1921 жылы 5 ақпанда өткен өңірлік призидум жиынында Ораз Жандосовтың бастамасымен Верный атауын "Алматы" (ол кезде орысшыл көзқараспен "Алма-Ата" – авт.) деп өзгертуге шешім қабылданғаны жайлы кәрі тауарихтың таспасында жазулы. Сол кезден бергі 100 жылдық Алматының мың құбылып, құлпырған дидары мен жүріп өткен ізіне шолу жасағанды жөн көрдік.
Алатау баурайындағы тұмса табиғатқа еркін жайлай орналасқан Алматы шаһарының басынан кешірген аласапыран шері мен жайма-шуақ шарықтаған кезі аз емес. Алып шаһарға осыдан ғасыр бұрын 24 жастағы жас жігіт басшылыққа келгенін біреу білсе, кейбіреуі білмеуі мүмкін. Ол — Қонаевтың жездесі, Жандосовтың жолдасы іскер Айтжан Түркебаев еді. 1924-1927 жылдары Алматы қалалық комитетінің жауапты хатшысы, бүгінгі тілмен айтқанда, әкім қызметін атқарған Түркебаевтың тұсында атақты Түрксіб ірі теміржол жобасы қолға алынып, ел астанасын Қызылордадан көшіруге шешім қабылданған.
Ал 33 жасында Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы орнына келген, 1939-1941 ж.ж. аралығында басшылық еткен Қасен Байұзақов тұсында қалада жаңа құрылыс нысандары бой көтере бастады. Қалада аз уақыт ішінде гүлзарлар мен бақтар, тұрғын үй пәтерлері тұрғызылып, бірнеше тас жол салынған көрінеді. 1941 жылы Байұзақов Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің VI сессиясында кең көлемді баяндама жасай отырып, Алматыда тал-терек отырғызп, абаттандыруға одақ қазынасынан 400 мың рубль бөлгізген.
Кезекті әкім де ордабұзар шақта тағайындалған болатын. 34 жастағы Мұхамеджан Әбдіхалықов соғыс басталған күні Халық ағарту комиссарының орынбасары қызметінен дереу аткомның төрағасы, біздіңше әкім ісіне ауыстырылды. Уақыт тығыз, мүмкіндік қат, міндет көп соғыс шағында совет армиясына вагон-вагон азық-түлік, киім-кешек жөнелтумен көзге түсті. Оны ел ықыласына бөлеген игі шаруаның бірі — соғыс уағындағы қысылтаяң жағдайда тек қала орталығында ғана жүретін трамвай жолын екі айдың ішінде Алматы-1 вокзалына дейін жеткізіп бергені.
Арадағы ауыс-түйістерден кейін, 1947 жылы атком төрағасы-әкім қызметіне 39 жастағы іскер Хафис Айбасов келген. Оның тұсында айтарлықтай инфроқұрылымдық сала дами қоймағанымен, Айбасов соғыстан есеңгіреген тұрғындардың жағдайын тұрақтандыруға, қала шаруашылығын қалыпқа келтіруге көп жұмсаған деседі.
Ал 1950 жылы, жаңа елужылдық қарсаңында көне шаһарға бұрынғыдай Кремль батасы-партия нұсқауымен емес, жергілікті сайлау арқылы 40 жасқа жаңа толған Рымбек Ильияшев басшылық орынға жайғасты. Ол өзінің екі жылдық қызметінде ең алдымен соғыстан мүгедек болып оралғандар мен күйеуі майданнан оралмағандарға арнайы әлеуметтік көмек тағайындап, баспанамен қамтып, балаларын балабақшаға орналастырды. Сондай-ақ қалада қаптаған отельдер қоғамдық дүкендерге ауыстырылып, көптеп көшет-терек отырғызылды. Жаңа 3-4 қабаттық құрылыс нысандары бой көтерді. Ильияшев қазақ өнерінің қара шаңырағы Республика сарайын салғызған.
1956-1960 жылдары қала әкімі ретінде Ахмет Әділұлы сайланды. Бұл кезде де аз шаруа атқарылмаған дейді архив деректері: оның тұсында қала басшылығы жаңа жол тауып, 10 мың отбасыға пәтер кілтін табыстап, 11 мектеп ашып, көпшілікке арналған "Целинный" кинотетарын құрып, емханалар салды. Мұхтар Әуезовпен бірігіп Абай ескерткішін бұрынғыдан да биіктетуге сеп болған.
Алматының алтын дәуірі атанып кеткен 1960-1973 ж.ж. атком төрағалығында Есен Дүйсенов қаланы абаттандыруда айрықша қолтаңбасын қалдырды. Қарқындаған жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы, қаржы қуаты еселеп құлпыра түсті. Қазіргі "Алматы" қонақ үйі, 25 қабатты "Қазақстан" қонақ үйі, М.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театры, Ұлттық кітапхана, Орталық цирк, "Медеу" мұз айдыны, Б.Шолақ атындағы Спорт сарайы, "Шымбұлақ" көпшілік демалыс орны, "Саяхат" автовокзалы, қала іргесінен бой көтерген жаңа ықшам аудандар Дүйсеновтің қолдауымен жүзеге асты.
Дүйсеновтің ізін ала келген Асқаровты 1975 жылы Кеңес Аухадиев алмастырды. Ресми ақпарат бойынша, ол кезде ел астанасында 823 мыңнан аса адам тұратын. Қалада 184 мектеп, 13 ЖОО, 110 кітапхана, 92 мәдени клуб, 49 аурухана болған. Аухадиев өзіне дейінгі іскер Дүйсеновтің бастамасын жалғастырып, Алматыны алып құрылыс алаңына айналдырды. Республикалық Оқушылар сарайы, қалалық әкімдіктің ғимараты, Рсепублика алаңы, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры, "Арасан" моншасы мен ҚазҰУ қалашығы - Аухадиев шаһар тізгінін ұстаған үш жылда бой көтерген ғимараттар. Сонымен қоса әл-Фараби даңғылы мен "Самал", "Орбита", "Қазақфильм" ықшамаудандары салынды. Мұнда сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың зор еңбегін ерекше атап өткен жөн.
70-жылдардың соңында билікке келген Әнуар Жақыповтың тұсында шаһар тұрғындарының саны 900 мыңға жетті. Ол әкім болған 1978-1980 жылдары 800 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Үш жылда 37 балабақша, 4 мектеп салынды. 70-жылдардың соңын Алматы 17 кинотеатр, 7 кәсіби театр, 64 денсаулық сақтау мекемесі, 56 мыңдай баланы қамтыған 299 балабақша, 126 мектеп, 20 мектеп-инетернат, 16 кәсіби-техникалық училище, 15 техникум, 15 институт, 22 спорттық және 10 музыкалық мектеп, 150-ден астам өндіріс орындары, 6 автобус паркі, 4 трамвай-троллейбус депосы, 1100 көше көрсеткішімен аяқтады.
Жақыповтан соң, 1981 жылы атком төрағалығы қаланы жылу-энергиямен қамтамасыз етуді өзінің бірінші міндеті етіп қойған Ақан Қойшымановтың қолына көшті. Алғаш Қапшағай ГЭС-ін іске қосып, қала мен облыс халқын электр қуатымен қамтамасыз етуге жол ашты. Жұртқа қажетті азық-түлік пен шаруашылық бұйымдарының қолжетімді болуының моделі жасалды. "Пепси кола" компаниясының Алматыдағы өкілдігі ашылды.
1983 жылы бас шаһар Алматының аңсары һәм бас ауруына айналған метро құрылысының бастамасына мұрындық болған Асқар Құлыбаев басшылыққа келді. Атақты "Арасан" моншасының пайдалануға берерде сапасын тексеруге келген Қонаев бастаған саяси бюроның, анығы Димекеңнің жобаның инженерлік бөлігіне жауапты Құлыбаевтың сәтті жұмысына ризашылық танытуынан кейін көп өтпей қолына тізгін тапсырылды. Жаңа басшымен бірге жыл келгендей жаңалық сезінетін алматылықтар бұл шақта телевизия кешенінің, Үлкен Алматы каналының құрылысына куә болды. Жылу жүйесін біраз әбігерге салып, жылылыту науқанын тұралатқан магистраль құбырларды ауыстыру - басты меже боп шегеленді. Ыстық судың 40 пайызы қара жерге сіңіп, көп мекемелерге жылу жетпей, қиын жағдайға тап болып еді. Құлыбаев тозығы жетіп, шіріген құбырларды ауыстыру мәселесін Қонаевқа айтып, ол Мәскеуге шығып, госпланға енгіздіріп берген. Сөйтіп 2 жыл ішінде қалада 100 шақырым құбыр жаңасына ауытырылды.
Қаладағы көлік кептелісінің көбеюі себепті әкімшілік метро құрылысын жүргізуге рұқсатты Мәскеуден зорға алып, 1983 жылы бастап кетті. Бұл уақытта қала халқы миллионнан асып үлгерген.
Алматыдағы қазақтардың үлесін 40%-ға артуына тікелей ықпал еткен Заманбек Нұрқаділов 1985 жылы астаналық атқару комитетінің төрағасы және Тәуелсіз Қазақстан астанасы - Алматының болашақ әкімі болып келді. 1994 жылы саясаткер Нұрқаділовтің орнына келген Шалбай Құлмахановтың тұсында бұрынғы отар ономастикадағы 8 ауданды 6-ға дейн қысқарып, атауы қазақшаланды. Жекешелендіру, нарықтық қатынасқа түсу қарсаңындағы қым-қуыт шақ. Сарапшылар, тіпті, кей өндіріс-жылжымайтын мүліктер талан-тараж болған деседі.
1997 жылы қазір қуғында жүрген Виктор Храпунов қала әкімі болып тағайындалды. Жеке кәсіпкерлік салаға көңіл бөле бастады. Заманбек Нұрқаділовтің айтуынша, "Храпунов пен Құлмахановтың киоскі мен базары ешбір ақылға сыймайды". Қастандықпен өлтірілген тәжірибелі саясаткер, тіпті, "Храпуновтың қаланың әр жерінде 100 метр сайын жанармай бекеттерін салуы - қылмыс" деп сынағаны бар. Храпунов кезінде бірқатар ұлт қайраткерлеріне, атап айтқанда, Ғ.Мүсіреповке, С.Мұқановқа, М.Мақатаевқа, М.Төлебаевқа және үнді қайраткері Махатма Гандиге арнап ескерткіштер орнатылды. Көптеген тозығы жеткен мектептер қайта жөндеу көріп, жаңа ықшамаудандарға жаңасы салынса, Орталық мешіт есігін айқара ашты.
2003 жылы 30 желтоқсанда жалпы құны 52,2 миллион долларға түскен әуежай терминалы пайдалануға берілді. Храпунов Алматы әкімі қызметіндегі 7,5 жылында республикалық бюджетке бөлінген қаржыны - 1997 жылғы 33 миллиард теңгеден 2004 жылы 213 миллиард теңгеге дейін арттырғаны белгілі.
Жуырда ғана зейнет жасына толып, елшілік қызметінен босатылған, ел ықыласына бөленген Иманғали Тасмағамбетов 2004 жылы тәуелсіздіктің алтын бесігі, "Алтын адамның" Есігі болған Алматыға әкім лауазымына тағайындалды. Шерхан Мұртаза "Алматы Авгийдің атқорасына айналған. Ал, Тасмағамбетов соны тазартуға келген батыр - Геракл" деп атаған іскер әкімнің беделі мен сыйы халық пен зиялылар ортасында анық байқалады.
Заманбек Нұрқаділов кейінгі әріптесі туралы "Қазір Иманғали келгелі қаланың көшелері жөнделіп аулалар тазаланып жатыр деген елдің сөзін жиі естіп жатырмын. Бір көшені асфальттап, президентке мақтанатын Храпуновтың жолдарын Иманғали қайта жасатып жатыр", - деп, оң бағасын берген болатын.
2008-2015 ж.ж. Тәуелсіздік күні туған күнімен тұспа-тұс келгендіктен, тарихи датада тағзым етуге бара алмаған Ахметжан Есімов, 2015-2019 ж.ж. қала ажарын аша түскен Бауыржан Байбек, биыл 28 маусымнан бастап Бақытжан Сағынтаев әкім ретінде қызмет атқарып келеді.
Елдегі азаматтық қоғамның ең белсенді бөлігі де Алматыда шоғырланған. Қазақстанның қаржылық-іскерлік, мәдени-өнер орталығы, жастар ошағында, әдетте, өмірдің барлық саласын қамтитын әр алуан тың жоба-бастамалар жүзеге асып жатады. Соңғы жылдары саяси-құқықтық белсенділігі өсіп келе жатқан азаматтық ұйымдар да осында құрлуда.
Соңғы жүз жылда «Верный – Алма-Ата – Алматы» аталған алты алаштың жүрегі Алматы қаласын әр жылдары басқарған басшылар
№ | Қала басшысы | Қызметіне кіріскен уақыты | Тағайындалған кездегі жасы |
Қызметі аяқталған уақыты
|
1 | Айтжан Түркебаев | 1924 ж. | 24 жасында | 1927 ж. |
2 | Григорий Прищепа
|
1929 ж. | ? | 1930 ж. |
3 | Абдолла Жармұхамедов | 1930 ж. | 34 жасында | 1931 ж. |
4 | Игорь Скородумов | 1932 ж. | ? | сол жылы |
5 | Т. Алиев | 1933 ж. | ? | сол жылы |
6 | М. Сарумов | 1933 ж. | ? | 1937 ж. |
7 | Шопан Қоныспаев | 1937 ж. | 31 жасында | 1938 ж. |
8 | Хасен Байұзақов | 1939 ж. | 33 жасында | 1941 ж. |
9 | Мұхамеджан Әбдіхалықов | 1941 ж. | 34 жасында | 1942 ж. |
10 | Садық Шәріпов | 1942 ж. | ? | 1943 ж. |
11 | Пётр Орехов | 1943 ж. | 36 жасында | 1944 ж. |
12 | Константин Милованов | 1944 ж. | 47 жасында | 1947 ж. |
13 | Хафис Айбасов | 1947 ж. | 39 жасында | 1950 ж. |
14 | Рымбек Ильияшев | 1950 ж. | 40 жасында | 1952 ж. |
15 | Исағали Шәріпов | 1952 ж. | 47 жасында | 1954 ж. |
16 | Фёдор Мамонов | 1954 ж. | 47 жасында | 1956 ж. |
17 | Ахмет Әділұлы | 1956 ж. | 44 жасында | 1960 ж. |
18 | Есен Дүйсенов | 1960 ж. | 49 жасында | 1973 ж. |
19 | Асанбай Асқаров | 1973 ж. | 51 жасында | 1975 ж. |
20 | Кеңес Аухадиев | 1975 ж. | 37 жасында | 1978 ж. |
21 | Әнуар Жақыпов | 1978 ж. | 50 жасында | 1980 ж. |
22 | Ақан Қойшыманов | 1981 ж. | 46 жасында | 1983 ж. |
23 | Асқар Құлыбаев | 1983 ж. | 46 жасында | 1985 ж. |
24 | Заманбек Нұрқаділов | 1985 ж. | 41 жасында | 1994 ж. |
25 | Шалбай Құлмұханов | 1994 ж. | 48 жасында | 1997 ж. |
26 | Виктор Храпунов | 1997 ж. | 49 жасында | 2004 ж. |
27 | Иманғали Тасмағамбетов | 2004 ж. | 48 жасында | 2008 ж. |
28 | Ахметжан Есімов | 2008 ж. | 58 жасында | 2015 ж. |
29 | Бауыржан Байбек | 2015 ж. | 41 жасында | 2019 ж. |
30 | Бақытжан Сағынтаев | 2019 ж. бері | 56 жасында | ... |
Деректі фотобаян әзірлеуде қолғабыс танытқан Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архивіне және өзге де жекелеген фотографтарға алғыс білдіреміз.
P.S.: The Qazaq Times редакциясы www.voxpopuli.kz сайтынан алынған суреттер туралы ақпаратты толықтырды. Бұл фотолардың иесі Максим Золотухин екені белгілі болғандықтан, дереккөз мәліметі "www.voxpopuli.kz / фото иесі Максим Золотухин" мәтінімен түзетілді. Автордан техникалық қателік үшін кешірім сұраймыз. Редакция медиа этика талаптарын барынша сақтауға тырысады.
* Ақпарат 2023 жылғы 20 қарашада толықтырылды