаған саяси бюроның, анығы Димекеңнің жобаның инженерлік бөлігіне жауапты Құлыбаевтың сәтті жұмысына ризашылық танытуынан кейін көп өтпей қолына тізгін тапсырылды. Жаңа басшымен бірге жыл келгендей жаңалық сезінетін алматылықтар бұл шақта телевизия кешенінің, Үлкен Алматы каналының құрылысына куә болды. Жылу жүйесін біраз әбігерге салып, жылылыту науқанын тұралатқан магистраль құбырларды ауыстыру - басты меже боп шегеленді. Ыстық судың 40 пайызы қара жерге сіңіп, көп мекемелерге жылу жетпей, қиын жағдайға тап болып еді. Құлыбаев тозығы жетіп, шіріген құбырларды ауыстыру мәселесін Қонаевқа айтып, ол Мәскеуге шығып, госпланға енгіздіріп берген. Сөйтіп 2 жыл ішінде қалада 100 шақырым құбыр жаңасына ауытырылды.

С.Киров атындағы ҚазМУ қалашығының кіреберісі. 1984 жылдың күзі. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Қаладағы көлік кептелісінің көбеюі себепті әкімшілік метро құрылысын жүргізуге рұқсатты Мәскеуден зорға алып, 1983 жылы бастап кетті. Бұл уақытта қала халқы миллионнан асып үлгерген.

Брежнев алаңындағы Бірлік күні мерекесі. 1 мамыр 1986 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Алматыдағы қазақтардың үлесін 40%-ға артуына тікелей ықпал еткен Заманбек Нұрқаділов 1985 жылы астаналық атқару комитетінің төрағасы және Тәуелсіз Қазақстан астанасы - Алматының болашақ әкімі болып келді. 1994 жылы саясаткер Нұрқаділовтің орнына келген Шалбай Құлмахановтың тұсында бұрынғы отар ономастикадағы 8 ауданды 6-ға дейн қысқарып, атауы қазақшаланды. Жекешелендіру, нарықтық қатынасқа түсу қарсаңындағы қым-қуыт шақ. Сарапшылар, тіпті, кей өндіріс-жылжымайтын мүліктер талан-тараж болған деседі.

Құрылысының негізгі бөлігі аяқталуға жақын президент сарайы. 1993 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Абай даңғылы. 1995 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Ел орталығын Алматыдан қазіргі астанаға көшіргенге дейін мемлекеттік маңызды ресми шаралар осында болушы еді. 1997 жыл. Фото: ҚРПМ қорынан

1997 жылы қазір қуғында жүрген Виктор Храпунов қала әкімі болып тағайындалды. Жеке кәсіпкерлік салаға көңіл бөле бастады. Заманбек Нұрқаділовтің айтуынша, "Храпунов пен Құлмахановтың киоскі мен базары ешбір ақылға сыймайды". Қастандықпен өлтірілген тәжірибелі саясаткер, тіпті, "Храпуновтың қаланың әр жерінде 100 метр сайын жанармай бекеттерін салуы - қылмыс" деп сынағаны бар. Храпунов кезінде бірқатар ұлт қайраткерлеріне, атап айтқанда, Ғ.Мүсіреповке, С.Мұқановқа, М.Мақатаевқа, М.Төлебаевқа және үнді қайраткері Махатма Гандиге арнап ескерткіштер орнатылды. Көптеген тозығы жеткен мектептер қайта жөндеу көріп, жаңа ықшамаудандарға жаңасы салынса, Орталық мешіт есігін айқара ашты.

Ескі мешіттің жанында құрылысы жүріп жатқан жаңа орталық мешіт. 1997 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Жаңа Орталық мешіттің қолданысқа берілген кезі. 1999 жыл. Фото: ОМ КФҚДЖА қорынан

Әуежай реконструциялық жөндеуден өтіп жатыр. 9 сәуір 2003 жыл. Фото: www.voxpopuli.kz

2003 жылы 30 желтоқсанда жалпы құны 52,2 миллион долларға түскен әуежай терминалы пайдалануға берілді. Храпунов Алматы әкімі қызметіндегі 7,5 жылында республикалық бюджетке бөлінген қаржыны - 1997 жылғы 33 миллиард теңгеден 2004 жылы 213 миллиард теңгеге дейін арттырғаны белгілі.

"Нұрлы тау" бизнес орталығы. 18 сәуір 2003 жыл. Фото: www.voxpopuli.kz

Жуырда ғана зейнет жасына толып, елшілік қызметінен босатылған, ел ықыласына бөленген Иманғали Тасмағамбетов 2004 жылы тәуелсіздіктің алтын бесігі, "Алтын адамның" Есігі болған Алматыға әкім лауазымына тағайындалды. Шерхан Мұртаза "Алматы Авгийдің атқорасына айналған. Ал, Тасмағамбетов соны тазартуға келген батыр - Геракл" деп атаған іскер әкімнің беделі мен сыйы халық пен зиялылар ортасында анық байқалады.

Абай-Жандосов көшелерінің қиылысындағы айналма көпір құрылысы жүріп жатқан сәт. 4 маусым 2008 жыл. Фото: www.voxpopuli.kz

Заманбек Нұрқаділов кейінгі әріптесі туралы "Қазір Иманғали келгелі қаланың көшелері жөнделіп аулалар тазаланып жатыр деген елдің сөзін жиі естіп жатырмын. Бір көшені асфальттап, президентке мақтанатын Храпуновтың жолдарын Иманғали қайта жасатып жатыр", - деп, оң бағасын берген болатын.

Ондаған жылға созылған Алматы метросының құрылыс жұмыстары. 20 қазан 2009 жыл. Фото: www.voxpopuli.kz

2008-2015 ж.ж. Тәуелсіздік күні туған күнімен тұспа-тұс келгендіктен, тарихи датада тағзым етуге бара алмаған Ахметжан Есімов, 2015-2019 ж.ж. қала ажарын аша түскен Бауыржан Байбек, биыл 28 маусымнан бастап Бақытжан Сағынтаев әкім ретінде қызмет атқарып келеді.

Қазір рельстері алынып тасталған трамвай желісі. 2009 жыл. Фото: wikipedia

Трамвай желісіндегі бағдарлар таблосы. 2009 жыл. Фото: ашық дереккөз

Аялдама бағдары. 2010 жыл. Фото: ашық дереккөз

Бұрынғы құм-шағалтас карерінен қалған із кейіннен тартылмалы шағын көлшікке айналды. Төле би көшесі. 2011 жыл. Фото: ашық дереккөз

"Нұрлы тау" іскерлік-тұрғын үй кешені. 2011 жыл. Фото: ашық дереккөз

Тау фонындағы Алматы Towers ғимараты. 2013 жыл. Фото: А.Переверзев

Қала тұрғындарының дәстүрлі жүгіру марафоны. 2016 жыл. Фото: ашық дереккөз

Қала орталығының көрінісі. 2017 жыл. Фото: ашық дереккөз

Қаланың ең биік ғимараты - "Есентай MALL" ОССО. 2018 жыл. Фото: Қазақ Географиясы қауымдастығы

Соңғы онжылдықта дәстүрге айналып үлгерген велошабандоздар бәйгесі. 2019 жыл. Фото: Almaty2050

Елдегі азаматтық қоғамның ең белсенді бөлігі де Алматыда шоғырланған. Қазақстанның қаржылық-іскерлік, мәдени-өнер орталығы, жастар ошағында, әдетте, өмірдің барлық саласын қамтитын әр алуан тың жоба-бастамалар жүзеге асып жатады. Соңғы жылдары саяси-құқықтық белсенділігі өсіп келе жатқан азаматтық ұйымдар да осында құрлуда.

Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысы жастары Тәуелсіздік күні тағзым ету акциясында. 2019 жылдың 16 желтоқсаны. Фото: QT

Соңғы жүз жылда «Верный – Алма-Ата – Алматы» аталған алты алаштың жүрегі Алматы қаласын әр жылдары басқарған басшылар

Қала басшысы Қызметіне кіріскен уақыты Тағайындалған кездегі жасы  

Қызметі аяқталған уақыты

 

1 Айтжан Түркебаев 1924 ж. 24 жасында 1927 ж.
2 Григорий Прищепа

 

1929 ж. ? 1930 ж.
3 Абдолла  Жармұхамедов 1930 ж. 34 жасында 1931 ж.
4 Игорь Скородумов 1932 ж. ? сол жылы
5 Т. Алиев 1933 ж. ? сол жылы
6 М. Сарумов 1933 ж. ? 1937 ж.
7 Шопан Қоныспаев 1937 ж. 31 жасында 1938 ж.
8 Хасен Байұзақов 1939 ж. 33 жасында 1941 ж.
9 Мұхамеджан Әбдіхалықов 1941 ж. 34 жасында 1942 ж.
10 Садық Шәріпов 1942 ж. ? 1943 ж.
11 Пётр Орехов 1943 ж. 36 жасында 1944 ж.
12 Константин Милованов 1944 ж. 47 жасында 1947 ж.
13 Хафис Айбасов 1947 ж. 39 жасында 1950 ж.
14 Рымбек Ильияшев 1950 ж. 40 жасында 1952 ж.
15 Исағали Шәріпов 1952 ж. 47 жасында 1954 ж.
16 Фёдор Мамонов 1954 ж. 47 жасында 1956 ж.
17 Ахмет Әділұлы 1956 ж. 44 жасында 1960 ж.
18 Есен Дүйсенов 1960 ж. 49 жасында 1973 ж.
19 Асанбай Асқаров 1973 ж. 51 жасында 1975 ж.
20 Кеңес Аухадиев 1975 ж. 37 жасында 1978 ж.
21 Әнуар Жақыпов 1978 ж. 50 жасында 1980 ж.
22 Ақан Қойшыманов 1981 ж. 46 жасында 1983 ж.
23 Асқар Құлыбаев 1983 ж. 46 жасында 1985 ж.
24 Заманбек Нұрқаділов 1985 ж. 41 жасында 1994 ж.
25 Шалбай Құлмұханов 1994 ж. 48 жасында 1997 ж.
26 Виктор Храпунов 1997 ж. 49 жасында 2004 ж.
27 Иманғали Тасмағамбетов 2004 ж. 48 жасында 2008 ж.
28 Ахметжан Есімов 2008 ж. 58 жасында 2015 ж.
29 Бауыржан Байбек 2015 ж. 41 жасында 2019 ж.
30 Бақытжан Сағынтаев 2019 ж. бері 56 жасында ...

Деректі фотобаян әзірлеуде қолғабыс танытқан Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архивіне және өзге де жекелеген фотографтарға алғыс білдіреміз.

* Фотоқұжатты жазбаша рұқсатсыз көшіріп басуға, кез келген мақсатта қолдануға тыйым салынады.  

"The Qazaq Times"