Өткен сенбіде Америка Құрама Штаттары Түркия тарихында «Армиян геноциді» болды деп мәлімдегеннен кейін, түрік Сыртқы істер министрлігі сол күні кеште Анкарадағы АҚШ елшісі Дэвид Саттерфилдті шақыртқан. Оған қоса Түркия билігі: «АҚШ-тың бұл шешімі ешқандай заңды негізі жоқ, әрі бұл екі ел қарым-қатынасына жазылмас жара салды», – деп мәлімдеген.

 Сенбіде, Байден 1915 жылдары Осман империясының армяндарды күштеп қоныс аудару әрекетін «жүйелі жасалған геноцид» деп атады, әрі бұл «геноцидтен кемінде 1,5 млн шамасындағы армян көз жұмды» деп мәлімдеді. Ақ үйдің қосымша мәлімдемесінде: «Біз тарихиы растаймыз. Бұны біз айыптау үшін емес, болған істердің қайталанбауы үшін айтамыз», – деген сөздер айтылған.

Байден әкімшілігі бұл мәлімдемені аса мұқият жоспарлағаны білінеді. отырып жария еткені байқалады. «Армян геноцидін» Түркияны атамаса да Осман империясын атай отырып, мәжбүрлі миграция және қуғын-сүргін туралы айтады. Ақ үй мәлімдемесінде де Түркия билігіне қарата айыптаулар айтылмайды. Соның өзінде Анкара билігі Ақ үй шешімін айыптап шықты. Түркия СІМ басышысының орынбасары: «Бізге ешкім тарих пәнінен сабақ бермесін», – деген. Түркия СІМ мәлімдемесінде: «Біз АҚШ президентінің армянның әскери топтары және түрікке қарсы топтардың қысымымен 1915 жылғы  тарихи оқиғаларға қатысты жасаған мәлімдемесін толықтай теріске шығарамыз, әрі қатаң айыптаймыз», – деген.

Байденнің «армян геноциді» туралы мәлімдемесінен сәл ғана бұрын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдегі армян қауымы мен армян шіркеуіне қарата жолдау жасаған болатын. Онда ол «мұсылман түріктер мен христиан армяндардың бейбіт қатар өмір сүру тарихи мәдениетін естен шығармауға» шақырған еді.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Байденге жазған хатында «армян геноцидін» мойындау қаза болған 1,5 млн құрбанға құрмет ету ғана емес, бұндай оқиғаның қайталанбауы үшін де керек» екенін айтқан.

Түрік билігі бұл тарихи оқиға бойынша «геноцид» терминін қолдануға түбегейлі қарсы. Түрік тарабы Бірінші жаһан соғысы кезінде армияндар мен қатар түріктер де қаза тапқанын алға тартады. Сондай-ақ, тарихи сұрақ бойынша ортақ комиссия құру туралы ұсыныс та жасаған. Ұзақ уақыттан бері АҚШ президенттері де бұл мәселе бойынша «геноцид» терминін қолданудан барынша сақ болып келген. Бұл мәлімдемеден кейін АҚШ пен Түркия қарым-қатынасында белгілі өзгерістер болуы, бұл Орта Шығыс, Анадолы түбегі мен Оңтүстік Кавказ аймақтарына және сондағы елдерге белгілі деңгейде өз әсерін тигізуі мүмкін.

“The Qazaq Times”