Саяси белсенді Жанболат Мамай сот міндеттесе де "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жайлы фильмін өшірмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін, 15 маусымда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Мамайдың айтуына қарғананда, сот шешімі әділетсіз.
"Біз соттың шешімімен келіспейміз. Сот шешімі әділетсіз, заңсыз деп санаймыз. Мен өзім соттың шешімін орындамаймын. Бауыржан Байбек туралы ешқандай материалдар өшірілмейді, келтірілген деректер жоққа шығарылмайды. Белгіленген уақытында апелациялық шағымды да міндетті түрде тапсырамыз. Жоғары сотқа шағымданамыз. Одан кейін БҰҰ-ның адам құқығын қорғайтын коммитетіне де міндетті түрде жүгінеміз" деді Мамай журналистерге.
Бүгін Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 соты Бауыржан Байбектің Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың үстінен түсірген шағымы бойынша шешім шығарған. Сот Мамайды Байбек жайлы шығарған фильмді өшіруге міндеттеген еді.
33 жастағы Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты зерттеу жариялаған. Ол зерттеуде Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған.