8 қыркүйек күні "Til Maydani" Youtube арнасының авторы, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін үстінен қылмыстық іс қозғалып, елден кеткен Қуат Ахметовтың жақтастары Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, арнайы мәлімдеме жасады. Олар Ахметовтың саясаткер немесе шенеунік емес екен ескертіп, оны қудалау қисынсыз деді.
"Қуат Ахметов елден кетуге мәжбүр болды. Ол ештеңе бүлдірген жоқ, ешқандай заңды бұзған жоқ. Арыс пен Тараздағы жарылысқа да, елдегі жемқорлық пен жағымпаздыққа да, керек десеңіз, әділетсіз сайлауға да қатысы жоқ. Ол – біздер сияқты қарапайым азаматтың бірі. Оның бар кінәсі – мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап ету және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, барлық жерде екі тілдегі мәтіннің болуын талап ету. Бұл – тек Қуат Ахметовтың талабы емес, өзінің ана тілінде ақпарат алғысы келетін миллиондаған қазақтілді азаматтардың талабы" деді саясаттанушы Дос Көшім.
Тамыздың аяғында елден кетіп, Украинада тұрып жатқан Ахметовтың адвокаты Абзал Құспанның айтуынша, белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны әлі белгісіз.
"Бас прокуратура осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл нақты факт бойынша. Ал нақты Қуаттың өзінен үстінен қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны белгісіз. Факт бойынша қылымыстық іс қозғалғанын естіген бетте Қуатты елден шығарып жіберуге тура келді. Негізі Қуат елге қайтып келуді қалап отыр. Оның жалғыз шарты бар: жоғары лауазымды билік өкіледері немесе құқық қорғау органдары тарапынан Қуат Ахметовке қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағаны жайлы мәлімдеме жасалса жетіп жатыр. Елде оның келмет жасына толмаған төрт баласы, қарт анасы қалды. Олар қуаттың көмегіне зәру" дейді адвокат Абзал Құспан.
Ол "Til Maydani" Youtube арнасында жарияланған видеоларда ешқандай ұлараздықды қоздыру әрекетері жоқ екеніне сенімді. Сондықтан бұл қозғалыс өз жұмысын жалғастыру керек деп есептейді.
"Ұлтымыздың, мемлекетіміздің Тілін тірілту, шын мәнінде қажеттілікке айналдырудың жалғыз жолы – оны барлық салада қолдану; барлық жерде қазақ тілінде сөйлеу, барлық жерде қазақ тілінде жазу. Қуат Ахметовті қолдаудың жалғыз жолы – Қуаттың, «Тіл майданның» жұмысын одан әрі жалғастыру. Бұл – «Мен – қазақпын» деген әрбір адамның қасиетті міндеті!" деді Абзал Құспан.
"Til Maydani" Youtube арнасының авторы, белсенді Қуат Ахметов 31 тамыздан бері Киевте тұрып жатыр. 24 тамызда ресейлік "РИА Новости" ақпарат агенттігі Қазақстанның бас прокуратурасына сілтеп, Ахметовтің сауда орындарын аралап, қазақша қызмет көрсетуді талап ететін видеолары бойынша ұлт араздығын қоздыру бабымен іс қозғалғанын хабарлаған.
Ахметов бұған дейін де сауда орындары мен мемлекеттік мекемелерге барып, қызметкерлеріне қазақ тілінде қызмет көрсетуін сұрап видео түсірген. Кей қызметкерлер қазақша сөйлеуге міндетті емес екенін айтса, кейбірі кешірім сұраған.