Жаңа жыл басталғалы бері қазақ қоғамы Қарағанды оқиғасын қызу талқылауда. Бірі бұны ұлтаралық қақтығыс десе, енді бірі тұрмыстық жағдай деу де. Осыған байланысты бүгін біз сарапшылар пікірін біліп көрдік. 

Фото: sputniknews.kz

Ерлан Саиров, саясаттанушы: Қазір ресми билік бұны тұрмыстық жағдай деп жатыр. Сырт көзге қарағанда бұл жаңа жыл алдындағы тұрмыстық жағдай болып көрінуі ықтимал. Бірақ осы тұрмыстық жағдайдың алғышарттары бар. Облыстық деңгейде басқа ұлт өкілдері, Қазақстанның азаматы емес көптеген тұлғалар біздің елімізде кәсіпкерлікпен айналысып, қазаққа қол жетімді емес әр түрлі мемлекеттің игіліктерін көріп отыр. Міне осы мәселеге келген кезде бұның екінші жағы шығады. Яғни облыстық деңгейде бұл тек қана Қарағандыда ғана емес, басқа облыстардың барлығында бар нәрсе...  Шынын айту керек, көптеген қазақ, оның ішінде жастарымыз осы материалдық игіліктерді көре алмай отыр. Осы тұсқа келген кезде, бұл тұрмыстық жағдайдан әлеуметтік теңсіздік жағдайына көтеріледі. Біз міне осы мәселені қарастыруымыз керек. Осы тәуелсіздік алған 28 жылдың ішінде материалдық игіліктерге қол жеткізе алмай жүрген өзіміздің қазақ жастары. Міне осы Қарағандыдағы жағдайда да әлеуметтік теңсіздік мәселесі көрініс алады. Ал бұл мәселені түбегейлі шешпейтін болсақ, онда бұның ар жағы еліміздегі көптеген мемлекеттік қиыншылықтарға алып келуі ықтимал.

Фото: Ult.kz

Дос Көшім, саясаттанушы: Бұған жауап беру үшін маған сол төбелеске қатысқан адамдардың ашық экранның алдында, журналистердің алдында айтқан сөздері керек. Қалай басталды? Неден басталды? Қазақты қорлайтын, намысына тиетін сөздер айтылды ма? Қазақтың қыздарына қатысты сөздер айтылды ма? Қысқасы біз неден басталғанын  әлі күнге дейін білмейміз. Сегіз күн өтті. Ол туралы не соған қатысқан адамдар айтқан жоқ. Не сол жерде айқайлап жүрген жігіттер соларды тауып алып оларды көпшіліктің алдына шығарған жоқ. Не құқық қорғау органдары тарапынан мынадай түсініктеме берді деген сөз жоқ. Сондықтан ешкімге қазір мынау былай, мынау былай деп жауап беруге болмайды. Мысалы, депутаттар айтып жатыр ғой: «Бұл жай әншейін тұрмыстық жағдай» - деп. Олардың олай айтуға құқы жоқ. Себебі олар оны білмейді әлі күнге дейін... Бұл «музыкадан» басталды ма, жоқ әлде «уақыт болды шығыңдар» дегеннен басталды ма? Қысқасы онсыз біз бұл мәселеге ешқандай пікір айта алмаймыз. Бірақ, неліктен осындай қақтығыстар болса, бұған ұлтаралық қақтығыс есебіндегі көрініс беріледі, халық солай түсінеді? Осыны біз зерттеуіміз керек. Мысалы: Шелектегі оқиға дейік, Малыбай дейік, Қазатком дейік, Маятас дейік, Сарыағаш дейік. Барлық жерде мен болдым. Барлық жерде біз қатыстық. «Неліктен халық осыған осындай баға береді?» - деген нәрсеге мен бірақ нәрсе айтар едім. Қазақстанда тұратын белгілі бір басқа ұлт өкілі немесе орыстанып кеткен өзіміздің қазақтар, олар әлі күнге дейін осы қазақ елі, қазақ мемлекеті екендігін мойындағысы келмейді. Олардың бір де біреуі Тәуелсіздік үшін күрескенде қасымыздан табылған жоқ. Қазақ мәселесін көтергенде бір де біреуі қасымызда болған жоқ. Сондықтан «оларға деген көңіл бөтен» деген көзқарас қалыптаса бастады. Олар қазақтың тілін 30 жылда үйренген жоқ. Қысқасы олар өзін-өзі Қазақстанның ішінде бөтен санайды және олар оны өздері түсінбейді, не түсінгісі келмейді. Олар әлі күнге дейін қазақ мемлекетінің құрылғанын және қазақ өз мемлекетін құрғанын іштей мойындаған жоқ. Осы мәселе қазақтың көңілінде қаяу болып тұр. Сондықтан кез келген Павлодар, Петропавл деген атау болсын, не болмаса «Древни Рим» деген атау болсын, менің ашу-ызамды туғызатынын олар түсінбейді. Әңгіме бұл жерде осының барлығының жиналуында. Бұлар бізбен бірге бір мемлекетте, бір шаңырақтың астында тұрады, бірдей өмір сүреді. Бірақ сөйте отыра бұлар біздің арман-мақсаттарымызды не түсінгісі келмейді, не кейде қарсы шығады. Бұған қазақ іштей қапаланады дейміз бе , жоқ әлде ызаланады дейміз бе білмеймін. Осының барлығы кез келген бір іс-әрекет басталғанда шығады. Желтоқсанда да құрдан-құр шыққан жоқ. Бұның барлығын ешкім алдын ала түсіндірген жоқ. Бұның барлығы жиналып қалады да бір жерде жарылады. Менің ойымша, біздің мемлекет осының барлығын әлі түсінбей отыр. Не болмаса түсінетін шығар. Оларда ақылды адамдар ғой талай жердің университетін бітірген. Бірақ соны мойындағысы келмей отыр. Себебі биліктің де негізгі тобы жаңағы мен айтқан адамдар. Олар қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен жоқ. Сондықтан олар ана жақта өкінішке орай. Халық оларға да сенбейді...

Кеше ішкі істер министрлігінің орынбасары ресми мәлімдеме жасады ғой. Ол айтады, «үштен кейін олар (мейрамханадан қонақтарды – ред) өздері шығарды» - деп. Еш уақытта олар өздері шығармайды. Олар ол уақытта «мыналар кетпей отыр» - деп полиция шақырады. Олар қолдарына арматура алып, пышақ алып жаңағы отырған адамдарды шығара ма? Бұл миға кірмейтін нәрсе. Сондықтан бұның ішінде де биліктің, ішкі істер министрлігінің тығып отырған мәселелері бар... Қолына арматура алып, пышақ алып оларды ешкім шығарып салмайды. Бұл жабайы дүние емес. Бұл құқықтық мемлекет. Бұл Қазақстан мемлекеті. Демократиялық мемлекет, біз мақтанатын.

Желтоқсанның 31-інен қаңтардың 1-іне қараған түні Қарағандыда армян этнос өкілдері мен қазақтар арасында кикілжің болып, 1 адам көз жұмған. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде қазақтар мен армяндар арасында болған төбелестің бейнежазбалары тарап, Қарағанды халқы «Ежелгі Рим» мейрамханасы маңына жиналаған. Бірақ полиция қызметкерлері «ежелгі» әдеттеріне басып, мейрамхана маңын қоршауға алып, жиналған қауымды оқиға болған жерге өткізбеген.

6 қаңтар күні бір топ белсенділер Қарағандының орталығына жиналып, қылмыстың істің жүру барысы жөнінде жергілікті билік өкілдерінен түсініктеме беруді талап еткен. Облыс әкімі Ерлан Қошанов халық алдына шығып: «Біреулер "бұлар ақша беріп құтылып" кетеді деп айтып жүр. Ешкім де құтылмайды! Мынадай қоғамдық бақылау тұр, ең жоғарғы органдар бақылап отыр. Бұл тергеу аяғына дейін әділ жетеді, қылмыскерлер өз жазасын алады. Мен сіздерге облыс әкімі, елбасының осы жердегі өкілі ретінде уәде беремін. Қашып жүрген қылмысқа негізгі күдікті екі-үш күннің ішінде ұсталады», - деп мәлімдеген.

Қазіргі таңда аталмыш оқиғаға байланысты 8 адам қамауға алынып, негізгі күдікті Гугурян Нарекке халықаралық іздеу жарияланған.

"The Qazaq Times"