Әлеуметтік желілерде қазақстандық белгілі өнер адамдары мен саяси қызметкерлер, шенеуніктердің тойда сайран салып жүрген бейнежазбалар жарияланып, қолданушылар арасында кеңінен тарап сынға ілікті. «Қызыл аймақтан» айлап шыға алмай отырған Алматы қаласы мен астанада карантин кезіндегі көпке ортақ тыйымға қарамастан танымал тұлғалардың ұйымдастыруымен я қатысуымен өтетін жиындар азаймай тұр, жауапты мекемелер мен билік оларға шара қолданарда тартынып қалады.
Өткен аптада Алматыдағы Svetlana modern cuisine мейрамханасында белгілі актер Досхан Жолжақсыновтың 70 жасқа толуына арналған мерейтой өтті. Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, мониторинг топтардан жиын кезінде карантин ережесі бұзылғаны жайлы материал келіп түссе, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті шаралар қолданады.
Malim.kz интернет басылымы қоғам талқысына іліккен мерейтойдағы карантин шараларының бұзылған-бұзылмағанын қалалық СЭС басшысы әрі бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшиннің өзінен білмек ниетте хабарласқан, журналист екенін естіген бойда тұтқаны бірден қоя салған, кейін телефонын мүлде көтермеген.
Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың 24 қыркүйектегі № 44 қаулысы бойынша, «қызыл аймақтағы» өңірлерде еске алу, мерейтой, мерекелік отбасылық шараларға рұқсат етілгенін, алайда оған Ashyq қосымшасында жасыл статусы бар 50 адам қатыса алады. Дегенмен видеолардан аталған кеште кемінде жүз шақты қонақ болғаны байқалады. Әлеуметтік арақашықтық пен маска режимі де сақталмаған. Бұл видеоларды алдымен мерейтой иесі Жолжақсыновтың әйелі тележүргізуші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қарагөз Сүлейменова Instagram-парақшасындагы сторизге салған болатын.
Видеоға қарағанда, тойға президент Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар, зейнетке шыққан Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласы урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджановтар қатысқан. Сондай-ақ видеолардан тойға әншілер Мақпал Жүнісова, Саят Медеуов, Алтынай Жорабаева, Қайрат Нұртас, fashion блогер Нұраш Жармұхамбетова, «Жігіттер» квартеті мен олардың продюсері Ерғали Әбдірайымов, тағы басқа әншілер мен актерлер барғаны көрінеді.
«Егер аудандық мониторинг топтарынан орын санына байланысты шектеулер бұзылғаны жайлы материалар келіп түсетін болса, онда ұйымдастырушылар мен келушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылады», – дейді Байғабылов.
Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ерден Хайруллин Orda.kz басылымына берген жауабында мониторинг топтарына тиісті тапсырма берілгенін мәлімдеді.
«Біз «Ашық-машық» арқылы жасылмен кіргенді тексереміз. «Ашық» бойынша барлық құжат пен бәрінің қалай өткені туралы құжаттарды сұраттық. Қазір жауап күтіп отырмыз. Видеоны (қанша адам қатысқанын) әзірге көрмедік. Әлеуметтік желіде жарияланған үзінділерді ғана көрдік. Онда елуден төмен, елу шақты адам. Ал бізге жалпы видеоны қарау керек. Бұл мәселе бақылауда», – деді Хайруллин orda.kz басылымына.
Бұған дейін астанадағы шенеуніктер мен Алматыдағы беделді тұлғалар өткізген бірқатар жиын-отырыстар жөнінде БАҚ өкілдері мен қоғам тарапынан туған сұрақтар бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі органдары нақты шешім шығармады. Бар себепті «мониторинг топтардың факті туралы материалды жолдамағанына» артады.
Қалада пандемия басталғалы 180 мыңға жуық адам ауырған, оның 2 мыңы айға алмай қайтыс болды. Қазақстанда ең ұзақ уақыт «қызыл аймақта» қалып отырған екі қаланың бірі де – Алматы. Десе де шенеуніктер мен жұлдыздар карантин шектеуін тоқтау көрер емес. Сарапшылар мұның құқықтық тұрғыда заң үстемдігіне салқынын тигізіп, азаматтар арасында алалаушылық пен жікті күшейтеді деп ескертеді.
Пандемия басталғалы Алматы қаласының өзінде карантин ережесін бұзды деген айыппен жеке тұлғалар мен шағын және орта кәсіпкерлерден жүздеген миллион теңге айыппұл өндірілген.